Қасиетті Ораза айт мерекесінің шуағы биыл да қызылордалықтарға жылу сыйлап, мейірім мен қамқорлықтың көрінісіне айналды. Осы игі күні қала мешіттерінің имамдары «Атамекен» балалар ауылына арнайы барып, бүлдіршіндерді айт мерекесімен құттықтап, шаттыққа бөледі.
Атап айтқанда, Қызылорда қалалық «Айтбай», «Төлен ата», «Рахматулла», «Сауранбай ата», «Құддыс ишан», «Сұлтан» және «Хазірет Әбу Бәкір»мешіттерінің имамдары бірлесе отырып, балалар ауылына арнайы сыйлықтар апарып, олардың жүздеріне күлкі, көңілдеріне қуаныш сыйлады.
Кездесу барысында балаларға айттың мән-маңызы түсіндіріліп, ізгі тілектер айтылды. Имамдар тарапынан жылы сөздер мен ақ баталар беріліп, әрбір балаға ерекше көңіл бөлінді. Бала көңілі – пәк айна. Сол айнада қуаныштың сәулесі ойнаса, ол – қоғамның шынайы байлығы.
Бұл шара – тек сыйлық беру ғана емес, жүректен жүрекке жеткен жан жылуы, қамқорлық пен жанашырлықтың белгісі болды. Осындай игі амалдар арқылы қоғамда мейірім мен бірлік нығая түсетіні анық.
