Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әуежайына айтылар сын-пікір аз емес. Дегенмен қазірдің өзінде осы әуежай арқылы бір жылда 1400 рейс орындалады екен. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі көлік саласын реттеуге барынша күш салуда. Қоғамдық көлік қызметін реттеу мақсатында жаңа автобустар алынып, қала мен елді мекендердегі жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Енді міне, аймақтағы жаңа әуежай терминалының құрылысы басталды.

«Көрісу күнінде» облыс әкімі ел ағаларымен бірге жаңа әуежайдың іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін береке мен бірлікке бастайтын Амал мерекесімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлының Сыр еліне деген қолдауымен аймақта берекелі істер атқарылуда. Облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын айшықтай түсетін бірқатар зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, әлеуметтік нысандарды салу сәтті жүзеге асуда. Өздеріңізге белгілі, әуе қатынасы – өзінің ерекшелігімен үлкен сұранысқа ие, серпінді дамып келе жатқан саланың бірі. Жолаушылар және жүк ағымын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту үшін әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа терминал Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен салынуда», - деді аймақ басшысы.

Шара барысында қоғам қайраткері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Биғали Қаюпов жерлестерін жаңа нысанның құрылысы басталуымен құттықтады. Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ибрагим Әбибуллаев жұртшылыққа бата берді. Жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрлі жаңа әуежай ғимаратының құны 31 млн АҚШ доллары. Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіші артпақ. Нақты айтқанда, 2025 жылға қарай рейс саны 3000-ға жетеді деп күтілуде. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайса, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп жоспарлануда. Құрылыс кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылса, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Тағы да оқыңыз: