Kyzylorda-news.kz Кеше  қалалық мәслихаттың кезекті 22-сессиясы өтті. Сессия отырысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.

Сессияның күн тәртібіне «Қызылорда қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен өзекті мәселелері туралы», «Қызылорда қалалық мәслихатының коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы» мәселелері шығарылды.

Аталған мәселелерге байланысты қала әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай, қалалық мәслихаттың коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Д.Абизов хабарлама жасады. 

Сессияның күн тәртібіндегі қалада тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мәселесіне байланысты, қалалық мәслихат депутаты Н.Тұрғанбаев хабарлама жасап, қалалық мәслихат тарапынан ұсыныстар берді. Қалада тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды ауқымды. 2024 жылға арналған қала бюджеті 58,2 миллиард теңге болып бекітілсе, бүгінде 93,6 милилард теңгені құрап отыр. Бұл қаражаттардың дені облыс орталығының инженерлік–инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіруге бағытталған. Яғни, қаржының басым бөлігі халықтың игілігіне, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған. 

Аймақ басшысының облыс орталығының дамуын маңызды мәселе ретінде қарап, қолдау көрсету нәтижесімен жол-көлік инфрақұрылымы, абаттандыру, тұрғын үй құрылысы, демеушілік есебінен салынып жатқан әлеуметтік маңызды нысандар құрылысы қала дамуына оң серпін беруде.

Осы уақытқа дейін, қаладағы ең өзекті мәселелер қатарында көгалдандыру және қоғамдық көлік мәселесі болды. Қазіргі таңда, Қызылорда қаласын көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз етуде «Жасыл-Қызылорда» мекемесі құрылып, қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету, көгалдандыру саласындағы өзекті мәселелердің уақытылы шешілуіне оңтайлы қадамдар жасалуда. Биыл бірінші жыл жұмысты бастап жатқандықтан, ішінара іркілістер бар. Келер жылы бұл мекемеде толыққанды жұмыс жасау мүмкіндігі болады. 

Сонымен қатар, сессияда коммуналдық саланы одан әрі дамытуға кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер де аталды. Мәселен, бірінші кезекте қалада коммуналдық салаға қатысты тұрғындардың арыз-шағымдарының біріңғай тізбесінің жоқтығы, берілген шағымдардың шешімі аяқсыз қалып жатуына әкеледі. Сондықтан, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі келіп түскен шағымдардың біріңғай тізбесін әзірлеп, реттілігіне сай қаржыландыруды бір жүйеге түсіру қажет. 

Сонымен қатар, коммуналдық мәселелер бойынша жасалатын кейбір жоба-сметалық құжаттардың толық зерделенбей жасалатындығы байқалуда. Мәселен, биылғы жылы қаламыздың Хорасан ата көшесін жөндеуден өткізу барысында, аталған көшенің 150 метр болатын тұйық жақ тұсы жоба-сметалық құжаттарына енгізілмегендіктен, жөндеуден өткізілмеген. 

Қаланың Сол жағалауы облыс орталығының айшықты мөлтек ауданына айналып келеді. Алайда, аталған аумақты көгалдандыру, аяқ сумен қамтамасыз ету кемшін түсуде. Жоба-сметалық құжаттарға сәйкес тұрғын үйлер арасына салынған арықтар қазіргі таңда көміліп қалуда. 

Сессия барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар беріліп, оларға сала мамандары жауаптар берді. 

Сесссияға қатысқан қала әкімі Серік Салауатұлы қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, депутаттар көтерген мәселелерге назар аударылатындығын жеткізді. 

Сессияға қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімінің және мәслихат аппаратының басшылары, құқық қорғау органдары, қалалық дербес бөлімдер, құрылымдық мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, коммуналдық сала, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Тағы да оқыңыз: