Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын 8 қарашада Қазақстанның статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған орай аудан әкімдері өз аумақтарындағы статистика бөлімінің қызметкерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов аудандық статистика басқармасының қызметкерлерін қабылдады. Салтанатты шарада Серік Сағитжанұлы аталған сала мамандарын кәсіби мерекелерімен  құттықтады.  

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Статистика бүгінгі таңда мемлекеттік басқару жүйесінің айрықша маңызды саласы. Сала қызметкерлерінің ынтымақты жұмысы еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді. Осы орайда Сіздердің қызметтеріңіз әлеуметтік-экономикалық даму барысын барынша айқындай отырып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін сараптап, алдағы ауқымды істі жоспарлауға ықпал етеді. Әр күнгі тынымсыз істеріңіз арқылы Сіздер ауданымыздың дамуына сүбелі үлестеріңізді қосып келесіздер», - деп ізгі лебізін білдірді аудан әкімі. 

Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Серік Сермағамбетов статистика саласын дамытуға елеулі үлес қосып, ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге құрметін көрсетіп, алғыс хаттармен марапаттады.

Арал.jpg
Арал1.jpg

Мұндай салтанатты шара Қазалы ауданында да болып өтті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. 

Мұнан соң, аудандық статистика бөлімінің басшысы Бақытжан Әлімбайға «Құттықтау хатты» тапсырды. Сондай-ақ, статистика саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Шара барысында статистика саласының ардагері Есіркеп Нұр, Жәмет Жұмамұрат аудан басшылығына рахметін айтып, зор алғысын жеткізді.

Айта кетейік, еліміздегі атаулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан басталады. Қазақ үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «Мемлекеттік статистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген.

Казалы.jpg
Казалы1.jpg

Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов та статистика күні кәсіби мерекесіне орай аудандық статистика бөлімі қызметкерлерін қабылдады. Қабылдауда статистика қызметінің маңыздылығы, сала қызметкерлерінің орасан зор еңбегі туралы айтылды. 

«Статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Қазіргі жағдайда статистика қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерекше орын алады. Ең алдымен, статистикалық ақпарат мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады және ол әрқайсымыздың өмір сүру деңгейімізде көрініс табатын болады. Сонымен қатар, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор», - деді аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы. 

Кездесу барысында аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева статистикалық мәліметтер ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіші екендігі туралы айтса, сала ардагері Сұлу Еспенбет әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

Асқарбек Есжанов қабылдауда статистика саласының  қызметкерлерін марапаттап, құрмет көрсетті. Олардың қатарында сала ардагерлері, статистика саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлері бар. 

«Сіздердің күнделікті тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз біздің аймақтың тұрақты дамуының кепілі. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, денсаулық, бақыт, табыс және тәуелсіз еліміздің болашағы мен гүлденуіне өлшеусіз үлес қосатын кәсіби саладағы зор табысқа жете берулеріңізге тілектеспін», - деді аудан басшысы қорытынды сөзінде. 

Жалагаш1.jpg

Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев статистика саласының ардагерлері мен мамандарын қабылдап, статистика үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды екенін айтты. 

«Кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған сала маңызды», - деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Бүгінде Сырдария аудандық статистика басқармасының қызмектерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, жұмысты жүйелі ұйымдастыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. 

Аудан әкімі аудан өмірінің толық бейнесін айқындап, ақпараттық қор қалыптастыратын статистика саласын абыроймен орындап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше қосып жүрген Сейілхан Қалмағанбетұлының басқарып отырған ұжымына алғысын білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

Айта кету керек, биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 102 жыл толып отыр.

Сырдария.jpg
Сырдария1.jpg

Тағы да оқыңыз: