Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментімен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алып, оларды болдырмау бағытында жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуде. Бұл жұмыстар өзінің оң нәтижесін көрсетті.
Мәселен, 2010 жылдан бері Қызылорда қаласы, Белкөл кентінде темір жол желісінің үстінен өтетін көпір салу мәселесі шешімін таппай келген. Кентте теміржолдың арғы бетінде 1 мыңнан аса тұрғын тұрады. Ал, оң жақ бетінде, бірқатар әлеуметтік нысандар: мектеп, балабақша, амбулатория және тағы басқа нысандар орналасқан. Сондықтан, кент тұрғындары үшін көпір маңызды әрі қажет нысан болып табылады.
Осы орайда, құны 225 миллион тенгені құрайтын көпірдің құрылысы 2021 жылы басталып, биылғы жылы қазан айында аяқталуы тиіс еді. Құрылыс жұмыстары созылып, уақытылы аяқталмауына байланысты, Департаменттің бастамасымен облыстық бақылау басқармасының қатысуымен тексеру жүргізіліп, нәтижесінде мердігердің жұмысында бірқатар кемшіліктер анықталып, 69 миллион теңгенің жұмыстары орындалмағаны белгілі болды.
Бұл кемшіліктер облыстық әкімдіктің назарына дереу жеткізіліп, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тапқан. Көпір тұрғындардың пайдалануына тез арада беріледі.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықты алдын алу жұмыстарының аясында, бүгінгі күнге 6 нысан тексеріліп, барлығы 1 миллиард тенгеге жуық мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.

