Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қала әкімдігі жанынан құрылған жедел топ әр аумақта, оның ішінде саябақтарда, бірнеше мөлтек аудандар мен ойын-сауық мекемелерінде, көңіл көтеретін орындарда күшейтілген түнгі рейд жұмыстарын жүргізуде.
Нәтижесінде, заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 5 жасөспірім анықталып, ата-аналарына әкімшілік хаттамалар толтырылды. Естеріңізге сала кетсек, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз балалар мен жасөспірімдер ойын-сауық мекемелерінде тек сағат 22.00-ге дейін, ал көшеде сағат 23.00-ге дейін болуға рұқсат етіледі. Егер, бұл талап сақталмаған жағдайда, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу немесе білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-ана жауапкершілікке тартылады.
Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов жетекшілік ететін құрамында қалалық полиция басқармасы, білім бөлімі, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған жедел топ қаладағы бірнеше мөлтек аудандар мен көңіл көтеретін орындарды аралап жүр.
Сонымен бірге, рейд барысында қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының мамандарымен бірге жастарға әскерден жалтарудың қандай жауапкершілікке әкеп соқтыратындығы жөнінде де түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті жалғасын табады. Ата-аналардан балаларды беймезгіл уақытта қараусыз қалдырмауды сұраймыз.
