Kyzylorda-news.kz. Қыс келсе, көмір тапшылығы, қатты отын бағасының шарықтауы мезгіл сайын көтерілетін мәселелердің біріне айналды. Өйткені жылда жылу маусымы басталғаннан тұрғындар тарапынан көмір жетіспеушілігі мен бағасының қымбаттауы жайлы арыз-шағымдар көбейеді. Бұл мәселе турасында қыркүйек айының соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтап, маусым жұмысы іркіліссіз жүруі керек екендігін қатаң ескерткен еді.

«Жыл сайын ауа райы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында ажиотаж туындап, тұрғындардың шағымы көбейеді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі, қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін, өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер, – деген еді облыс әкімі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов мәліметінше, бүгінде облыста жылу беру маусымына қажетті 176 мың тонна көмірдің 169 мың тоннасы жеткізілген. Қазіргі таңда қала және барлық аудандардағы көмір қоймаларында 7 мың тоннаға жуық қатты отын қоры бар. Сондай-ақ, осы аптада облысқа 29 вагон көмір жеткізілсе, бейсенбі күні көмір сату орталығына 14 вагон қатты отын әкелінген.

Жалпы, осы кезге дейін жеткізілген 169 мың тонна көмірдің 135 мың тоннасы тұрғындарға, қалған 34 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға жеткізілген. Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі барлық көмір қоймасында нақты 6 794 тонна қатты отын қоры бар. Оның 621 тоннасы Қызылорда қаласының еншісінде.

Қазақстан Теміржолының мәліметіне сүйенсек, осы аптада облысқа 43 вагон көмір келген. Оның ішінде 13 вагон Қызылорда қаласына, 8 вагон Аралға, 4 вагон Қазалыға, 15 вагон Шиеліге, 3 вагон Қармақшыға жеткізілген.

Биылғы жылу маусымына Қызылорда қаласы бойынша қатты отын қажеттілігі 37 мың тоннаны құрайды. Оның 36 100 тоннасы тұрғындарға берілсе, қалған 900 тоннасы әлеуметтік нысандарға жөнелтілген. Шаһарға қарасты Ақжарма, Қызылөзек, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдарындағы кітапханалар да көмірмен жылытылады.

Жалпы, аймақта қатты отын сатумен айналысатын мекемелермен қоса жеке алыпсатар кәсіпкерлер де жетерлік. Солардың бірі – Белкөл кентінде орналасқан «Kazkom» ЖШС мекемесі. Қызылорда қаласындағы ең ірі көмір тарату орталығына жатады. Мұнда күніне 50-ден аса жүк көлігі көмір сатып алуға кезекке тұрады екен. Оған қоса, ЖК «Қарымсақов» секілді көмір базары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, облыс аумағында жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмір отынын тасымалдайтын жүк көліктері үшін тұрақтар мен жабдықталған алаңдар, көмір қоймалары қарастырылған. Оның ішінде, екеуі Қызылорда қаласында болса, қалған 34-і аудандардың еншісінде.

Шаған ауылының тұрғыны Ерлан Пірәлиевтің айтуынша, ол ауылға күнделікті 2-3 мәрте көмір таситын көрінеді. Ара-тұра кезек күтетіні бар. Мұнда, Шұбаркөл көмірі 14 850 теңгеден саудалануда. Халықтың ең көп алатын сорты да осы екен. Өйткені сапасы қалған сорттарға қарағанда жоғары.

Жалпы, сатып алушылардың көпшілігі Шіркейлі, Шаған, Ақжарма, Амангелді, Сұлутөбе, Еңбек, Белкөл, Абай, Ақсуат ауылдарының халқы. Сондай-ақ, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі ауданының аудандарынан келген тұрғындары болса, бұған қаламен іргелес жатқан Махамбет ауылы, Наурыз, Сабалақ саяжайы да бар.

Қазіргі таңда «Kazkom» ЖШС мекемесі Шұбаркөл көмірінің бір тоннасын 14 850 теңгеден бағалауда. Бұл – қала нарығымен салыстырғанда қолайлы баға. Ал көмір базарынан ауылға дейін көлік жалдау кем дегенде 15-20 мың теңге тұрады.

«Бізге 5 тоннадан артық берілмейді. Бірақ, барынша алуға тырысамыз. Сыртқа барып, осының үстіне ақша қосып сатамыз. Біз халыққа қызмет етушіміз. Тапсырыс береді, соны үйлеріне жеткізіп береміз», – дейді жеке көлік жүргізуші, тасымалдаушы.

Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ басшысының орынбасары Дархан Бақтияровтың сөзінше, Қызылорда қаласы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 190 шақырымды құрайды. Биылғы жылу маусымы барысында жоспарланған жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, 100 пайызға орындалған. Ал қаланың сол жағалауындағы жылу желілеріне гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізілсе, тексеріс барысында анықталған ақаулар қалпына келтіріліп, жылу жүйесіне қосылған. 
 

5af6a8d92f303c2af14e39258ecba764_XL.jpg

Тағы да оқыңыз: