Kyzylorda-news.kz. «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі жақында Қызылорда қаласы тұрғындары үшін «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасы аясында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Шараны өткізудегі мақсат Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласына әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы және мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғамдастықпен және бизнес-құрылымдармен конструктивті диалог және ынтымақтастық құру арқылы денсаулық сақтау саласын жақсартуға үлес қосу.

Онлайн шарада қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Жанат Сапаржанова өткен жылдың желтоқсан айынан басталған «Ұлт денсаулығы – басты назарда!» жобасының жүзеге асырылу барысына тоқталып өтті.

Жанат Сапаржанованың айтуынша, жоба аясында Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесі бойынша онлайн сауалнама жүргізіліп, қоғам өкілдерімен жекелеген интервьюлер өткізілген, сондай-ақ облыс көлемінде жекелеген азаматтардың денсаулығы бойынша мәселелері қаралып, шешілу жолдары талқыланған.

Онлайн сауалнама нәтижесінде Қызылорда облысы тұрғындарының жалпы денсаулық сақтау жүйесі бойынша пікірі жинақталып, денсаулық сақтау саласына баға берілген. 2016 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесімен салыстырғанда Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер бар. Дегенмен, сауалнама арқылы денсаулық сақтау жүйесінің кемшін тұстары да анықталған.

Бұл ретте ең басты мәселелердің бірі мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда мамандардың тапшылығына, сонымен қатар, мемлекеттік медициналық қызмет көрсететін ұйымдарды сапалы құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, арнайы медицина мамандарын сол құрал-жабдықпен жұмыс жасау бойынша біліктіліктерін арттыруға қатысты көтерілуде.

Дөңгелек үстел барысында бірнеше Қызылорда қаласы тұрғындарының денсаулығына қатысты, медициналық ұйымдардан қызметтерді сапалы ала алмауы мәселелері талқыланды.

Шараға мәселелерін айта келген қызылордалықтардың бірі емханада жасалған қан сараптамаларының сапасына қатысты сын айтса, енді бірі белгілі бір науқасымен есепте тұрған ата-анасына тиісті ем-домын тегін ала алмай отырғандығын, келесі қызылордалық сирек кездесетін қан ауруына шалдыққан 6 жасар баласының денсаулығына қатысты дәрігерлерден сапалы қызмет алуға мүмкіндігі болмай тұрғандығын, енді бір қызылордалық мектеп жасына келіп қалған немересінің әлі күнге сөйлей алмайтындығын, денсаулығына қатысты статусын анықтай алмай, сандалып жүргендігін атап өтті.

Шараны ұйымдастырушылар әр кейсте көрсетілген кейіпкерлердің тіркелген медициналық ұйымның жауапты мамандарымен сол жерде байланысқа шығып, шешу жолдарын бірге талқылады. Нәтижесінде дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер бойынша тиісті емхананың жауапты мамандары жеке-жеке қарап, сөйлеуден мәселесі бар баланың денсаулығына қатысты нақты бағыт-бағдар беріліп, бүгінде туыстары мүгедектікке шығару үшін құжаттарын әзірлеуде.

Өз кезегінде қоғамдық бірлестік тұрғындардың денсаулығына қатысты мәселелерге бей-жай қарамай, оңтайлы, әрі жедел шешілуіне ықпал еткен, жобаны жүзеге асыруда әріптестік негізде қолдау көрсетіп келе жатқан облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыстарын жеткізді.

Айта кету керек, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысында «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасын жүзеге асыруда. Жобаны АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау бағдарламасы аясында Еуразия қоры қолдауда.

Тағы да оқыңыз: