Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев «Қазақстан Республикасының Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 23-бабына сәйкес Қызылорда қалалық мәслихатының өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Отырысқа қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, қалалық мәслихаттың төрағасы И.Құттықожаев, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары, қала әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, қалалық Полиция басқармасының бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырысқа қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Дүйсенбаев төрағалық етті.
Қалалық мәслихат төрағасының айтуынша, Қызылорда қалалық мәслихатының VIII шақырылымы өз қызметін өткен жылдың 30 наурызында бастаған. Былтыр мәслихаттың 13 сессиясы (2 кезекті, 11 кезектен тыс) өткізіліп, 51 мәселе қаралған. Оның 13-і қалалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу болған.
– Жыл көлемінде мәслихаттың өткізген жиындары бойынша барлығы (сессия, тұрақты комиссиялар, рейд, талқылау бойынша) 228 ұсыныс жергілікті атқарушы органдарға беріліп, оның 74,5 проценті орындалған, 24,5 проценті орындалу үстінде. Сондай-ақ, 1,6 процент мәселенің орындалу мерзімдері бар. Берілген ұсыныстардың 59 проценті коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласына қатысты мәселелер. Есепті мерзімде қалалық мәслихаттың жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 6 шешімі әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтіп, 33 шешім Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілердің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне ресми жарияланды. Шешімдердің заңдылығына сәйкес құзырлы органдардан наразылықтар мен ұсыныстар түскен жоқ. 2023 жылы кезекті сессияларда «Қызылорда қаласында мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» мәселе қаралғанда мәслихат тарапынан ауыр науқастағы балалармен айналысатын қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік қолдау, қаланың шет аумағынан түзету кабинеттерін ашу, балаларға арналған инва-такси көліктерінің санын арттыру, мүгедектігі бар балаларға кедергісіз орта құру, тірек –қозғалысы бұзылған балалардың мектепке келіп оқуына жағдайлар жасау туралы мәселелер ұсынылды.
Қала әкімінің есебін тыңдау барысында қалада жыл сайын қайталанып, шешімін таппай келе жатқан аяқ су мәселесі, саяжайлардағы күрделі мәселелер мен сайлау округтері бойынша тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Төтенше жағдайлардың алдын-алу жұмыстарын сессияда қарау барысында қалада ірі көлемді төтенше жағдай орын алған кезде қала тұрғындарына дабыл беретін орталықтандырылған құлақтандыру жүйесін орнату, жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіру, мекемелер бойынша өрт қауіпсіздігі жабдықтарын түгендеп, олардың қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету, коммуналдық меншіктегі қалалық жағажай ашу мүмкіндіктерін қарастыру, №5 өрт-сөндіру бөлімін күрделі жөндеуден өткізу, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының материалдық жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстар берілді.
Барлық сессия шешімдерімен жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге 54 ұсыныс берілген. Қазіргі таңда 50 ұсыныстың 40-ы орындалған, 8 ұсыныс орындалу үстінде, 6 ұсыныстың (2024 жылғы шілде) орындалу мерзімдері бар. Қабылданған сессия шешімдерінің орындалуы сессияларда талқыланып отырады, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.
Мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын-ала қарау, талқылау және оның шешімдерін әзірлеу мен өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын іске асыру бағытында қалалық мәслихат жанынан төрт тұрақты комиссия құрылып, жұмыс жасауда.
Қалалық мәслихат төрағасының айтуынша, есепті мерзімде қалалық мәслихаттың бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 5 отырысы өткізіліп, онда 7 мәселе қаралған. Комиссия отырыстарының қаулысымен 69 ұсыныс жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге жіберілген. Ұсыныстардың 46-сы орындалған, 23 ұсыныс орындалу үстінде.
– 2023 жылы комиссия отырысында «2022 жылға арналған қала бюджетінің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту» туралы шешім жобасын алдын ала талқылау», «2023 жылға арналған халық қатысатын бюджет жобасының орындалу барысы», «Қуатты өңірлер-ел дамуынын драйвері» ұлттық жобасы аясында қаланың көп қабатты тұрғын үйлерін жаңғырту барысы және қайтарымды қаражат мәселелері», «Қала бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында атқарылған жұмыстар», «Тасбөгет және Белкөл кенттерінің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары», «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешім жобасын талқылау туралы» мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды, – деді төраға.
Сонымен қатар өткен жылы қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, 5 мәселе қаралған. Комиссия қаулысымен 20 ұсыныс жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге жіберілген. Қазіргі таңда ұсыныстардың 19-ы орындалған, қалған 1 ұсыныс орындалу үстінде.
Өткен жылы сондай-ақ әлеуметтік комиссия отырысында «Қала аумағындағы кәсіпкерлік және басқа да нысандарда, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінде мемлекеттік тілдің сақталу барысы және латын тілінің қолданылу заңдылықтары туралы», «Қала бойынша мектепке дейінгі және орта білім беретін жеке меншік оқу ұйымдарының мемлекеттік білім беру бағдарламаларын іске асыруы», қалалық ономастика жұмысшы тобының қорытындысына келісім беру туралы мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданған.
Жиында қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, 4 мәселе қаралғанын да атап өтті. Комиссия қаулысымен 25 ұсыныс жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге жіберілді. Қазіргі таңда ұсыныстардың 23 орындалған, қалған 2 ұсыныс орындалу үстінде.
– Былтыр тұрақты комиссия отырысында «Қала аумағындағы жол жөндеу жұмыстары мен сапасы туралы», «Қызылорда қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандарды тұрақты немесе уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету және көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау мәселелері», «Қызылорда қаласы бойынша коммуналдық мекемелердің қысқы маусымға дайындығы және өткізу барысы» туралы мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды, – деді ол жиында.
Ал ауыл шаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 4 отырысы өткізіліп, онда 6 мәселе қаралған. Комиссия отырыстарының қаулысымен 34 ұсыныс жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге жіберілген. Қазіргі таңда ұсыныстардың 28-і орындалған, 6 ұсыныс орындалу үстінде.
Атап айтқанда, 2023 жылы тұрақты комиссия отырысында «Қызылорда қаласы бойынша көктемгі егіске дайындық жұмыстарының барысы», «Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердегі кіші және орта бизнес субъектілерін дамыту мәселелері», «Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы мақсаттында пайдаланбаған (игерілмеген) жер учаскелерінің жағдайы», «Тұрғындарға жер телімдерін табыстау және жер комиссиясының атқарған жұмыстары», «Қала аумағындағы иесіз жүрген жануарларды (қанғыбас ит, мысықтарды) аулау бағытында атқарылған жұмыстар», «Қала аумағында азық-түлік тауарларының нарықтағы бағаларын тұрақтандыру және нарықта молайту жөніндегі атқарылған жұмыстары», «Қаладағы кәріз су жүйелері мен кәріз су тазарту станцияларының жағдайы және кәріз су қалдықтарының қоршаған ортаға әсері» туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданған.
Мәслихат депутаттары қаладағы өзекті мәселелерді депутаттық аралаулар арқылы көріп, тұрғындармен кездесулер өткізіп, тиісті ұсыныстарды әзірлейді. Соның нәтижесінде қалалық мәслихатта депутаттық аралау шаралары қорытындысымен 30 ұсыныс жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге беріліп, қазіргі таңда оның 14-і орындалған, 16 мәселе орындалу үстінде.
Сонымен қатар қалалық мәслихаттың сессияларында қаралатын мәселелер алдын ала талқылаудан өтеді. Есепті мерзімде осы бағытта өткен отырыстарда 18 ұсыныс көтеріліп, жергілікті атқарушы органдар назарына ұсынылған. Қазіргі таңда 18 ұсыныстың 11-і орындалған, 7-еуі орындалу үстінде.
Жоғарыда аталған мәслихаттың өткізген жиындары бойынша барлығы (сессия, тұрақты комиссиялар, рейд, талқылау бойынша) 228 ұсыныс беріліп:
- оның 74,5 процент (170 мәселе) мәселе орындалған;
- 24,5 процент (56 мәселе) орындалу үстінде;
- 1,6 процент (6 мәселе) орындалу мерзімдері бар.
Берілген ұсыныстардың 59 процент коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласына (жол жөндеу және жол қауіпсіздігі, қоғамдық көлік, абаттандыру, көпқабатты тұрғын үйлер мәселелері, ауыз су, электр жарығы, спорт және ойын алаңдары,тұрғын үй кезегі т.б) қатысты мәселелер.
Ауыл-шаруашылық, жер мәселелері бойынша сұрақтар 10 %, әлеуметтік сала бойынша 13процент, кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша 3 процент, сессия қарауына жататын мәселелерді бекіту немесе келісім беру және т.б мәселелер 14 процент құрайды.
VIII шақырылған Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары тарапынан өткен жылы жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мекемелерге 43 депутаттық сауалдар жолданған. Есепті кезеңде сауалдардың жауаптары берілгені - 34, жауаптар берілмегені – 9. Ал жауаптары берілген 34 сауалдың орындалғаны - 8, ішінара орындалғаны - 7, орындалмағаны –5, Заңға сәйкес түсіндірме берілгені – 14.
Сауалдардың негізгі бөлігі, 38 – сауал коммуналдық салаға (жол жөндеу және жол қауіпсіздігі, қоғамдық көлік, абаттандыру, көпқабатты тұрғын үйлер мәселелері, ауыз су, электр жарығы, спорт және алаңдары,тұрғын үй кезегі т.б) қатысты мәселелер. 3 – сауал ақпарат сұрату, 2 – сауал жер мәселесіне қатысты жолданған. Депутаттық сауалдарға Заңға сәйкес жазбаша жауаптарды мерзімінде беру бойынша тиісті жұмыстар тұрақты жүргізіліп, олардың орындалуы үнемі бақылауға алынған.
Депутаттық сауалдардан бөлек, сайлау округтердегі 145 өзекті мәселелер тізбесі (бюджеттік өтінім) депутаттардан жинақталып, қала әкіміне ұсынылды.
Аталған мәселелерді шешу бағытында, депутаттар бірнеше рет қалалық экономика және қаржы бөлімі, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, қалалық құрылыс бөлімінің басшыларымен кездесулер өткізіп, әрбір депутат өз сайлау округтеріндегі өзекті мәселелерді жекелей талқылап, алдағы бюджет жобаларына енгізуде.
– Қазіргі таңда, өзекті мәселелер ішінде орындалған немесе биылғы бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобаларда бар. Мысалға, өзімнің сайланған «Қызылжарма» ауылдық округі бойынша «Ұлттық қордан» бөлінген 4,5 млрд. теңгеге «Жайлы мектеп» жобасы аясында Әл Фараби көшесінен 900 орындық мектеп құрылысы салынуда. Аталған ауылдағы 35 көшеге тас, 23 көшеге асфальт төсеу және 22 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату мәселелері шешімін тапты. 5 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. Алдағы уақытта қаржы бөлінуіне қарай 3 су ұңғымасы қазылады. Сонымен қатар, Қызылжарма ауылы бойынша, 67 көшеге электр желісінің құрылысы және ауылдағы 5 қабатты жатақхананы орталық кәріз жүйесіне қосу құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылған. Депутаттар ұсынған өзекті мәселелер ішінен Титов, Гагарин аудандары бойынша 8 көше, Шанхай мөлтек ауданы бойынша 5 көше және Әл Фараби, Бәйтерек, Сәулет тұрғын аудандары бойынша бірнеше көшелер 2024 жылы жарықтандыру жүргізілетін 52 көше тізіміне енгізіліп отыр. Депутаттардың ұсыныстары қалада 2024 жылы жүзеге асырылатын 100 көшені жөндеу, 28 көшеге тротуар салу жобаларына енгізілуде. Сонымен қатар, депутаттық корпус тарапынан көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі - Тасбөгет кентіндегі кәріз сулардың жағымсыз иісінен арылту болатын. Қазіргі таңда қуаттылығы тәулігіне 70 мың м3 биологиялық тазарту станциясы құрылысы жобасының сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылған. Жобаның сметалық құны 2,8 млрд.теңгені құрайды. Осы жоспарланған жұмыстар орындалса Тасбөгет кентіндегі кәріз сулардың жағымсыз иісінің мәселелері шешілетін болады, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.
Бүгінде қалалық мәслихатта үш партия өкілдері және өзін-өзі ұсынған 2 депутат бар. Қалалық мәслихат депутаттары сайланған уақыт ішінде сайлаушылармен тұрақты байланыс орната білді. Қалалық мәслихат төрағасы әрбір депутат өздеріне бекітілген 23 сайлау округтеріндегі халықпен кездесіп, өзекті мәселелермен толық танысып, жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.
Биылғы жылдың ақпан айында қалалық мәслихат депутаттары «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес өз сайлау округтерінде орналасқан мекеме ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырып, сайлаушылардың ұсыныстарын жинақтап, оларды шешу бойынша тиісті жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар ай сайын қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушыларды қабылдау кестесі бекітіліп, қалалық мәслихаттың әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жарияланып, депутаттар кестеге сәйкес өз қабылдауларын жүргізуде. Одан өзге, депутаттар өз сайлау округтері бойынша белсенді азаматтармен күнделікті телефон (ватсап) арқылы байланыс орнатқан.
Өткен жылы мәслихат депутаттары 50-ден аса жеке қабылдаулар өткізсе, онда тұрғындар тарапынан 80 мәселе көтерілген. Өтініштер мен ұсыныстар бойынша депутаттар дер кезінде шешімдер қабылдап, жұмыс жасаған.
– Қалалық мәслихат әркез ашықтық қағидасын ұстанады. Әлеуметтік желіде халықпен байланыс бойынша мәслихат аппараты қызметкерінің ұялы байланыс/ватсап номері жарияланған. Кез-келген тұрғын өзінің сауалдарын қоюға мүмкіндік берілген. Мәслихаттың барлық маңызды іс-шаралары қалалық мәслихаттың фейсбук, ютуб әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфир форматында тұрақты көрсетілуде. Мәслихат қызметі туралы ақпараттар жергілікті телеарналар мен газеттер, әлеуметтік желі парақшаларында тұрақты жарияланып тұрады. Қалалық мәслихат алдында биылда ауқымды жоспарлар бар. Сессиялар мен тұрақты комиссиялар қарауына қала дамуына қатысты сауалдар мен өзекті мәселелер шығарылатын болады. Кешегі, 27 наурыз күні өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қалада бұқаралық спортты дамыту мәселесін қарадық. Онда спорт саласының дамуына кедергі болып отырған бірнеше мәселелер талқыланды. Каладағы спорт саласындағы ең басты өзекті мәселенің бірі – қалалық деңгейде дербес спорт ғимаратының жоқтығы. Қазіргі кала әкімдігіне қарайтын Қажымұқан спорт клубы көп қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан, белгілі талаптарға сәйкес келмейді. Бұл мәселені, қала басшысының алдына қойдық. Бұл мәселеге қатысты Серік Салауатұлы «Спорт саласындағы өзекті мәселелерден хабардар екендігін, қалаға дербес спорт ғимаратын шешу бойынша Сол жағалаудағы жаңа стадион құрылысы аяқталған соң, Орталық стадион ғимаратын қалаға беру жөнінде облыс басшысына ұсыныс бергендігін және қалалық спорт бөлімін мәдениет бөлімінен бөліп, дербес бөлім жасауға шешім қабылдағанын жеткізді». Осындай қала тұрғындары үшін маңызды мәселелерді біз алдағы мәслихат жұмыстарында назарға алатын боламыз. Сонымен қатар, биыл елімізде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуда. Бұл датаға қатысты мәслихаттар дамуына серпін беретін іс-шараларды жүзеге асыратын боламыз, – деді қоғамдық кеңес алдында есебін аяқтаған қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев.
