Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласы бойынша «Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін қалалық үш жақты комиссияның» кезекті отырысы өткізілді.

Отырыста екі мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қызылорда қаласының әкімдігі, Қызылорда облыстық жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған қалалық келісім жобасы мақұлданып, қол қойылды.

Бұл құжат негізінен қалалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті күшейту мен дамытуға, әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуге және қоғамдық келісімді нығайтуға, сондай-ақ қала халқын жұмыспен қамтуға, еңбек қатынастарын реттеуге және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мен табыс деңгейін арттыруға, еңбек дауларын болдырмауға бағытталған шараларды көздейді.

Қалалық келісімге Қызылорда қаласының әкімдігі атынан – қала әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы, жұмыскерлер тарапынан – «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіпордақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, жұмыс берушілер тарапынан - «Парыз» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша өкілі Болат Бөгетов және Қызылорда облысы жолаушыларын автокөлікпен тасымалдаушылар ассоциациясының төрағасы Нұрлыбек Нұрымбетов қол қойды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі проблемалық мәселелер туралы талқыланды. Кәсіпорын басшыларының әлеуметтік төлемдердің кешіктіріліп төленуі себептері тыңдалып, барлық мекеме өкілдеріне уақытылы  төлем жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, отырысқа Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Сүйірбаев шақырылып, әлеуметтік төлемдерді кешіктіріп төлейтін кәсіпорындарға шара қолдану туралы түсіндірілді.

Тағы да оқыңыз: