Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қалалық мәслихаттың кезектен тыс V-сессиясы өтті.

Сессияның күн тәртібінде қала әкімінің ұсынысымен «Қызылорда қаласы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы» мәселесі енгізіліп, талқыланды. 

Аталған мәселеге байланысты қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауаптар берді.

Үстіміздегі жылы аймақ кәсіпкерлері үш жылдық карантиндік шектеулерден кейін жұмысын жолға қойып, еңсесін көтере бастаған бизнесті қолдау мақсатында бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуді ұсынған.

Кәсіпкерлер палатасына бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуді сұрап 67 кәсіпкерден өтініш (54 кәсіпкер сауда саласынан, 11 кәсіпкер қоғамдық тамақтандыру саласынан, 1 өтініш орналастыру орны, 1 өтініш Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар қауымдастығы «Қызылорда Туристік Ассоциациясы») түскен.

Осыған орай, мәслихат депутаттары ҚР Салық кодексінің 696-3 бабы 5-тармағын негізге ала отырып, аймақ кәсіпкерлерінің бизнесін қолдау және салық ауыртпалығын жеңілдету мақсатында бөлшек салықтың арнаулы режимін қолдана алатын қызмет түрлері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 50 пайызға, яғни 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету туралы ұсынысты бірауыздан қолдап, тиісті шешім қабылдады. 

Сессияға қала әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Ермеков, қалалық дербес бөлімдер мен арнайы шақырылған мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Сессия отырысына мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.

Тағы да оқыңыз: