Kyzylorda-news.kz Жанұямыз жайлы сөз қозғасақ, көңіліміз көтеріліп, жанымыз жылитыны рас. Себебі, бұл біздің өміріміздегі – ең қымбат орта, жүрегі жақсылықты ғана қалайтын жандар мекені. Қоғамымызда үйде де, түзде де қол ұстасып бірге жүрген жарасымды жанұялар бар. Барлығына ортақ дүние – олардың бір салада жұмыс атқаруы. Қармақшы ауданында да бірнеше жылдан бері бір мекемеде бірге қызмет атқарып келе жатқан жұптар жетерлік, әрине. Бұл ретте қоғамның пікірі де сан алуан. Бірі – үйде де, жұмыста да бірге жүру жалықтырып жібереді десе, біз сұқбаттасқан жұптардың пікірі мүлде бөлек. Оқи отырыңыз.
Өмірде де, қызметте де жұп жарастырып, ел-жұртқа шынайы сезімдерімен, ақ адал ниеттерімен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақ шаттығын еселеуімен үлгі болып жүрген ерлі-зайыптылардың бірі – Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің қызметкерлері Айдынбек Скендіров пен Қамар Сәрсенбаева. Олардың отау құрғандарына 13 жыл болса, «бір терінің пұшпағын илеп» бір салада жұмыс істеп келе жатқандарына 14 жыл.
Жалпы «Ер адам жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» деген қағида бар. Ал сүйген жары отбасылық қуанышпен қатар, әріптесі болып, қызметте де қатар жүрсе, ортақ тақырып, бірдей сүйікті іс оларды одан әрі жақындата түссе, нұр үстіне нұр емес пе? Кейіпкеріміз Айдынбек Айтбайұлы әңгімесін екі таңдаудан да қателеспегеніне шүкірліктен бастады.
– Мен 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жас маман ретінде аудандық Жыраулар үйіне жұмысқа орналастым. 2010 жылы атақты Сәрсенбай жыраудың немересі Қамар да әріптестер қатарына қосылды. Алғашқы көргенімде көздері ботадай, қазақтың қарапайым қызы деп қабылдадым. Кейіннен мінезінің де жайлылығын байқадым. Бір жылдан кейін отау құрдық. Қазір 3 перзент өсіріп отырмыз. Қандай ер-азамат болсын әйелінің мінезінің ашық-жарқын, әрі жайлы болғанын қалайды емес пе? Бұл жөнінен менің жолым болды. Ал бір салада жұмыс істеуге келсек, оның кемшілігі жоқ, керісінше артықшылығы көп дер едім. Атқаратын қызметіміз әртүрлі болғанымен, бір салада жүргеннен кейін бір-біріміздің қателігімізді түзеп, көмектесіп, керек кезде қолдау білдіреміз. Отбасында үлкендердің рөлі өте маңызды. Жас отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Осындайда көпті көрген үлкендердің ақыл-парасатын тыңдап, олар нұсқаған жолмен жүрген дұрыс, – дейді отағасы.
Ал қызметі мен бесігін қатар ұстап келе жатқан Қамар жолдасының жанұяға алаңдамай қызметін абыроймен атқаруы үшін отбасындағы жайлылықты қамтамасыз етіп, қызметін де жасап, балалардың ұсақ-түйек мәселесіне жолдасын мазаламауға тырысады.
– Отағасым үйдің үлкені болғандықтан, өзінен кейінгі бауырларына да біз қамқорлық танытамыз. Үйде анамыз бар. Сол анамыздың арқасында алаңсыз жұмысымызды атқарып, елге де, үйге де сыйлы болып отырмыз. Балаларымыздың барлығы балабақшада емес, ата-әже мектебінен өтті. Үйдегі үлкендеріміздің парасатының арқасында олар тәлімді, тәрбиелі болып өсіп келеді. Үйдегі, мектептегі тәртібі, сабағын оқуы секілді мәселелер менің жауапкершілігімде болса, әкесі ата-аналар жиналысына барады, олармен сөйлесіп, ер-азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіреді. Әке ретінде қаталдық танытатын кездері де болады. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді емес пе? Бұл жағынан отбасымызбен ер-азаматтың сөзіне қарсы келмейміз, айтқан сөзін тыңдаймыз. Ал отағасыңмен бір салада еңбек ету – жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады дер едім. Ретсіз қызғаныштың да алдын алады. Үйдің де, түздің де мәселесін бірге шешіп, бала тәрбиесіне де бірге атсалысамыз, – дейді Қамар Сәрсенбаева.
Жеке кәсіпкерлер жанұясы
Қазір елімізде шағын және орта бизнеске көңіл бөлініп, шағын кәсіпкерлік бағыты шарықтап дамуда. Қармақшыда да оң өзгеріс көп. Кәсіпкерлер қатары күн сайын толығып, халыққа жаңа қызмет түрлері де ұсынылуда. Отбасылық бизнес те ортамызға сіңіп, жақсы дамып келеді. Жанұясымен кәсіп жасауды құп көрген жандардың бірі – Жеңісбек Оспанов пен Жақсыгүл Абдуллаева.
Бұл жарасымды жұп 2011 жылы шаңырақ көтерген. Қазір үкілеп өсіріп отырған 4 перзенті бар. Балаларының болашағының жарқын болуын қалайтын олар нәсіптерін кәсіптен табуға бел буған. Отағасы кәсіпке биыл келсе, отанасы 2017 жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Жақсыгүл нәзік жандыларды сұлу етуге бар күшін салса, Жеңісбектің кәсібі сауабы мол істің бірі. Олай дейтініміз, ол – ер адамдарға массаж жасаудың шебері. Ересектермен қатар, дерт дендеген балаларды оңалту үшін барын салады. Өзі де «Басты мақсатым пайда табу емес, өзгеге пайдамды тигізу» дейді. Осындай асыл ниетпен кәсіп ашқан азаматтың отбасы жөнінде айтары бөлек.
– Қасым Аманжоловтың «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» деп жырлағанындай, Отанның шағын отбасынан басталатыны рас. Әр мемлекеттің өзіне тән сыртқы, ішкі саясаты, кірісі мен шығысы болатыны сияқты әр отбасының да дәл сондай болмыс-тіршілігі бар. Ол да өзінше басқаруды талап етеді. Сондықтан да қай уақытта болсын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Өзімнің кәсіпке қызығушылығым бұрыннан бар еді. Биыл Алматы қаласында білімімді жетілдіріп, қосымша мамандық меңгердім. Біздің ұстанымымыз – халыққа қызмет ету, олардың көңілінен шығу. Елдің алғысын алу. Ал алғыстың алысқа апаратыны анық. Мен осы уақытқа дейін басқа салаларда қызмет атқардым. Ал қазір жұбайыммен бір салада жүрген соң, мақсатымыз да ортақ. Талқылайтын тақырыбымыз да бір. Бірге жұмыс жасау бізді жақындастыра түсті десем, артық айтқанымыз емес, – дейді отағасы Жеңісбек.
Иә, жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ жарқын қадамы. Егер әрбір ата-ана отбасында бірлігі жараса ғұмыр кешсе, бала да соны жалғамақ. Өйткені халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демейді ме?
– Жалпы кез келген кәсіпті қолға алғанда отбасының қолдауы мен сенімі аса маңызды. Осыдан 7 жыл бұрын кәсіпті отбасымның қолдауымен бастаған болатынмын. Артқан сенім ақырындап орындалып келеді. Биыл отағасым да кәсіпке кірісті. Массаждың бірнеше түрін игерген ол жақсылық жасауға қашанда дайын тұрады. Тіпті әрбір жұмада науқас балаларға тегін қызмет ұсынады. «Кәсіптегі ниетіміз елге пайдалы болу» деген ұстанымды жиі айтады. Кәсіп сырттай көрінгенге жеңіл дүние сияқтанғанымен, уақытпен санаспай қызмет ететінің де бар. Мұндайда егер өзіміз ғана болсақ, отбасы болып кәсіп жасауымыз да екіталай ма еді, кім білсін? Қазір біздің кәсібіміздің өркен жайып, еркін елге қызмет ұсынып жүргеніміз – үйдегі ата-анамыздың арқасы. Ата-әже мектебі мен олардан алған тәлім бөлек қой. Қолымыз қалт етсе, өзіміз де бала тәрбиесіне бірге атсалысуға асығамыз. Әзірге бірге жұмыс істеудің кемшін тұстарын байқамадық, керісінше артықшылықтары көп секілді, – дейді Жақсыгүл Гажденбекқызы.
Пошта қызметінде табысқан отбасы
Пошта дегенді естігенде хат жіберіп, хат қабылдап алатын маманның қызметі көз алдымызға елестейтіні рас. Беріге дейін айшылық алыс жерлерден ағайынның сәлемдемесін жеткізіп, хабар алуда пошта қызметі үлкен маңызға ие болды. Қазір ақпараттық ағым ауысып жатқан тұста Қазпоштаның қызметі басқаша сипат алып, ұсынатын қызметі де заманауи тәсілмен толыққан.
Конвертке салынған хат пен қорап-қорап тапсырысты қабылдап, оны әрі қарай тиісті мекен-жайға жолдап отыруда Нұрболат Исабекұлы мен Нұргүл Батырханқызының қызметі зор. Ерлі-зайыптылардың аудандағы пошта байланыс торабында үздіксіз қызмет істеп келе жатқанына көп жыл жуықтаған. Қазақстанның әр аймағынан келген түрлі хаттар мен газет-журналдар алдымен Нұрболаттың алдында сұрыпталады. Оларды жік-жігіне бөліп, таратушыларға үйлестіру міндеттелген.
– Өзіме жүктелген жұмыс қауырт басталады. Азанда ерте пойызбен келген заттарды қабылдап алып, сұрыптаймын. Үйілген хаттар мен ұсақ қорапшалардың әрқайсысын компьютерге базаға тіркеп, кент ішіндегі өзіміздің бөлімшелерге, таратушыларға және операторға бөліп жіберемін. Одан кейін әрі қарай мамандардың жұмысымен тиісті мекен-жайға жетіп отырады, – дейді Нұрболат Исабекұлы.
Ал Нұргүл мұнда оператор маман. Ол халыққа әртүрлі сала бойынша қызмет түрін көрсетеді. Келген адамның несиесін қабылдайды, ішке келген хат немесе заттарды өз иелеріне таратып, басқа мекен-жайға жіберетін хат болса алып қалып отырады. Одан бөлек пошта арқылы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын берсе, жеке кәсіпкерлерге де қызмет көрсетеді.
Ерлі-зайыптылар бір салада жүріп қызмет істегеннің оң әсері мен пайдасын барын алға тартады. Көп жағдайда жұмыс барысында бір-біріне көмектесіп, үлгере алмаған тұстарында қолдау білдіріп отыратынын айтады. Сонымен қатар бірге болғанның жақсы жағы үйде де, қызметте де артық реніш болмайды дейді олар.
– Маған қарағанда жолдасымның қызметі физикалық жағынан салмағы басым. Азанда ерте тұрып пойыздан зат күтіп алып, ішке әкеледі. Оны сұрыптап жіберудің өзі үлкен процес. Кейде келесі пойыздың уақытына үлгеру керек болған кезде орнына қалып, жұмысын тоқтатпай жалғастырамын. Әріптестер арасында отырыс, жиын болса бара алмағанымыз қалып, барғанымыз орнымызды жоқтатпаймыз. Ал отбасында балаларымызға қамқор әке-анамыз. Алты баламыз бар. Оларды қатарынан қалдырмай тәрбиелеп өсіріп, бар мейірімізді төгудеміз. Үйімізде көбіне әкенің тәрбиесі жоғары тұрады. Ананың көңілі, жүрегі қашанда жұмсақ қой. Балаларым бір жерге барғысы келсе, болмаса керек зат сұраса «Бірінші әкелеріңнен сұраңдар, рұқсатын алыңдар» деп отырамын. Бізді кезінде ата-анамыз ешкімнің ала жібін аттамауды, үлкенді сыйлауды үйреткен. Қазір сол тәрбиені балаларымыздың бойына сіңіріп келеміз, – дейді отанасы Нұргүл.
Алғысқа бөленген ақ халаттылар
Ауданыда шаңырағының бірлігі мен шаттығын алдыңғы орынға қойып жүрген отбасылар көп. Олардың ішінде бір салада қызмет етіп жүрген «жұмыстағы жұптар» да бар. Өмірде ерлі-зайыпты болғанымен, қызметте әріптес. Солардың бірі – адам жанына шипа беріп жүрген дәрігерлер – Айдос Жанәлиев пен Айгерім Мырзахан.
Қос дәрігер де Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің түлегі. Мектепті бітірген соң асқақ арманымен осы шаһарға келіп білім алады. Бірақ болашақ тағдырларын осында жолықтырамыз деп ойламаса керек. Мамандыққа деген сүйінпеншілігі оларды Алматы қаласындағы №3 емханада табыстырып, отбасы болуына жол ашады. Бірі – қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етіп жүрсе, Айгерім тәжірибеден өтуге барады. Осылайша екеуі 2017 жылы қол ұстасып, үй болып, үлкен өмірге қадам басады.
– Дәрігерлік қызметте жүргеніме 10 жыл уақыт болыпты. Басты міндетіміз – халыққа жәрдемдесу. Осы жолда аянбай еңбек етудеміз. Келіншегімнің осы саладан болғанына қуанамын. Себебі бір салада қызмет істегеннің жақсы тұстары көп. Ең бастысы – бір-бірімен түсінісу. Біз медицина саласындағы түрлі тақырыптарды емін-еркін талдай аламыз, анализ жасаймыз. Тіпті психологиялық жағынан да жақсы ұғынысамыз. Ал отбасында сыйластықты бірінші кезекте қоямыз. Қызметтегі жұмыс өз алдына, отбасы мүшелеріне де көңіл бөлуді ұмытпау қажет, – дейді аудандық аурухана бас дəрігерінің орынбасары Айдос Қайырғалиұлы.
Түркістан облысы, Жетісай қаласында туған Айгерімді мамандыққа, сүйген жарына деген махаббаты Қармақшыға келін атандырады. Бүгінде ол «Шипагер» емханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етеді. Жас дәрігерлер отбасының бүгінде екі ұлы бар. Тұңғышы Данияр биыл мектептің даярлық сыныбына барды. Ал кенжесі Әділбек 2 жаста.
– Қоғамның діңгегі ол – отбасы. Ал отбасылық өмірде екі адам бір-біріне емес, бір мақсатқа қараса – жолдары болады дейді. Ол жағынан біздің жолымыз болды. Отбасында сақталуы тиіс құндылық – сыйластық пен түсіністік. Сонда ғана үйдің түтіні түзу шығып, отбасында береке болады. Жұмыста дәрігер болып жауапкершілік жүгін арқаласам, үйде келінмін, анамын. Ата-енемен бірге тұрамыз. Сол себепті ол кісілердің бабын да жасау керек. Ал балаларға көңіл бөлуді бәрінен жоғары қоямыз. Өзіміздің отбасылық дәстүріміз. бар. Аптасына 2-3 рет балалармен сыртта серуендеп, қызықты уақыт өткіземіз. Бұл оларға да, ата-анасына ретінде бізге де қуаныш сезімін сыйлайды. Мейірім мен махаббат көріп өскен баланың болашағы зор болады деп сенеміз, – дейді дәрігер Айгерім Мырзахан.
Жарасымды отбасы – кез-келген мемлекеттің қалыпты тіршілігінің, ұрпақ сабақтастығының, халықтың рухани-адамгершілік биік деңгейінің сақталуының шарты іспеттес. Өнегелі отбасылар көп болған сайын еліміз де қуатты бола түседі, ұлттың күшті болуына да негіз қаланады.
Иә, мақсаты, мүддесі, тіпті қызмет ортасы да бір ерлі-зайыптылар бала тәрбиелеуімен, үлкенді құрметтеуімен, жарасымды сыйластықтарымен көпке үлгі болып келеді. Байқағанымыздай, бір салада, бір мекемеде қызмет етудің отбасындағы түсінісудің, сыйластықтың орын алуында пайдасы көп.
Фото: almaty.tv