Kyzylorda-news.kz  Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның қымбат құндылығының бір айғағы құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, бұл дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіні, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтататыны.

Осы ретте, Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағанбетов ауылында жеке кәсіпкер Н.Ажарованың шеберханасында жас қыз-келіншектер арасында құрақ құраудан мастер-класс ұйымдастырылып, өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – жас қыз-келіншектерге құрақ құрау өнері жайлы түсінік беру, білімдерін тереңдету, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Іс-шара барысында шебер құрақ құрау өнерін жан-жақты таныстыра отырып, құрақ құраудың тұрмысқа қажеттілігі мен құрақтан жасалған бұйымдардың түрлерімен таныстырды және қатысушыларға құрақ құрауды үйретті.

"Құрақ құрау қолөнері сәнді жұмыстар жасау тарихы өте арыдан басталады. Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Зердесінде зейіні бар әр адамның қай-қайсысы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Қазақтың қолөнерінің өмірге келуі халықпен, көшпелі өмірмен тығыз байланысты. VII-VIII ғасырда тігіншілік, етікшілік пайда балған. Сауда саттық дамыған кезде әр халықтың өнері араласып ұлттық құрақ түрлері пайда болды. Қазіргі уақыт талабына сай жаңа үлгідегі "сегізжапырақ”, "қызғалдақ”, "ботакөз”, "құдық”, "жұлдыз”, "шахмат” құрағымен жастық тыс, көрпе, сырмақ, паннолар жасалады. Қазақ халқы – кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші. Осы орайда бүгінгі іс-шарамыз жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қыз-келіншектеріміз ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғыртты деп айта аламыз, – дейді қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алимаш Мырзахметова.

Тағы да оқыңыз: