Kyzylorda-news.kz. Аймақта құрылыс жұмысы қарқын алып, зәулім тұрғын үйлер, еңселі әлеуметтік нысандар тек қалада емес, аудандарда да көптеп салынып жатқанын жақсылыққа баладық. Бұрын құрылыс компаниялары саусақпен санарлық болса, бүгінде оның саны артқан. Солардың арасынан жұмысы тиянақты, құрылыс саласында тәжірибесі мол – «Дәнекер» құрылыс компаниясы. Мұның дәлелі – Тасбөгеттегі 200 орынға арналған көпсалалы балалар ауруханасы.
Компанияның іргелі істерінің бірі 6 млрд теңгеден астам қаржыға салынған осы аурухана. Аурухана ашылғаннан бері сапалы дәрігерлік көмек алу үшін сырбойылық балғындар алысқа ұзамайтын болған. Сонымен қатар киіз үйдің шаңырағындай сән түзеген ерекше орын – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» «Дәнекердің» ерен еңбегі. Бізді қызықтырған құрылыс мекемесі жайлы кеңірек білу мақсатында компания директоры Әбдімәжит Жансақаловпен жолықтық.
«Дәнекер» ЖШС басшысы Әбдімәжит Жансақаловтың айтуынша, «Дәнекер» ашық акционерлік қоғамы 1997 жылы бұрынғы «СПМК-1 Агропромтехника» негізінде құрылып, сол жылдары Байқоңыр қаласында және Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында тұрғын үйлер мен мектептерді жылыту, сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жөндеу жұмысымен шұғылданған.
«2003 жылы «Дәнекер» ашық акционерлік қоғамы «Дәнекер» құрылыс компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Сол жылдардан бері көптеген құрылыс-монтаж жұмысын атқарып келеміз. Мәселен, Жаңақорған, Сырдария және Жалағаш ауданындағы көптеген елдімекенде «Таза су» бағдарламасына сәйкес ауызсу жүйесін жаңарту, қайта қалпына келтіру және күрделі жөндеуді, Қорқыт ата атындағы әуежай ғимаратының құрылысын, орталық стадионның ғимаратын қайта жаңартуды, қалалық туберкулезге қарсы диспансер ғимаратының күрделі жөндеу жұмысын орындадық. Бір жұмыс түрімен шектеліп қалмай, құрылысқа қатысты жұмыстың бәрін атқарамыз. Абаттандыру, көркейту, су құбырларын тарту секілді жұмыстарды жүзеге асырдық», – дейді компания басшысы.
Компания басшысының айтуынша, 2004-2010 жылдар аралығында серіктестік Жосалы кентіндегі 60 орындық туберкулезге қарсы күрес диспансерін, тәулігіне 150 дана цистерна жуатын станция құрылысын, Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағанбетов ауылында 150 орындық клубты, қаладағы «Халыққа қызмет көрсету орталығын», Арысқұм кеніші базасындағы 200 орындық вахталық поселке құрылысын және жаңа КПРС базасын, ұзындығы 4 228 метрлік Жібек жолы каналын мен ұзындығы 1824 метрлік ирригацияляқ жүйе құрылысын, «Тағзым» алаңын салып, Тереңөзек кентін абаттандыруға атсалысқан. Қаладағы көптеген нысанға құрылыс монтаж жұмысын жүргізу осы мекемеге сеніп тапсырылған.
Сонымен қатар, 2011 жылы құрылыс компаниясы Тереңөзек кентінің көшелерін және аурухана аумағын абаттандырып, «Әйтек» каналында жаяу жүргіншілер көпірі құрылысын салып, аталған кент көшелеріне орташа жөндеу жүргізді. Бұған қоса, аудан орталығындағы 1200 орынды мектеп құрылысын 2008 жылы бастап, 2011 жылы аяқтап, кент халқына қуаныш сыйлады.
Сол жылы серіктестік Шиелі ауданындағы Нартай Бекежанов ауылынан 600 орындық мектеп салып, жаңа оқу жылында ұстаздар мен оқушыларға тарту етті. Осылайша жыл санап серіктестіктің жұмысы да қыза түсті. 2012 жылы Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Тереңөзек кентінде жас мамандарға арналған 3 тұрғын үй құрылысын жүргізіп, межеленген уақытта сапалы орындап шықты.
Қала орталығында, алыс ауылдарда қолтаңбасы қалған құрылыс компаниясы елдің үмітін ақтап келеді. Ең бастысы оның қызметіне ел риза. Сондықтан құрылыс компаниялары арасында беделі жоғары. 2013 жылы мекеме Жанақорған ауданына қарасты Сүттіқұдық елді мекенінде 90 орындық балабақшаны, Шиелі ауданында 250 орындық емхана құрылысын салды. межеленген кестеге сай орындап шықты.
Әр жылғы жасалған жұмыстың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын терең түсінген компания басшысы санға емес, сапаға жұмыс істеуді ұстаным етіп келеді. 2012-2013-2014 жылдары серіктестік «Ақбұлақ» бағдарламасына сай Тереңөзек кентіне, Іңкәрдарияға, Ақтөбе елді мекеніне, Тәжібаев, Алмалы ауылындағы жеке тұрғын үйлерге ауызсу құбырын тартты.
Ал 2014 жылы Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында 250 орындық мектеп, Жаңақорған кентінде 50 орындық балабақша тұрғызып, жаңақорғандықтардың ризашылығына бөленді.
Сол жылдың маусымында Тасбөгет кентінде 200 орындық көпсалалы балалар ауруханасы құрылысын сәтті аяқтап, нысан 2016 жылы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасымен қаладағы «Арай» шағын ауданында 60 пәтерлі №21, № 22 екі тұрғын үй, Жаппасбай батыр көшесінде 40 пәтерлі тұрғын үй салып, қалалықтардың игілігіне берді.
Күннің ыстық-суығына қарамай, маңдай термен еңбек еткен құрыш қолды құрылысшылардың еңбегіне таңдай қағатынымыз рас. Қаланың желі мен аптап ыстығының өтінде жүріп еңбек ететіндердің көпшілігі қызылордалықтар екен. Соншама алып құрылысты салу үшін әрине, жұмыс қолы көп болуы керек. Серіктестік басшысының айтуынша тұрғын үйдің сипаты мен санынан сапасы маңызды. Мұндайда құрылысшылардың тәжірибесі алдымен ескеріледі. Бұл орайда жиырма жылдан астам талай ауқымды құрылыс нысанының кірпішін қалаған бірінші санатты лицензиясы бар компания сенім үдесінен шығып келеді. Құрылыс материалдарының басым бөлігі өз цехында жасалғанын жеткізді. Өзге құрылыс компаниясынан артықшылығы, кірпіш, бетон, терезе де өздерінде өндіріледі.
«Өзіміздің мамандар Өзбекстаннан келетін бригадалардың алдын орап, құрылыс басынан табылғанына қуандым. Себебі өзіміздің қаржымыз өзімізде қалу керек. Сіз қазақы нақышты қызыл үйлердің көп салынғанын байқадыңыз ба? Сырдың ауа райына, жел мен дауылына қасқайып тұратын мықтысы сол – қызыл кірпіш», – дейді мекеме басшысы.
Шынында, «Дәнекер» құрылыс компаниясы» ЖШС-ның атауын ылғи да еңселі нысандардың ашылу салтанатында естиміз. Тәуелсіздік жылдарынан бері құрылыс саласының бел ортасында жүрген, әлеуеті жоғары компания елге адал қызмет етуде.
Ауыз толтырып айтуға лайық зор жауапкершілік жүктейтін қаншама шаруаның тиянақты атқарылуына белсенді атсалысып, компанияның үздіктер қатарынан көрінуіне ұйытқы болған мекеме басшысы Әбдімәжит Жансақаловтың еңбегі зор.
«Дәнекер» салған құрылыс нысанының қай-қайсысын алсақ та, мін таппайсың. Мәселен, Нәлібаев ауылында сәулеті келіскен 300 орындық жаңа мектеп 2017 жылы салынса, Түгіскен елді мекенінде 140 орындық балабақша 2018 жылы пайдалануға берілді.
Осы жылы «Дәнекер» құрылыс компаниясы қаланың Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында 38 пәтерлі тұрғын үй мен « СПМК-70» шағын ауданында 60 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді.
2018 жылы Тереңөзек кентінде 18 пәтерлі тұрғын үй және 18 пәтерлі төрт тұрғын үй бой көтеріп, кент келбетін айшықтап, тұрғындарға құтты шаңырақ болды.
Ал 2019-2020 жылдары құрылыс компаниясы қалаға қарасты Шұғыла шағын ауданы, Зейнолла Шүкіров көшесіндегі 35 пәтерлік, Айтмұрат Шаменов көшесіндегі 60 пәтерлік және Қараша көшесіндегі 40 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға берді.
Сонымен қатар 2021 – 2022 жылдары Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 40,50, 60 пәтерлік, Ақмаржан мөлтек ауданы, Жаппасбай батыр көшесіндегі 50 пәтерлік №1 тұрғын үй салуды өз міндетіне алды.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласының сол жағалауында облыстық қан орталығын, (пайдалануға тапсырылатын мерзімі 2024 жыл), 10 тұрғын үйдің, 50 пәтерлі №3,4,5 тұрғын үйінің құрылысын жүргізуде.
Сондай-ақ Жаңақорған ауданына қарасты М.Нәлібаев, Ақжол ауылдарында спорттық кешен құрылысын, Сырдария ауданы Н.Ілиясов елді мекеніндегі көшелерді қайта жаңғыртуда. Бұған қоса Ақжол ауылының кіре берісіне көпір салуда.
Сол жағалаудағы 60 пәтерлік бір үйді, 40 пәтерлік екі үйдің және Ғ.Мұратбаев көшесінің бойындағы үш қабатты бір тұрғын үйдің қабырғасын қалауда. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар келер жылға дейін Жайылма, Қожамберді ауылында су тарту құрылысын қайта жаңғыртпақ. Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қосүйеңкі елді мекенінде және Ортақшыл ауылдық округіне қарасты Қызылқайың елді мекенінде бас су қоймасының құрылысы басталмақ.
Компанияның әр жылдардағы еңбегі еленіп, марапатқа ие болып келеді. Атап айтқанда, 2006 жылдың қоры¬тындысы бойынша компания облыс әкімдігінің сертификаты мен «Сыр сәулеті» номинациясына ие болды. 2009 жылы Еуропалық кәсіпкерлер Ассамблеясының шешімімен серіктестік директоры Әбдімәжит Жансақалов «2009 жылдың үздік менеджері» медалімен, 2008 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағымен марапатталды. Ал «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС Австрия астанасы – Вена қаласында өткен ХХІ ғасыр көшбасшылары бүкілхалықтық имидждік бағдарламасы лауреаттарының дипломын иеленді. 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін, 2016 жылы «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей кәсіп иесі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де, қайырымдылық жасауды да бір сәт ұмытқан емес.
Мекемеге кіріспен келген қаражат үнемі халыққа көмек көрсетуге, әлеуметтік жағдай төмен отбасыларға, бір сөзбен айтқанда қайырымдылыққа жұмсалды.
Ең бастысы жергілікті жерде құрылысшы маман дайындауда, сапалы құрылыс салуда «Дәнекер» компаниясының үлесі зор.
