Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қала және қалаға қарасты кент, ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Жиында шаһар басшысы биылғы бюджеттік жоспарға тоқталып, атқарылатын жұмыстар легімен таныстырды. Кездесудің негізгі уақыты тұрғындардың сауалын тыңдау мен шешілу жолдары туралы талқыланды.
Белкөлде мәдениет үйі салынбақ
Әр тоқсан сайын халықпен жүздесіп, оның мұң-мұқтажына құлақ аспақ мақсатта ұйымдастырылатын кездесуде Белкөл кентінде атқарылған жұмыстар сараланды. Теміржол бойында орналасқан кент халқы үшін бұған дейін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі өзекті болған. Қашаннан қозғалып келген жайтқа облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, биыл оң шешімін тапты. Жуырда құрылыс жұмыстары аяқталып, жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне берілді.
Жалпы кентте халық талабына сай атқарылған істердің нәтижесі байқалады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында кент көшелеріне қиыршық тас төселіп, кей көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Сондай-ақ кент орталығы мен Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұған жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті қаражат бөлінген.
Кентке қарасты Бірқазан елдімекенінде атқарылатын ауқымды шаралар жетерлік. Ондағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға облыс бюджетінен 34,8 млн теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар елдімекенде мәдениет үйін салу үшін құрылыс жобасы жасалып, ұсыныс берілген. Бұл жоба қолдау тапса, көп ұзамай құрылысы басталмақ.
Кездесуде белкөлдіктер қоғамдық көлік мәселесін қозғады. Көпшілік қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жүру ара қашықтығын жиілетуді сұрады. Бұған қала әкімі «Автобус паркі» басшысына қоғамдық көліктердің жүру жиілігін ретке келтіріп, сызбаларды қайта қарауды тапсырды.
Айта кетерлік жайт, биыл Белкөл кентіндегі Сарыарқа көшесі мен Путейцев көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар Жерұйық көшесі, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров №2, Әбдіқадыров №4, Әбдіқадыров №6, Әбдіқадыров №9 көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек Белкөл кентінің орталық көшесі мен Бірлік көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төсеу жұмыстары қолға алынбақ.
Қызылөзек пен Талсуатта атқарылар іс көп
Қала әкімі Асылбек Шәменовтің тұрғындармен кезекті кездесуі Қызылөзек пен Талсуат ауылдық округінде өтті.
Аталған екі ауылда да «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл атқарылатын істер ауқымды. Мәселен қызылөзектіктер үшін маңызды болған көшелерді жөндеу үшін республикалық бюджеттен 173 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған ауылдағы 2 көшеге асфальт, 4 көшеге малта тас төселетін болады. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 4 млн 500 мың теңгеге түнгі жарық бағаналарын орнату, электр бағаналарын қайта жаңғырту көзделуде. Халықтың сұранысына сай елдімекендегі «Қожақ» автомобиль көпіріне де жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінде оның жоба-сметалық құжаттарына 5 млн 200 мың теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ ауылда биыл балалар ойын алаңы да бой көтермек. Жалпы ауылдағы Абылайхан мен Айнакөл 2 көшесіне асфальт төселеді. Ал Қорқыт ата, Арғын, Жаңарық пен Қараөзек-3 көшелерінде қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек Айнакөл-2 көшесі мен Айнакөл ауылындағы №4 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылмақ.
Талсуат елдімекенінде де алдағы уақытта қызу тірлік басталғалы тұр. Мұнда да «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен 65 млн 200 мың теңгеге 8 көше жөнделеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар 7 көшеге жергілікті бюджет есебінен жарық бағаналары орнатылады. Ал талсуаттықтар көптен күткен 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында пайдалануға беріледі. Талсуаттағы О.Сауытбаев тұйығы, Құмкөл көшесі, Сейхун көшесі, Отырар көшесі, Қазалы көшесі, Сырдария көшесі, Көкшетау мен №7 көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу биылғы жылға жоспарланған. Сонымен қатар №7 және Ақтөбе көшесіне түнгі жарық бағаналары да орнатылатын болады.
Қарауылтөбе: Медицина мәселесі уақыт күттірмейді
Қала әкімі тұрғындармен кезекті кездесуін Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғастырды. Мұнда тұрғындар қала әкіміне денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді, ауылдағы егін жайы мен клуб құрылысы туралы айтылды.
Жалпы Қарауылтөбе ауылдық округінің инфрақұрылымын дамытуға биылғы жылы 1,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы шаһар басшысы жеткізді. Сондай-ақ ол 10 млрд теңгеге биыл 1000 пәтер салынатынын, одан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында жоспарланған 8 мектеп құрылысының 5-уі биыл басталатынын жеткізді.
Шаһар басшысына ең бірінші ауыл тұрғыны медицина мен жер саласына қатысты сұрағын қойды.
«Халыққа медициналық қызметтер қолжетімсіз. Өткен жылы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанкелді Мырзагелдіұлының көмегімен әйтеуір ауруханада бес күн жатып емделдім. Бірақ бір аппарат болмай Шымкентке барып тексерілуге мәжбүр болдым. Бізде МРТ-ның өзін ақшаға түсіреді. Осы бір кемшіліктерді жоюға не кедергі? Сосын мен отбасыммен бұрыннан осы ауыл тұрғынымын. Бірақ 15 сотық жер алғымыз келіп еді, жер берілмейді дейді. Себебі қандай?», − деп сұрады ауыл тұрғыны Нағыпбек Сейдалиев.
Сондай-ақ ол егін мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, биыл ауылға инвестор келіп егін екпекші. Бірақ көрші Абай ауылының малшылары қасақана малдарын егістікке кіргізіп жібереді-мыс. Содан егіннің барлығы тапталып, жыл сайын ысырап болады екен.
«Ауыл әкіміне егістік жерлердегі олқылықтарды жоюға тапсырма беремін. Абай ауылына да ескерту жасаймыз. Сосын ауылдың учаскелік полициясы да жұмыс жүргізуі керек. Арнайы рейд ұйымдастырып, құқық бұзғандарды жауапқа тартсын. Ал медицинаға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселеңізді жеткіземіз. Жердің де неге берілмейтінін шешім шығарған комиссиямен жұмыс істеп зерттеу жүргізу керек», − деді Асылбек Өмірбекұлы.
Тұрғындар қала әкіміне сондай-ақ кейбір көшеде жол болғанымен жарық жоқтығын, қараңғы көше қауіпті екенін айтты. Сонымен қатар былтыр көтерілген, бірақ шешімін таппаған «Әлеуметтік дүкен» ашу мәселесі де айтылды. Ауыл тұрғыны Оразбек Бейісов салынатын амбулаторияны да халыққа ыңғайлы етіп, ҒЗИ-дан рұқсат алып сол жерге салу туралы ұсыныс білдірді.
«Жол, жарық мәселелеріне қаражат бөлінді. Тұрғындар айтқан көшеге де қаржы бөлінген, енді конкурсы өтеді. Жалпы ауылдағы 24 көшеге жаяу жүргінші жолы, 12 көшеге қиыршық тас төселеді. Ал «Әлеуметтік дүкен» мәселесіне келсек, «Байқоңыр» ӘКК-ны қаржыландыру тоқтап қалды. Қалада барлығы 9 дүкен ұйымдастыруға ұсыныс берілген. Енді биыл қаржыландыру қайта қолға алынады. Амбулаторияны тұрғындарға ыңғайлы жерге орналастыру туралы ұсыныстарыңыз да орынды. Ауыл әкіміне ҒЗИ-мен жұмыс істеп, жер алу бойынша тапсырма беремін», − деді шаһар басшысы.
Ауыл тұрғындары клуб құрылысы тоқтап қалғанын, тек әкім келетін кезде қайта бастағанын айтқанда қала әкімі клуб құрылысы бұл өтпелі кезеңдегі жоба, яғни бірнеше жылға жоспарланғанын айтты.
«Биылғы қаржысы келгенше құрылыс тоқтап қалғаны рас. Енді қайта жанданды және алдағы екі айда бітіру жоспарланған», − деді Асылбек Шәменов.
«Қаладағы №6 емхана жекеменшік болып кеткен бе? Дана деген дәрігер сол емхананың иесі сияқты. Тұрғындар мүгедектік тобын ала алмай жүр. Біреулердің мүгедектік тобын негізсіз төмендетіп тастайды. Салынуы тиіс, мемлекеттен берілетін екпе мен дәрі сұрасақ «Ақша жоқ», − дегеннен басқа ештеңе айтпайды», − деген базынасын жеткізді ауыл тұрғыны Рәбия Аязбаева.
«Мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов арамызда отыр. Сізге осы мәселені анықтауды, қызметкер осындай бассыздыққа жол берсе «сөгіс беруді» тапсырамын. Денсаулық сақтау саласында мәселе болмауы тиіс. Тұрғынның айтқаны уақыт күттірмейтін мәселе. Сондықтан ертерек анықтап, маған жеке келіп баяндауды тапсырамын», − деді.
Негізінен, 2023 жылы Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Желтоқсан көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар ауылдық округтегі жаңадан қоныстанушы аумақ №1, №2, №3, №4, №5, №6, №7, №8, №9, №10, №11 және №12 көшелерге қиыршық тас төселеді. Сондай-ақ ауылдағы электр желісінің қызметінің сапасы арттыру және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округте 8 КТПН (Сыртқы қондырғыға арналған толық трансформаторлық қосалқы станция) және жарық бағаналарын орнату жоспарланып отыр.
Ақжарма: Байланыс жүйесі қиындық туғызып тұр
Қала әкімі Асылбек Шәменов өзінің тұрғындармен кезекті кездесуін Ақжарма ауылдық округінде өткізді. Жақында тағайындалған ауылдық округ әкімі Саттар Әбдіреевке ең бірінші кезекте халықпен етене араласып, бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Бұл ауылдағы кездесуде де күрмеулі мәселелер көтеріліп, басшылық оның шешу жолдарын қарастырды.
Ең бірінші кезекте ауыл тұрғыны Темірхан Жақыпов өткен жылы көтерілген, бірақ шешімін таппаған мәселені айтты. «2022 жылы кездесуге келгеніңізде ауылдағы байланыс жүйесін айтқан едік. Сол кезде сіз жауапты мамандарға тапсырма бердіңіз. Тапсырма орындалды – бірақ дұрыс емес. Ауылдың бір шетіне апарып қойып қойған. Орталықта мүлдем тартпайды. Шынын айтқанда, интернет үшін қалаға барамыз. Сосын электр есептегіш мәселелері де биыл шешімін тапқан жоқ. Өткен жылы қалай айттыңыз, солай қалды. Қала әкімінің тапсырмасын орындамайтындар біздің өтінішімізді елемейді де ғой. Есептегіштер бағананың басына бекітілген, қанша болғанын көре алмаймыз», − деп жеткізді мәселені.
Қала әкімі интернет жүйесінің сапасыздығы қалада да байқалатынын және бұл жүктеменің көптігімен тікелей байланысты екенін айтты. Цифрландыру басқармасына ұсыныс айтылған, олар модернизация жүргізіп жатқандығын жеткізген. Бірақ пайдаланушы көп болғандықтан осындай кемшілік болып тұр екен. Асылбек Өмірбекұлы өз сөзінде облыс әкімінің орынбасарына бұл мәселені шешу жөнінде ұсыныс білдіргенін жеткізді.
Ақжармалықтар сондай-ақ электр пайдалануды есептейтін құралдың кемшілігін де алға тартты. Бір айдың қызметін төлеген соң 5-6 күнде аяқталмаған айдың есебі келіп тұратынын айтып, жаңадан қойылған есептегіштерді арыз жазып алып тастауды өтінді. Қала әкімі есептегіштерді бағанадан төмен түсіру жұмыстары қазіргі кезде Ақсуат ауылдық округінде жүріп жатқанын, Ақжармада үй құрылыстары жүріп жатқандықтан уақытша тоқтап тұрғанын айтты.
Ал қалалық электр тарату тораптарының мамандары: «Ол есептегіштер адам жұмысын азайту мақсатында автоматтандырылған. Келесі айдың төлемі ерте келетіні банк системасына байланысты. Оларға ұсынымызды жеткіземіз. Адам көшеде жүріп тексермес үшін халық арыз жазса да алып тастай алмаймыз», − деп жауап берді.
Ауыл тұрғындары биыл ауылға көшет егуді жоспарлап отырғанын, дегенмен мал жеп қоя ма деп қауіптенетінін айтып, қоршау жасауға қала әкімінен көмек сұрады.
«Өткен жылы әуежайдан шыққан біраз бағаналарды осы ауылдарға тараттық. Басқа ауылдардан қалған бағаналарды жинап, әкеліп береміз, еш қиындығы жоқ. Ал ауыл әкімі аяқсудың келуін тікелей бақыласын. Тұрғындар бірігіп, сенбілік өткізсе, арықтарды тазартса да жақсы болады», − деді қала әкімі.
Ауылдағы егістік пен жайылымдық жерлердегі мәселе де көтерілді. Көп аумақ егін егуге берілгендіктен мал жайылатын жер жеткіліксіз. Тұрғындар ауыл әкімінің бұл мәселені шешуге күші жетпейтінін де айтты. Кей үйлерге тіпті егістік жер жақын екені, ол жерге у себілетіні, оның зиян екені айтылды. «ҚазСуШар» РМК филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетов те заңдылығында егістік ауылдан алысқа салыну керектігін жеткізді. Бұл мәселені қала әкімі Асылбек Шәменов аппарат басшысына хаттамаға енгізуді тапсырып, шешілу жолдарын ертерек қарастыратынын айтты.
Жиында ауылдағы амбулатория, медпунктегі дәрігер жұмысына сын да айтылды.
«Біріншіден, дәрігердің қай кезде келіп-кететінін ауыл тұрғындары білмейді. Сосын анализдің барлығын қалаға барып тапсыруға мәжбүрміз. Алда салынатын амбулаторияға анализді ауылда-ақ тапсыратындай етіп жасауға мүмкіндік бар ма?» − деп сұрады Тамаша Бегманова мен Ләззат Досжанова есімді тұрғындар.
Қала әкімі дәрігердің жұмыс кестесін ауыл тұрғындары білуі тиіс екенін айтып, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына ескертті.
«Қазіргі мендпунктте анализ тапсыруды ұйымдастыру мүмкін емес. Ал амбулатория қызметін бастағанда аптасына бір рет болса да қаладан арнайы мамандар жіберіп отыруға мүмкіндік бар», − деді Жангелді Шайымбетов.
Жиында ауылда амбулатория салуға бөлінетін 422 млн теңгенің бүгінде 128 млн теңге қаржы бөлінгені де айтылды. Қаржысы толық бөлінсе, биыл амбулатория құрылысын аяқтауға мүмкіндік бар екен. Сонымен қатар жаттығу жасауға мектеп спорт залына ауыл жастарын кіргізбейді деген шағымға байланысты Асылбек Өмірбекұлы мектеп басшылығына кесте ұйымдастырып, жаттығу жасатуын тапсырды және бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Айта кетерлік жайт, биылғы 2023 жылы Ақжарма ауылдық округінде Н.Тасымов, Ш.Құдайбердиев, Кеңесары көшесі мен Талдыарал көшесінің бойына аялдамалар орнату жоспарға енгізілген. Сонымен қатар Тоғай және Тоғай-2 көшесіне, Қырман көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылмақ.
«AMANAT»-та өткен жеке қабылдау
Қала әкімі Асылбек Шәменов құқық қорғау саласының басшыларымен бірге тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. БАҚ-да және әлеуметтік желілерде алдын ала берілген хабарландыруды естіп келген азаматтар өз мәселелерін ашық түрде қоюға мүмкіндік алды.
«AMANAT» партиясының қалалық филиалы ғимаратында өткен жеке қабылдауға қала прокурорының орынбасары мен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары қатысты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 82 азаматтың өтініші қаралды. Қала әкіміне 70-ке жуық тұрғын келді. Көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар және жұмыссыз жүрген азаматтар өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі – тұрғын үй алу жолдарын сұрап, денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмекке мұқтаж екенін айтып, сауалдарын жолдады.
Қала әкімі Асылбек Шаменов мәселесін айтып келген тұрғындарға нақты жауап беріп, жауапты сала басшыларына тапсырма берді. Ал, құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келген азаматтарға заң аясында түсіндірме жасады.
