Kyzylorda-news.kz  Бүгін Қызылорда қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралды.

Қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Дүйсенбаев Серік Әбішұлы жүргізген жиынға Қызылорда қаласы әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары, Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің  Жедел құтқару жасағының басшылары, қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы, «Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қосшыңырау ауылдық округі әкімі Әбдіқадіров Сейдуали Әлайдарұлына ауылда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

– Қосшыңырау ауылдық округ тұрғындарына Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы  Қазақстан Республикасының  2020 жылғы 01 қазандағы № 301 Заңына сәйкес Қазіргі таңда Қосшыңырау ауылдық округі әкімінің аппаратымен мемлекеттік көрсетілетін қызмет бес түрлі бағытта беріледі. Оның ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу, жер учаскесін алу үшін кезекке қою, кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру, жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату қызметі бар. Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша 2023 жылдың төрт айында  6 қызмет көрсетілсе, биылғы жылы төрт айдың қорытындысы бойынша 28 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Осылайша өсім 21,4 процентті құрап отыр. Атап айтқанда биылғы жылы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру бойынша – 3, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу – 25, жер учаскесін алу үшін кезекке қою – 0, елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру – 0, жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы  сату – 0 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар Қосшыңырау ауылдық округінің орталығындағы Ж. Маханбетов көшесінің бойына мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ауыл тұрғындарына ақпараттандыру мақсатында билборд ілінді. Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарты, қағидалары туралы ақпараттар мемлекеттік қызмет алушыларға түсіндіру мақсатында әкімдік ғимаратының кіреберіс қабырғаларына түсіндірме белгісі ілініп, Қосшыңырау ауылдық округі әкімдігі ғимараты аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автокөлігіне арналған автотұрақ орны қарастырылған және халықаралық қолжетімділік белгілері (знак) орнатылған. Әкімдік ғимаратының ауласында және ғимарат ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жол қозғалысында қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында пандус, көру қабілеті шектулі азаматтардың қозғалыс жолында арнайы жолдар, электрондық қоңырау (сигнал) қондырғылары орнатылды. Бұдан бөлек ауылдық округі әкімінің аппараты ғимаратында азаматтарға электронды нысанда мемлекеттік қызмет көрсету үшін «өзіне қызмет көрсету» арнайы бұрышы орналастырылды. «Өзіне қызмет көрсету» арнайы бұрышында тұрғындарға қажетті жағдайлар жасалынған, яғни, компьютер интернет желісіне қосылып, қажетті құрылғылармен (принтер, сканер, видеокамера, картридер) қамтамасыз етілген, – деді ауылдық окургі әкімі Сейдуали Әлайдарұлы.

Отырыста мұнан соң қала аумағындағы аялдамаларды күтіп ұстау мен халыққа қызмет көрсетудің жай-күйі туралы мәселе қозғалды. Бұл туралы Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бахтияров Дархан Прәліұлы баяндады. Бүгінде қоғамдық көліктердің көбеюіне және оның кез-келген жерде тоқтауын тоқтату мақсатында аялдамалар қойылуда. Ал қаланы абаттандыру бойынша оларды күтіп ұстау, белгіленген мерзімде жуып тазалау ісі тұрақты жүргізіліп келеді.

Күн жылынып, жаз басталысымен суға түсу маусымы басталатыны белгілі. Бұл ретте суға түсуге барған балалардың қауіпсіздігі маңызды. Жыл сайын суға түсу маусымында қайғылы оқиғалар орын алып жэатады. Осы орайда қауіпсіздік шараларын қазірден бастап қолға алып, тұрғындарға  түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды.

Маусымдық суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы  Райымбеков Ернұр Төребайұлы айтты.

– Қаламыздың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың әр түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымында суша шомылу кезінде адамдардың қазаға үшырауы өзекті мәселе болып отыр. Жалпы төтенше жағдайлардың түрі бойынша адамдардың судағы қазасы бірінші орында тұр. Қала аумағында жыл басынан бері су айдындарында қаза болу фактісі тіркелген жоқ (2023жылдың  өткен кезеңінде 2 адам (1-еуі бала) қаза болды). Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады.

Атап айтқанда, өзен немесе каналдардың кез келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға түсуі, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Осыған сәйкес, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы бөлімшелер қызметкерлерін жұмылдыра отырып жыл басынан бері қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен Жедел құтқару жасағы қызметкерлері бірлесіп, 49 рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізді. Аталған іс-шараларда барлығы 5124 дана жадынама таратылды. Қала бойынша 57 қызметкер, 22 еріктілер (волонтер) профилактикалық жұмыстарға жұмылдырылып 5124 тұрғынға (оның ішінде 1246 жасөспірімге) түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қала аумағындағы адам көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, дүкендер мен басқа да сауда орталықтарда, базарлар, және темір жол автовокзалдарға) дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары және балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар ілінді. Әлеуметтік желі парақшаларында («instagram», «fasebook») 25 рет мақаламен 10 бейнеролик жарияланды. Білім беру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз ету Республикалық «Kundelik.kz» платформасында Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды (барлық мектеп оқушылары және олардың ата-аналарымен күнделікті пайдаланылатын қолданыстағы платформа), – деді сала басшысының міндетін атқарушы  Райымбеков Ернұр өз баяндамасында.

Жалпы суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері туралы төтеншеліктер тарапынан мектеп оқушыларына түсіндірме жұмыстары, сабақтар тұрақты өткізіліп отырады. Бұл бағытта қаланың 9000-нан аса оқушысына «Су айдындарынының қауіпсіздік ережелері», «Судан зардап шеккен адамға алғашқы медициналық қөмек көрсету», «Су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтамаған кездегі әкімшілік шаралар»  тақырыптары бойынша 40 интерактивтік және 56 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде сабақтар өткізілген. Қала аумағында орналасқан мектеп оқушыларының ата-аналарына «WhatsApp» желісіндегі топтар арқылы балалардың судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау бойынша бейнероликтер мен жадынамалар жариялануда. Сондай-ақ мектептердің қауіпсіздік бұрыштарында судағы қауіпсіздік ережелері бойынша жадынамалар мен үнпарақтар жарияланған. Сондай-ақ, мамыр айында қалалық білім бөлімімен бірлесіп қаладағы мектептерде ата-аналар (барлығы 760 ата-ана қамтылған) жиналыстарына қатысып, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері және балаларды жаз мезгілінде бақылаусыз қалдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Аталған іс-шараға байланысты қала аумағында орналасқан 7 өрт сөндіру бөлімі мен Жедел құтқару жасағы базасында 22 рет студенттер мен оқушыларға экскурсия ұйымдастырылған.

– Өткен жылдармен салыстырғанда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, судағы қаза болу жағдайлары едәуір азайғанын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады. Биылғы жылғы суға шомылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу барысында Қызылорда қаласында орналасқан қауіпті аймақтар араланып, нәтижесінде 18 қауіпті аймақта қауіпсіздік белгілерін орнатуға және жаңартуға «Суға түсуге тыйым салынады» 30 дана ескертпе тақтайшалар әзірлеуге қалалық әкімдікке ұсыныс берілді, – деді Ернұр Төребайұлы жиында.

Осы орайда сала маманы жоғарыда айтылған мәселеге байланысты қала аумағында анықталған 18 қауіпті аймақ суға түсуге арналмағандықтан және адам өміріне қауіпті болуына байланысты сол аумақтарда ескерту тақтайшалар мен бейнекамералар орнатуға, Қызылорда қаласында халық көп шоғырланатын орындарда судағы қауіпсіздікті сақтау туралы билбордтарды жасап орнатуға, қала аумағында көше бойында орналасқан ЛЭД экрандар арқылы судағы қауіпсіздік туралы бейнероликтерді көрсету, сондай-ақ үнпарақтарды жасауды ұсынды.

Қоғамдық кеңес отырысында көтерілген күн тәртібіндегі төртінші мәселе шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін келісу туралы болды.

Бұл туралы Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әжібеков Мейрамбек айтты.

– Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43-1 бабының талаптарына сәйкес, «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырады және бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіледі» деп көзделген. Осыған сәйкес, Қызылорда қаласы аумағынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалпы көлемі - 2520,04 гектарды құрайтын 35 жер учаскесі, оның ішінде егістігі-224,7 гектар, жайылымы - 2200,5 гектар, бөгде жерлері-168,9 гектар жер учаскелерін конкурс арқылы айналымға қосу ұсынылады, – деді қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрамбек Темірханұлы.

Аталған мәселелер бойынша Қосшыңырау ауылдық округі әкімі С.Әбдіқадіров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Бақтияров, Қызылорда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Е.Райымбеков, қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі М.Әжібеков хабарлама жасап, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Отырыс барысында, кеңес мүшелері А.Шаукенбаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы және уақытылы көрсету, М.Есжанов ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс жағдайына қарай жер учаскесін жеке меншікке ақысын бөліп төлеу мүмкіндіктеріне басым бағыт беру, Ғ.Камалов орнатылуы былтыр жоспарланған жылы аялдамалардың салынуын жылдамдату, Ж.Садуакасова аялдамаларды орнату барысында мүгедектігі бар адамдарға арналған пандустардың талапқа сай болуы, А.Шалғынбаева автобус аялдамаларын бұзақылық ниетпен бүлдірген құқық бұзушыларға қолданылған шаралар туралы мәліметтер мен роликтерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен тарату, Т.Қасымов суға шомылу маусымында қайғылы жағдайларды болдырмау үшін халыққа колжетімді, қауіпсіз коммуналдық жағажайлар ашу, А.Байдаулетов «шомылуға тыйым салынады» ескертпе тақтайшаларын орнатуды тездету, судағы қауіпсіздікті сақтау туралы бейнероликтерді, ақпараттарды қазіргі таңда халықтың көп пайдаланатын фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінде кеңінен тарату бағытындағы ұсыныстарын берді.

Күн тәртібіндегі төрт мәселе бойынша жиынға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, сала басшылары берген ұсыныстар ескеріліп, жиынның хаттамасына тіркелді.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: