Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік қызмет дегенде көпшіліктің көз алдына ел басқару, маңызды шешімдер қабылдау, халықпен жұмыс істеу секілді ұғымдар келеді. Алайда мемлекеттік қызметтің ауқымы мұнымен шектелмейді. Оның әр саласында елдің ертеңіне, қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін сан түрлі міндет бар. Бірі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысса, енді бірі экономиканың дамуына үлес қосады. Ал мемлекеттік қаржының заңды әрі тиімді жұмсалуын қадағалайтын мамандардың жұмысы – осы үдерістің маңызды тетіктерінің бірі.
Мұндай қызметте тек кәсіби білім жеткіліксіз. Оған қоса табандылық, ұқыптылық, әділдік, заңға деген құрмет және жауапкершілік қажет. Өйткені мемлекеттік аудит маманының алдында тұрған әрбір құжаттың артында бюджет қаражаты, ал бюджет қаражатының ар жағында халықтың сенімі мен мемлекеттің мүддесі тұр. Осы жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған жанның бірі – Қайрат Нартайұлы.
Оның өмір жолы ауыл тіршілігімен біте қайнасып өсті. Туған жердің қарапайым еңбек адамдарының өмірін көріп, ауылдың тыныс-тіршілігінен тәлім алған азаматтың кейінгі кәсіби қалыптасуында осы ортаның да әсері көп болды.
1983-1985 жылдары Қызылорда совхоз техникумында ауыл шаруашылығы өндірісінің бухгалтерлік есебі мамандығы бойынша білім алды. Бұл оның есеп-қисапқа, қаржы саласына деген алғашқы кәсіби қадамы еді. 1989-1995 жылдары Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауыл шаруашылығы институтында «Шаруашылық қызметін талдау, бақылау және бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша жоғары білім алып, экономист-бухгалтер біліктілігін иеленді. 1985-1987 жылдары Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында Отан алдындағы борышын өтеді.
Еңбек жолын бірден биік лауазымнан бастаған жоқ. Әр жылдары есепші, экономист, бас есепші қызметтерін атқарды. Абай күріш кеңшарында экономист болып еңбек етті. Кейін «Үміт» шағын кәсіпорнында бас есепші, Қызылорда қалалық білім бөлімінде есепші қызметін атқарды. №138 орта мектепте, қалалық білім бөлімінде бас есепші болып жұмыс істеді.
Бұл кезеңдер оның тәжірибесін шыңдап, қаржы мен есеп саласының қыр-сырын терең меңгеруіне мүмкіндік берді. Әсіресе білім беру саласындағы қызметі мемлекеттік мекемелердің қаржылық жұмысының ерекшеліктерін түсінуге жол ашты. Себебі әрбір мекеменің өз міндеті, өз қаржылық тәртібі, өз жауапкершілігі бар. Олардың барлығында ортақ талап – қаражаттың дұрыс есептелуі мен мақсатты жұмсалуы.
2010 жылы Қызылорда қалалық мәслихаты аппаратында бақылау бөлімінің бас маманы, кейін бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бұл кезеңде мемлекеттік басқару жүйесіндегі бақылау жұмыстарының ерекшеліктерімен жақынырақ танысты. Ал 2011 жылдың 26 қыркүйегінен Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясында абыройлы қызмет етіп келеді.
Мемлекеттік аудит сырт көзге қарағанда құжаттар мен цифрлардан тұратын жұмыс секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның мазмұны әлдеқайда терең. Өйткені мұнда әрбір санның, әрбір қаржылық операцияның, әрбір шешімнің заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік аудитордың міндеті – тек кемшілік іздеу немесе қаржылық есепті салыстыру емес, мемлекеттік қаражатты басқарудағы ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуге, қаржылық тәртіпті нығайтуға үлес қосу.
Қайрат Әбуовтің еңбек жолындағы әртүрлі қызмет баспалдағынан өтуі осы саланың ерекшелігін жан-жақты түсінуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Экономист те, бухгалтер де, бақылау маманы да болған ол мемлекеттік мекемелердің қаржылық жұмысын әр қырынан таныды. Сондықтан оның бүгінгі қызметі жылдар бойы жинақталған тәжірибенің заңды жалғасы іспетті.
Қайрат Әбуовтің еңбек жолындағы тағы бір қыры – кәсіби білім мен тәжірибені ұштастыруы. Ол ұзақ жылдар бойы есеп және бақылау саласында жинаған тәжірибесін мемлекеттік аудит жүйесінде жалғастырып келеді.
2017 жылы 7 желтоқсанда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы еңбегі үшін «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Бұл – оның кәсіби қызметіне берілген марапаттардың бірі. Алайда мемлекеттік қызметте марапаттың өзі ғана басты өлшем бола алмайды. Ең маңыздысы – жылдар бойы қалыптасқан кәсіби ұстаным, атқарылған істің нәтижесі және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Уақыт өзгереді, заңнамалар жаңарады, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа талаптар қойылады. Бұрынғы есеп жүргізу тәсілдері бүгінде цифрлық технологиялармен толықты. Қаржылық бақылау жүйесі де біртіндеп жаңа сипатқа ие болып келеді. Мұндай жағдайда маманның үнемі ізденуі, білімін жетілдіруі, жаңа талаптарды меңгеруі маңызды. Өйткені қазіргі мемлекеттік аудит тек өткен кезеңдегі қаржылық операцияларды тексерумен шектелмеуі керек. Ол тәуекелдердің алдын алуға, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігін бағалауға бағытталуы тиіс. Бұл – уақыт талабы.
Қайрат Нартайұлының еңбек жолы бір күнде қалыптасқан кәсіби бағыттың емес, толысқан тәжірибенің көрінісі. Ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы қадамдардан бастап, білім беру мекемелеріндегі бухгалтерлік есеп, мәслихат аппаратындағы бақылау жұмыстары және мемлекеттік аудит жүйесіндегі қызметіне дейінгі кезеңдердің барлығы оның кәсіби қалыптасу жолын құрайды.
Түптеп келгенде, елге қызмет ету – атақ пен мансаптың өлшемі емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекеттің мүддесін жеке мүддеден жоғары қою, заңға адал болу, тапсырылған іске немқұрайлы қарамау – мемлекеттік қызметтің басты қағидалары. Өйткені мемлекеттік қызметтің шынайы беделі кабинеттегі лауазыммен емес, ел игілігі үшін атқарылған еңбектің салмағымен өлшенеді. Ал сол еңбектің бағасын уақыт пен халық береді.
Бауыржан ПШАНОВ,
Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі,
әдеп жөніндегі уәкіл
