Kyzylorda-news.kz. Құрылыс саласының дамуы - өңір экономикасының маңызды тірегі. Бүгінде Қызылорда қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда шаһарымыздың сол жағалауында 16 тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде 6 тұрғын үй жеті қабатты болса, қалғаны 5 қабатты үйлер.  Бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері облыс орталығында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарымен танысты. 

«Бұл тұрғын үйлердің барлығы заманауи үлгіде және жаңа технологиялардың көмегімен салынуда. Құрылысы жүріп жатқан 7 қабатты тұрғын үй - 84 пәтерлі болса, 5 қабатты үйлерде - 470 пәтер қамтылмақ. Бұл тұрғын үйлер 2024 жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Осы тұрғын кварталдың инженерлік желілеріне жобалық-сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Көпқабатты үйлер ауыз су және кәріз жүйесімен толық қамтамасыз етіледі», - деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.

Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 37 284 шаршы метр болса, бір тұрғын үйдің ауданы – 6 213,9 шаршы метрді құрайды. 

«Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда бригадалық топ құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 7 қабатты тұрғын үй аймағымызда алғаш рет салынуда. Әрбір пәтерде жедел саты болады. Құрылысқа қолданылып жатырған барлық материалдар жергілікті өнімдер», - деді «Орион ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жаңабаев.  

Спорт – денсаулық кепілі. Ал мықты денсаулық – адамның еңбекке, қоғамдық іс-әрекетке белсенді қатысуының кепілі. Бүгінгі таңда облыста спорт нысандарын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Сөзімізге дәлел ретінде Тасбөгет кентінде салынып жатқан  дене шынықтыру-сауықтыру кешенін айтуымызға болады. Бұл спорт кешенінің жалпы ауданы - 1 655,1 м2  құрайды. Жоба осы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жауапты мердігер мекеме –  «Интегрострой» ЖШС.

«Осы спорт кешенінің құрылысы сәуір айында басталған болатын.  Бүгінгі таңда құрылыста 50 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қосымша жұмыс күші тартылатын болады. Спорт кешенінде 100 адам бір уақытта дене шынықтыра алады.  Сондай-ақ, мұнда футбол, баскетбол залдары, әмбебап спорт залдары қамтылады. Аталмыш кешен металл құрылымдарымен жабдықталуда. Сыртқы қабаттары толық жылу панельдерімен қапталатын болады. Бұл спорт кешені жыл соңында қолданысқа беріледі»,- деді участке мастері Талғат Маушев.

Тағы да оқыңыз: