Kyzylorda-news.kz. Жұмыс бабымен Сырдария ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Қызылдихан» шаруа қожалығына бардық. Мақсатымыз – шаруашылықта атқарылып жатқан жұмыстармен танысу және егінге дайындық барысын көру. Сол келісім бойынша шаруа қожалық төрағасы Алданберген Құлбаевпен бірге егістік басына жол тарттық.
Шаруашылық төрағасы қожалықтағы атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. Оның ішінде биылғы жаңалықтарымен бөлісті.
Ата кәсіп болған егін егу ісінде жауапкершілік аса қажет. Жерді баптай білсең ғана, алтын күзде егінді мол аласың. Сондай-ақ тынбай еңбек еткеннің мерейі үстем болады. Сондықтан көктемде егінге дайындықты ерте бастап, жерді күріш егуге әзірлеп жатырмыз. Біздің былтыр шаруашылыққа екі «Claas» тракторын жер тегістеуішімен алдық. Шаруа қожалықтың жері жарты ғасыр бұрын тегістелген. Содан қазір атыздар біртегіс емес. Осыны ескеріп, наурыз айынан бастап күндіз-түні жер тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді Алданберген Құлбаев.
Осы жаңалықты естігенше атызды айналып жүрген техникалардың қବсына келдік. Шетелдік қуатты техника. Соқамен айдалған жерді айналып, теп-тегіс етуде. Бұл жұмысқа механик Қасым Қожанов жауапты. Жер¬дің 0-дік деңгейде тегістелгенін арнайы құрылғымен бақылап тұр. Ал қос техниканың бірін механизатор Жасұлан Нұрымбетов, екіншісін Руслан Бисембаев тізгін-деген. Оларды түнгі кезекте Әбсадық Маханов пен Хайролла Нұрболатұлы ауыстырады. Осылайша, күндіз-түні жер тегістелуде.
Жыл сайын егін егу жұмысын жүйелі іске асырамыз. Соған орай ерте көктемнен егістік жерді тегістеуге тапсырма берілді. Осылайша көктем және күз айларында жаңа техникамен атыздықтарды тегістеп алатын боламыз. 2-3 жылдың көлемінде шаруашылықтағы барлық жер теп-тегіс болады. Мұның егіннің бітік шығып, мол өнім алуға септігі зор. Тегіс жерден диқанның да еңбегі қайтады, – деді егістік басында шаруашылық төрағасы.
Механик Қ.Қожанов та бұл жерлердің біраздан бері тегістелмегенін атады. Алғашында қиындық тудырғанымен, кәнігі мамандардың тынымсыз еңбегімен атыздар біртегіс болып жатқа-нын айтты. Айта кету керек, қазіргі таңда шетелдік қос техниканы тізгіндеген механизаторлар білікті бригадир Кенже Айтбаевтың бригадасындағы диқандарға бөлінген жерлерді тегістеу үстінде.
Биыл да шаруашылық 800 гектар жерге Сыр салысын екті. Бүгінде сол егінді күтіп баптау жұмыстары жүргізілуде. Тыңайтқыштар себіліп жатыр.
Түске таман шаруа қожалықтың қырманына келіп тоқтадық. Мұнда да қызу еңбек. Бригадир Данияр Мусаев бастаған шаруашылық қызметкерлері үлкен көлемдегі кірпіш (пескоблок) құю жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Біз өнім, өндіріс бойынша сыртқа тәуелділіктен арылуымыз керек. Соның салдарынан қазір баға бағамында тұрақтылық жоқ. Судың да жағдайын біліп отырмыз. Сондықтан біз тек егін егумен ғана айналыспай, шаруашылық жұмысын әртараптандыруға көңіл бөлудеміз. Сол мақсатта осы жұмысты қолға алдық. Өнімді, өндірісті өзіміз өндіріп, өңір халқын қажеттіліктермен өзіміз қамтуымыз қажет, – дейді А.Құлбаев.
Үлкен көлемді кірпіш құюға арнайы құрылғы алынған. Қажетті қиыр-шық тастары мен цементі де түсіріліп берілген. Бұл жерде құрылыс қоймашысы Асылбек Қожахметов, мамандар Серік Маханбетов, Болатбек Ізтілеуов, Бүркіт Айтбаев, Бексұлтан Төребековтер еңбек етуде. Бригадир Д.Мусаевтың айтуынша, күніне 250 дана кірпіш, 34 дана бағана (стойка) құяды екен.
Біз егістік жерді жыл сайын ағаш бағаналармен қоршаймыз. Олар кейде сынып қалады, кейде шіріп кетеді. Соның салдарынан егінге мал түседі. Осыны болдырмау үшін өткен жылы Шымкенттен мықты бағаналардың әр данасын 1200-ден алдырдық. Ал биылғы бағасы 4000 теңге болыпты. Содан оны сатып алмай, мықты бағана құюға арналған темірден 34 қалып жасаттық. Қазір күн сайын 34 данадан бағана құйылып жатыр. Осылармен егістік жерлерді қоршасақ, қоршауымыз ұзақ уақыт тұратын болады, – деді шаруашылық төрағасы.
Мұнан бөлек шаруашылық тарапынан бақша дақылдарын егу жұмыстары да жүргізілуде.
Қазіргі таңда шаруа қожалық еңбеккерлері күріш егуге дайындықты үдеткен. Айдың үшінші онкүндігінде Сыр салысын орналастыра бастайды. «Көктемнің бір күні жылға азық» екенін білетін қызыдиқандықтар биыл да мол өнім алып, межеден асуға үмітті.