Kyzylorda-news.kz. Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов халықаралық және республикалық байқаулардан жүлделі оралған оқушылар мен олардың жетекшілерін қабылдады.
Асхат Таңатаров жетекшілігімен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен Халықаралық «Біз бақытты баламыз» байқауының вокал жанры бойынша С.Майқанова атындағы мәдениет Үйінің «Дарын» ән үйірмесінің өнерпаздары Аяулым Тлепбай – ІІ орын, Баубек Бекенов – ІІІ орын иеленсе, Айхан Кемелұлының жетекшілігімен «С.Майқанова атындағы мәдениет Үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жанынан құрылған «Шаттық» би тобы Түркістан қаласында өткен ІІІ Республикалық «BELES» өнер байқауында Хореография жанры бойынша Бас жүлдеге ие болды.
Тасбөгет кенті оқушылар мен жасөспірімдер үйінің жанынан құрылған «Бегімай» қолөнер орталығының шәкірттері де Астана қаласында өткен «FARABILAND-2023» республикалық шығырмашылық байқауынан жүлделі I орынмен оралды.
Кент әкімінің қабылдауында болған жас өнерпаздар байқаулардан алған әсерлерімен бөлісті. Кент әкімі өнерге қанат қаққан дарынды оқушылардың жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, олардың тек биіктен көрінетіндеріне сенім білдіретінін жеткізді. Кездесу соңында жеңімпаздар жас өрендер және олардың жетекшілері кент әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.
