Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында 19 наурыздағы сайлауда сайлаушылардың тізіміне 193 442 азамат енгізілген. Ал дауыс беруге 79885 сайлаушы қатысқан. Олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 1 сайлаушы дауыс берсе, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 562 сайлаушы дауыс берді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында мәлімдеді. Негізінен, облыс орталығында жалпы саны 23 сайлау округі бар. Міне, осы округтерге депутаттыққа үміткер ретінде барлығы 80 кандидат тіркелген. Соның ішінде №8 және №20 сайлау округтерінде бәсеке көбірек болғандай.

Себебі бұл екі округтің әрқайсысына бес кандидаттан тіркелген. Айта кетерлік жайт, сайлау қорытындысы бойынша №8 сайлау округінде 2293 дауыс жинаған Талғат Мақашов, №20 сайлау округінде 394 дауыспен Бауыржан Еркебаев жеңіске жетті. Бір қызығы, №20 сайлау округінде жеңіске жеткен кандидат 394 дауыс жинаған, ал «Бәріне қарсымын» деп белгіленген бюллетень саны – 434. Қалалық мәслихатқа депутат болғысы келетіндердің ішінде №23 сайлау округі бойынша жеңіске жеткен Оңдасын  Мұхаммедиев 6172 сайлаушының таңдауына айналып, ең көп дауыс жинады. Ал ең аз дауыс жинаған кандидат болып 81 дауыспен Мұханбетали Көлкеев тіркелген. Осылайша, қалалық мәслихат депутаттарының жаңа құрамы жасақталды. Бір қызығы бұл сайлауда 1964 және 1984 жылы туған депутаттар саны көп. Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттарының жасы үлкені − №1 сайлау округінде жеңіске жеткен 1957 жылы туған Ибадулла Құттықожаев. Ал қалалық мәслихаттың ең жас депутаты – 1989 жылы дүниеге келген Ғибрат Байсейітов. Ол №4 сайлау округінде 1608 дауыс жинап, жеңіске жетті. Қалалық мәслихат депутаттарының жаңа құрамында сондай-ақ 5 нәзік жанды халық қалаулылары бар. Олар – №5 сайлау округінен Бейбіткүл Кәрімова, №15 сайлау округінен Айгүл Мұсабаева, №16 сайлау округінен Маржан Бисенова, №17 сайлау округінен Раушан Ысқақова және №19 сайлау округінен Жаннат Садуақасова. Бұл сайлауда жеңіске жеткен депутаттардың екеуі өзін-өзі ұсынған болса, біреуі «Ауыл» партиясының мүешесі. Сондай-ақ «Ақ жол» партиясынан үш кандидат қалалық мәслихат депутаты атанды. Қалалық мәслихаттағы барлығы 23 депутаттың 17-і «Amanat» партиясының мүшелері.

Тағы да оқыңыз: