Kyzylorda-news.kz Қалаға қарасты Қызылөзек ауылында бүгінде 3500-ге жуық халық бар. Аты ауыл болса да тірлігі тынымды Қызылөзектің дамуы қарқын алған. Ауылда мал, егін шаруашылығы дамып, кәсіпкерлік аясы кеңейген. Ебін тауып тірлік қыламын деген ауыл тұрғындарына мемлекеттің қолдауы зор.

Қала іргесіндегі тіршілігі ұйыған «Қызылөзек» ауылының көрінісі әдемі. Мектептен қайтқан балалар, жүк көлігіне сондай ептілікпен басылған шөп, есік алдында шүйіркелесе әңгіме айтқан қарт кісілер, көше бойында асыр салып ойнаған балалар – бәрі-бәрі ауылдың ажарын аша түскендей. Бала күнімізде ауыл көрінісі басқаша еді. Ескі үйлер, шаңы бұрқыраған көше, жалғыз жұмыс көзі мектеп не теміржол болатын.

Қазір ше? Ауыл тірлігі жанданған. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан қолдау көп. Ауыл әлеуетін көтеруге барынша жағдай жасалуда. Сапалы, тегіс асфальт жол салынып, жарықтандырылған. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, спорт кешені, балалар ойын алаңқайы сынды әлеуметтік нысандар да заман талабына сай бой көтеруде. «Көгілдір отынның» игілігін көріп отырған елді мекен саны артуда. Міне, осындай ауылдардың қатарында «Қызылөзек» бар.

«Қызылөзек» ауылдық округіне «Қараөзек», «Айнакөл» және «Қараөзек» бекеті жатады. Мұндағы халық саны 3487 адамды құрайды. Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарылып жатқан істерді тарқатып айтып берді.

Бір қызығарлығы ауыл тап-таза. Қоқысты көзіміз шалмады. Қалаға қатынау қиын емес. Үш мезгіл 29 нөмірлі жаңа автобус қатынайды. Бағасы қалтаға қонымды, 250 теңге. 

Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды. Осыған дейін ауылдық округ тұрғындарының ең өзекті мәселесінің бірі ауылдық округке қарасты 3 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту болатын. Себебі, электр желілері 1960 жылы жүргізілген, қосалқы стансалары 1970 жылдары салынған. Бүгінде олардың тозығы жеткен. Осыған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп, қолдау тапты. «Ауылдық округке қарасты 3 елді мекендегі электр желілерін қайта жаңғырту» жобасы дайындалды. Әзірленген жоба-сметалық құжаттар бойынша жобаның құны 1 млрд 655 млн теңгені құрады. Нәтижесінде жұмысты бастауға 85, 216 млн қаржы бөлініп, жаңадан 1 КТПН орнатылып, 3 шақырым ВЛ-10 кв заманауи электр желісі жүргізілді. Бұл жұмыспен мердігер «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемесі айналысуда. Келер жылы электр желілерін қайта жаңғырту жұмысын толығымен аяқтайды.

Ерекшелігі ауыл ішіндегі көшелер тегіс әрі толық жарықтандырылған. Шеткі көшелерге де қиыршық тас төселіп, ретке келтірілген. Шешімін тапқан маңызды мәселенің бірі – осы жол. Тозығы жеткен көшелер толықтай қайта жаңғыртылды. Облыс, қала басшылығының қолдауымен 250 млн теңге қаржы қаралып, 10 шақырым болатын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Биыл 452 млн теңгеге 3,2 шақырым болатын 3 көшеге жол құрылысы жүргізілуде. Ауыл көшелерін жарықтандыру мақсатында бюджеттен 4 млн теңге қаражат қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы, барлығы 21 көшенің 8-і асфальт, 11 көшесіне малтатас төселген болса, 17 көше жарықтандырылған. Бұл – жоғары көрсеткіш.

– Ауылда шешімін тапқан мәселе көп. Өздеріңіз байқағандай мұндағы жұмыс ауқымды. Енді екі мәселе бар. Соның бірі – «Қараөзек» ауылына кіреберістегі «Қожақ» автомобиль көпірі. Былтыр бюджеттен бөлінген 5,212 млн теңгеге көпірді күрделі жөндеу жұмысына жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысымен күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат көлемі анықталған соң, қаржыландыру жөнінде республикалық бюджетке ұсыныс беріледі.

Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып отыр. Осы бағытта тиісті зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, есептемелерін әзірлеп, облыстық бюджеттен газдандыру жұмысының жоба-сметалық құжаттары дайындалды. Сараптама қорытындысын алуға қаражат бөлу жөнінде ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тауып, қалалық құрылыс бөлімі арқылы жоба әзірлеуші мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде «Дос Строй Проект» ЖШС мекемесі мердігер ретінде танылып, жобалау жұмыстары жүргізілуде, – деді ауыл әкімі Сәкен Нысанұлы.

Демек, жуық уақытта ауыл «көгілдір отынға» қосылады. Бұл – тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Көмір жағып, отын жарып, күл шығарудан босайды.
Ауылда аяқсудан мәселе жоқ. Шешімін тапқан. Бау-бақшасы жайқалып, мол өнім алуда. «Қараөзек» ауылына аяқсу жеткізу мақсатында «ДСУ» учаскесіне электр желісі тартылып, ауыл әкімі аппаратының меншігіндегі жаңа СНПЭ-500/10 электр-насостық қондырғысы арқылы ауылға аяқсу тұрақты беріледі.

«Орталық» канал бойында орналасқан «Қараөзек» ауылының көшелеріне аяқсу тартып отырған 2 электр насосы тозған болатын. Осыған байланысты қуаты 18,5 кВт болатын 2 насостық қондырғы сатып алу жоспарланып, конкурс өткізілуде. Қондырғыны сатып алуға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат қаралды. Енді қалған жұмыс кезегімен атқарылмақ.
Ауылда кәсіпкерлік саласында қарқын бар. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, қолдауын сезінгендер жетерлік. Ірі қара мен жылқы шаруашылығын кәсіп еткендер басым. Мұнда, көбіне картоп егіледі. Бау-бақша дақылдары да өнімді. Күзгі тіршілік қайнап жатыр.

Ауыл бойынша 184 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 30 қожалық, 1 ЖШС, 4 АӨК және 149 жеке кәсіпкер. Жыл басынан бері 11 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Жыл сайын кәсіпке ынталы азаматтар саны артуда. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі жемісті.  «Микробизнес-Қызылорда» несие ұйымы, «Іскер» бағдарламасы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы ауыл кәсіпкерлері жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жобалары қолдау тапты. Мұнда қайтарымсыз грант иеленіп, игілігін көргендер де бар. Кәсіпке бет бұрамын деген ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік қарастырылған. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғыны Нағашыбек Ағыбаев 5 млн теңге несие алып, «Балауса» нан өнімін шығаратын цех ашты. Онда нан түрлері, тоқаштар, кондитерлік өнімдер дайындалады. Кәсіпкер ауылдан бөлек, мектеп, жақын елді мекендерді өз өнімімен қамтып отыр. Цехта күніне үш мезгіл нан пісіріледі. Ыстықтай шыққан нан сөреге жетпей таусылады. Сонымен қатар жиын-тойларға да тапсырыс қабылдайды екен. Ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр.

Биыл 48 млн теңгеге бағаланған 5 жоба ұсынылып, 2 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 7 млн теңгеге пенобетон өндірісі қолға алынса, 29 млн теңгеге асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту көзделген. Жыл соңына дейін қалған 3 жоба да қолдау тауып, іске қосылмақ. Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпті бастаушыларға барынша көмек көрсетіліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы шағын және орта кәсіпті дамытуға қолдау бар. Осы ретте инвестор тарту бойынша кәсіпкерлермен келіс-сөздер жасалып, нәтижесінде «Ақ-Барс Орда» ЖШС мал бордақылау алаңын салуды жоспарлауда. Бордақылау алаңының орны дайындалып, электр желісі жүргізілді. Енді құрылыс жұмыстары басталмақ.

Ауыл негізінен бақша дақылдары және картоп егумен айналысады. Су бар, жылда өнім еселеніп алынады. Биыл 476 гектар жерге картоп, бақша дақылдары егілген. Сонымен қатар 40 гектарға жоңышқа себілген. Әрбір үйдің ауласында бақша бар.

Енді мал шаруашылығына тоқталсақ, бүгінде мал саны 10291 бас. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда көбейген. Тұрғындар асылтұқымды ірі қара мен шығынды аса қажет етпейтін жылқы мен түйе санын арттырып отыр. Себебі мал асырауға қолайлы, жайылымдық жерге бай. Мәселен, ауылдық округтің жер көлемі 77796 гектарды құраса, жайылымдық жер көлемі – 49484 гектар.

Айта кетерлігі ауылда әлеуметтік дүкен халыққа қызмет етеді. Тек қала, аудан, кент аумағынан көретін дүкеннің ауылдан ашылғанына қуанып қалдық.  Адам қарасы көп. Сатушы Жазира Елтоқовамен тілдестік.

– Көріп тұрғандарыңыздай, сөрелер азық-түлікке толы. Әлеуметтік дүкен болғаннан кейін бағасы едәуір қолжетімді. Апта сайын күнделікті тұтынатын тауар жеткізіледі. Халықтың сұранысы жоғары, тез өтіп кетеді, – дейді ол.

Ауылда жұмыссыздар сирек. Себебі, кәсіп бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Қоғамдық жұмысқа тартылған жастар ауылдың абаттануына үлес қосуда. «Жастар тәжірибесімен» 2 азамат жұмыспен қамтылған. Ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 1,7 пайызды құрайды. Мемлекет тарапынан 22 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, жергілікті кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларына демеу болып келеді. Осы бағыттағы шаралар ұдайы жалғасын табуда.

Ауылдық клубта түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Мәдени шараларға ауыл тұрғындары да белсенді қатысады. Елдің мерейін үстем еткен өнерпаздар да жетерлік. Іргетасы сонау 1959 жылы қаланып, 1961 жылы пайдалануға берілген клуб талай өнер саңлағын тәрбиеледі. Көрермен залы бір мезгілде 140 адамды қамтиды. Онда 8 үйірме тұрақты жұмыс істейді. «Бозторғай» ән, «Шертпе» домбыра, «Өлең-саз» көркемсөз, «Жауқазын» би, «Қолөнер» шеберлер үйірмесі бар. Оның ішінде «Гүлдер-айым» әжелер және «Орда КZ» вокалды-инструменталды ансамблі түрлі байқауларға қатысып, жетістікке жетуде. Ауыл кітапханасы да осында орналасқан.

– Жарты ғасырлық тарихы бар мәдениет үйі өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып келеді. Ауыл жастары белсенді. Ән, би, көркемсөз оқу, домбыра, көңілді тапқырлар алаңы сынды үйірмелерге 100-ге тарта адам қамтылған. Көп жерде кездесе бермейтін дыбыс жазу студиясы ашылды. Онда кез-келген өнерпаз әндерін жаздырып, өңдей алады. Мұндағы «Кино-тайм» күні де ерекше. Апта сайын ауыл тұрғындары еліміздің үздік кино туындыларын тамашалайды. Мерекелік күндерге арналған кештер өтеді. Бізде қолөнер шеберлері бар. Олардың бұйымдарына арналған бұрыш жасақтадық. Сонымен қатар «Жанұя» бөлмесі отбасы құндылықтарын дәріптейді, – дейді клуб директоры Айдос Байкенов.

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Клубта жыл сайын 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік кештерде үйірме қатысушылары өнер көрсетеді. Ауыл жастарына арналған би кештері, көңілді тапқырлар ойындары ұдайы өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін кинокөрсетілім мен мультфильм тамашалайды. Облыстық, қалалық деңгейдегі іс-шаралар өтеді.

– Роза Бағланова атындағы облыстық байқау, жергілікті ақын Бозымбай Қоқыбасұлы атындағы қалалық деңгейде шара өтті. Мұндай байқаулар жиі ұйымдастырылады. Мәселен, жақында жергілікті жырау Мұхамедияр Жабағиевқа арналған «Жыр күмбезін қалдырған…» атты облыстық жыраулар байқауы өтіп, 13 талапкер қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде Мұхамедияр жыраудың шығармашылығынан бір жыр орындалса, екінші кезеңде еркін тақырыпта қатысушының мүмкіндігін толық көрсететін бір шығарма орындалды. Осы тектес байқаулардың жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысамыз, – дейді клуб директоры.

Мәдениет үйінің атқарып жатқан істері ауқымды. Талантты шәкірттерді тәрбиелеп, олардың шығармашылығын шыңдауына үлес қосуда. Ауылдың өнерлі өрендері талай республикалық, халықаралық додаларда топ жарып жүр.

Ауылдық клуб ғимаратында орналасқан кітапханада 13433 кітап қоры бар. Оқырмандар саны 700-ден астам. Біз барғанда жаңа кітаптар келіп жетті. Жанрына қарай топтастырылған. Іздеген кітабыңды тез таба аласың. Жаңа компьютерлер қойылыпты. Оқушылар интернет желісі арқылы қалаған ақпаратты пайдалана алады.

– Кітапхана тарапынан ауқымды іс-шаралар өткіземіз. Мерекелік кештерде арнайы кітап көрмесін ұйымдастырамыз. Әдеби кештер, сайыстар тұрақты өтеді. Тарихи тұлғалар, ақын-жазушылар, өнер майталмандарына арналған кездесулер, пікірталас сынды түрлі шаралар өткізіліп, оған оқырмандар белсенді қатысады. Мектеп оқушыларына арналған интеллектуалды ойындар, тағылымы мол, тәрбиелік мәні бар жиын өткізіп, оған білім беру саласының мамандарын шақырамыз, –деді кітапхана меңгерушісі Мираш Досмырзаева.

Кітапхана қоры қазіргі кезде тоқсан сайын жаңартылып, жаңа кітаппен толығып тұрады. Ауылда кітапқұмар жастар көбейген. Бұрын зейнет жасындағы оқырман көп болса, қазір жастар қатарымен толыққан. Ертегі оқитын балалар бар. Оқырман іздеген кітап сөреден табылмаса, кітапханашы қаладан арқалап келеді. Мираш Маратқызы кітапты көп оқыған белсенді оқырмандарды ынталандырып отырады. Ауыл зейнеткері Жиенбай Айдаралиев пен Сәуле Сисенбаева – сол сыйлықты алып жүрген тұрақты оқырмандар.

Мұндағы үш мектепте 603 оқушы білім алады. Сонымен қатар №39 мектеп жанындағы шағын орталықта 45 бала тәрбиеленуде. Балаларға арналған арнайы тасымал автобус бар. Ол шеткі аумақта тұратын 62 баланы тасымалдайды. Жаз мезгілінде 80 бала күндізгі лагерьмен қамтылса, 123 оқушы жазғы тынығу лагерлеріне жолдама алған. Ауыл мектебінің көрсеткіші де жаман емес. Мектеп бітірген 39 түлектің 34-і ҰБТ-ға қатысып, 2 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат» иегері белгілі болды. 33 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.

Ауылдық округте дәрігерлік амбулатория және 2 медициналық пункт жұмыс істейді. Онда 2 дәрігер, 10 медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, жақында дәрігерлік амбулатория бөлімшесіне жаңа заманауи санитарлық автокөлік табысталды. Осылайша қарт, мүгедектігі бар жандардың денсаулығын уақытылы қадағалап тұруға, науқасқа жедел жәрдем көрсетуге жағдай жасалды.

– Алда атқарылар шаруа көп. Е.Дәуітбаев көшесінен спорт алаңын салу жоспарлануда. Құрылыс жұмысына облыстық экономика басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Маңызды шаруаларды жергілікті қауымдастық жиыны, ардагерлер кеңесімен ақылдаса отырып, шешіп келеміз. Шүкір, ауылдың әлеуеті көтеріліп келеді. Қазір халықтың тұрмысы түзелген. Осы кезге дейін ең басты мәселе –электр желілерін жаңарту және  «Қожақ» көпірі болатын. Мұның да түйіні шешілуде, – деді ауыл әкімі.

Еліне шын жаны ашып, қамқор болатын азаматтар тұрғанда ауылдың жағдайы жақсара беретініне осы жолы тағы бір көзіміз жетті. Көңіл марқайтқан «Қызылөзектегі» тіршілік, шын мәнінде ұйыса алған ауылдың берекесі.

Тағы да оқыңыз: