Kyzylorda-news.kz. Қызылөзек ауылдық округінің халық саны 3536 адамды, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 1802 адамды құрайды. Өткен 2022 жылы ауылдық округтің бюджеті 94 миллион 183мың теңге болып бекітілген. Салық түсімдерінің жоспары 6 миллион 259 мың теңгеге бекітіліп, жыл соңына дейін 7 миллион 844 мың теңге түсім түсіп, жылдық жоспар 125 пайызға орындалған.
Бүгінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген3 миллион 620 мың теңге қаражатқа ауылдық округтегі Айнакөл ауылының 3 көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылса, мекеменің үнемделген қаражаты есебінен қаралған 3 миллион 997 мың теңгеге Жамбыл Жабаев көшесінің аяғына жарық бағаналары орнатылып, өткен жылғы есепті кездесулерде жарықтандыру бойынша көтерілген мәселелер толық шешімін тауып отыр. Бұдан бөлек, елді мекендердегі көшелердің түнгі жарық бағаналарын күтіп ұстау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 7 миллион 010 мың теңге бөлінген.
Соңғы жылдары Қызылөзек ауылдық округінде аяқ су тапшылығы орын алып отыруына байланысты, қала басшылығының қолдауымен 18 миллион 852 мың теңге қаражатқа 2 дана жаңа «СНП-500/10» дизельдік насостық қондырғысы сатып алынып, егістіктер мен 3 елді мекенге аяқ су берілген. Сонымен қатар, аяқ су мәселесін шешу мақсатында мақсатында 4 дана техникалық су тарту ұңғымасы қазылды.
Желтоқсан айынан бастап, тұрғындардың өтінішіне орай, бұрын күніне бір рет қатынап келген шағын автобустың орнына «Қызылорда» автобус паркі» мекемесінен «Қызылорда – Қараөзек» бағытына қатынайтын жаңа №29 қоғамдық көлік бағыты ашылып, орта сыйымдылықтағы автобус күніне 3 мезгіл тұрақты қатынап келеді. Жақын арада тағы да сыйымдылығы үлкен жаңа автобус жүргізу жоспарланып отыр.
Ауылдық округте сондай-ақ елді мекендерді көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Есепті жылы тұрғындардың сұранысына байланысты 2 миллион 999 мың теңге қаражатқа орталық Абылайхан көшесінен «Демалыс аллеясы» бой көтерді.
Бүгінгі таңда ауылдық округте 156 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп келеді. Өткен жылдың көлемінде шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 20 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, 20 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Айта кетерлік жайт, өткен жылы ауылдық округ тұрғындарының кәсіпкерлік саладағы өрісін кеңейту мақсатында барлығы 95 миллион 300 мың теңгені құрайтын 14 жобаға несие берілген. Соның ішінде «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2 миллион 400 мың теңгені құрайтын 1 жоба, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен 20 миллион 800 мың теңгені құрайтын 2 жоба, «Іскер» бағдарламасымен 39 миллион 500 мың теңгені құрайтын 8 жоба және несие ұйымдарының ішкі бағдарламаларымен 32 миллион 600 мың теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар, 6 тұрғын жаңа бизнес идеяларын іске асыру мақсатында 7 миллион 351 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды.
Ауыл шаруашылығы саласында төрт түлік мал басы өткен жылғы көрсеткіштен 115-ке артып, 10 020 басқа жеткен. 507 гектар жерге егін егіліп, картоптың әр гектарынан 129, көкөністен 131, бақша өнімдері бойынша 128 центнерден өнім алынды. Оның ішінде, «Үміт» шаруа қожалығы «тамшылатып суару» технологиясымен 8 гектар жерге картоп дақылын өсірді.
Жем-шөп өндірісін ұйымдастыру мақсатында «Жарықкөл» шаруа қожалығы 150 гектар жерді инженерлік жүйеге келтіре отырып, 70 гектар жерге жоңышқа дақылын өсіріп, тұрғындарға нарық бағасынан арзанға сатты.
Ауылдық округте экономикалық белсенді халық саны - 1802 адамды құрайды. Оның ішінде, жұмыс істейтіндер саны 1183 адам болса, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 598 адам бар. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру арқылы 5 азамат жастар тәжірибесімен, 26 азамат қоғамдық ақылы жұмыспен, 25азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл соңында жұмыссыздар саны 21 адамды, жұмыссыздық деңгейі 1,17 пайызды құраған.
Есепті мерзімде мемлекет тарапынан 65 отбасына 24 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 66 отбасыға азық-түлік және отын түрінде көмек көрсетілді. Одан бөлек «Мектепке жол» акциясы барысында 122 балаға оқу құралдары мен киімдер таратып берілген.
Білім саласы бойынша өткен оқу жылы ұстаздар қауымының табысты еңбегінің нәтижесінде мектеп бітірген 42 түлектің 35-і ҰБТ-ға қатысып, 29 бітіруші мемлекеттік грант бойынша жоғарғы оқу орындарына түсті. Соның ішінде 5 бітіруші «Алтын белгіге», 1 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды.
Облыстық бюджеттен бөлінген 45 миллион 325 мың теңге қаражатқа Айнакөл ауылындағы №175 мектепке жылу беру автономды бу қазандығы салынды. Айта кетерлік жайт, облыс әкімдігінің қаулысымен №175 және №128 негізгі мектептерге жалпы орта білім беретін мектеп мәртебесі берілді.
Денсаулық сақтау саласы аясында ауылдық округте 2 дәрігер және 12 медицина қызметкерлері тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Есепті жылы округте 51 нәресте дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны 15 адамды құрап отыр.
Ал мәдениет және спорт саласы бойынша ауылдық клубта 8 үйірме қызмет етіп, 96 жас тұрғындар клубтағы үйірмелерге қатысады. Өткен жылдың тамыз айында Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлының ұрпақтарының демеушілігімен Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңынан» жыраудың атына ескерткіш белгі орнатылып, «Мұхамедияр жырау» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 3 елді мекенде 3 шағын спорт және балалар ойын алаңдары бар. Мұнда спорттың 6 түрінен 157 жас шұғылданады. Өткен жыл соңында «Жастар бастамаларын қолдау» жобасы аясында жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында үстел теннисі орталығы ашылды.
Қоғамдық тәртіп бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аймағында есепті мерзімде 5 қылмыс тіркеліп, 3 қылмыс ашылып отыр. Осылайша қылмыстың ашылу көрсеткіші 60 пайызды құрады. Сонымен қатар, әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 63 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Алдағы уақытта елді мекен көшелерінің жолдарына жөндеу жүргізу мақсатында өткен жылы бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 6 көшеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік ұсыныс берілген болатын. Соған сәйкес, биылғы жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, Абылайхан және Айнакөл-2 көшелеріне асфальт, Жаңаарық, Арғын, Қорқыт Ата, және Қараөзек бекеті-3 көшелеріне малта тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Абылайхан және Шамгүл Ибраева көшелеріне жаяю жүргіншілер жолын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстардың жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінімдері ұсынылып, қазіргі уақытта қаражаттың бөлінуі күтілуде.
Жарықтандыру жұмыстары да биылғы жылы жалғасын тауып, Айнакөл ауылының жарық бағаналары орнатылмаған 2 көшесіне жаңа үлгідегі жарық бағаналары орнатылатын болады. Сол сияқты, жыл басында бюджеттік өтінімдері ұсынылған Қараөзек ауылындағы М.Жабағыұлы жәнеАрғын көшелерін толық жарықтандыру жұмыстарына қаржы күтілуде.
Үстіміздегі жылы Қараөзек ауылынан балалар ойын алаңын салуға тиісті қаражат бөлініп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері жасалуда. Алдағы уақытта ойын алаңы Е.Дәуітбаев көшесінен салынатын болады.
Сондай-ақ, өткен жылғы есепті кездесулер барысында көтерілген «Қожақ» автомобиль көпірін күрделі жөндеу және Электр тарату желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жобалық зерттеу жұмыстары (ПИР) жасалып, бюджеттік өтінім ұсынылған болатын. Үстіміздегі жылы бұл ұсыныстар бойынша қажетті қаражат бөлініп, жобалау жұмыстары басталуда. Жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындылары алынған соң құрылыс жұмыстарына қаражат бөлуге жұмыстар жасалмақ.
