Kyzylorda-news.kz «Жыл бойы қайда болсаң, онда бол, белдезерде үйде бол» дейді қазақ мақалы. Мұндағы белдезер деп отырғаны – ақпан, наурыз айлары. Бұл сөздің мәнін әсіресе қызылордалықтар ақпанның соңғы үш күнінде айқын сезінген болар. Ақпанның 25, 26, 27 күндері балалардың қауіпсіздігі үшін үш күн онлайн сабақ, шыныдай жылтырап жатқан жолда жүру мүмкін болмағандықтан қала ішінде жедел түрде тоқтаған маршрутты автобустар, үсті-басы мұз болып қатып, аялдамада қалған адамдар, мұздай жаңбырдың соңы аязға ұласып, қатты желден ескірген электр бағаналары сыр беріп, жалп етіп өшкен жарық және оның әл-әзір жөнделе қоймай біраз әбігерге түсіруі, мұз құрсауында қалған ағаштар, т.т. Қыстың соңғы күнінде жалпы биылғы қыс қалай өтті, жаңбырлы маусым бұрын қысқы мезгілге тән бе еді, бұның қандай қатері бар, жылдар бойы климат өзгеруін қаншалықты сезініп жүрміз деген сұрақтар төңірегінде талдау жасап көрейік.
Қазақстан бойынша биылғы қыс – желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары синоптиктер алдын ала болжағандай, қоңыржай жылы әрі тұрақсыз болды. Тұрақсыздық дегеніміз – температуралық құбылулар, яғни жылы күндердің аяқ астынан суық аязды күндерге ұласуы. Қазгидромедтің температуралық максимумдарға жасаған талдауына сүйенсек, температуралық рекордтардың тіркелуі де биылғы қыстың еншісінде екен. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы сақталған рекорд биыл жаңарған. Бұл қыстыгүні қарға қарағанда жаңбырдың жиі жауды дегенді білдіреді. Қыс мезгілі әдетте желтоқсанның ортасынан басталады. Мәселен, желтоқсан айының бірінші жартысында жауған жаңбырды жылу ағыстарының өтуімен түсіндіруге болады. Қаңтар айында да (8-10 қаңтар) атмосфералық ауытқу ықпалынан жаңбыр жауған. Ресми сандық деректер жарияланбағанымен метеоболжамдарға қарап мынадай түйін жасауға болады: 2025 жылдың желтоқсан айында республиканың кей бөлігінде жаңбырлы күндер болды. 2026 жылдың қаңтар айында антициклон ықпалында көбіне жауын-шашынсыз күндер болжанғанымен кей өңірлерде, соның ішінде Қызылордада қар аралас жаңбыр жауды. Ақпан айында еліміздің оңтүстік аймақтарында жаңбыр жауу ықтималдығы расталғанын өзіміз де көріп отырмыз. Жалпы қыс мезгілінде жауын-шашын, соның ішінде жаңбыр бірнеше рет жауды.
Климатологтардың талдауларына сүйенсек, қыстыгүнгі температуралық рекордтар, яғни аяз бен жылы ауа-райының арасындағы күрт өзгерістер, қар аралас жаңбыр жердің ылғалдылық деңгейін бұзады. Бұл үрдістер Қазақстанның климат жүйесі үшін тұрақсыздық пен экологиялық стресс қаупін күшейтеді. Мәселен, бір ғана Қызылорда жағдайын алайық: мұздай жаңбыр суы жерге түсер-түспестен бірден қатып қалатындықтан, топыраққа сіңіп үлгермейді. Ертеңгі күнгі ерте көктемде де жерді сірестіре жапқан бұл мұз ерігенімен буланып кетеді немесе жылға қуалап ағып кетуі әбден мүмкін. Бұл өзі онсыз да құрғақ Қызылорда аймағы үшін аса тиімсіз. Көпшілік қызықтап әлеуметтік желілерге салып жатқан сыңғырлаған хрусталь сынды мұз құрсауында «әндетіп» тұрған ағаштардың ішкі құрылымы зақымданса, көктемде қайта бүршік жаруы неғайбыл. Бұл да жүз тал ексе, соның жартысы ғана жайқалып кете алатын, ағаш өсіру үшін оны маңдай терімен қоса суаратын қызылордалықтар үшін аз мәселе емес. Бұған адамның өзін қаңбақтай ұшырып жіберетін кешегі желдің екпіні мен мұздақты көтере алмай құлап қалған қаншама ағаш бұтақтарын қосыңыз.
Климатолог ғалымдар С.А.Долгих, Б.Б.Белдеубаев, С.С.Байшоланов еңбектеріндегі Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеруінің сценарийінде Қызылорда облысы «жоғары тәуекел аймағы» ретінде көрсетіледі. Жалпы алғанда, Қызылорда континенттік, шөлге тән климат жағдайында орналасқандықтан жылдық жауын-шашынның өзі аз түсетін аймақ саналады. Бұрын (1990 жылдары) қыс мезгілінде, оның ішінде жаңбыр жаууы сирек құбылыс болатын. Жаз мезгілі өте құрғақ, ал қыс пен көктемде салыстырмалы ылғалды айлар бар, бірақ тығыз жиілікпен жаңбыр жауды деп айта алмасақ та, ара-тұра ауа-райындағы ауытқушылықты байқауға болады. Қыс айларындағы жауын-шашынның ең көп мөлшері статистикалық орташа есеппен алғанда кей деректер бойынша қаңтарда екі-үш күн, ақпанда үш-төрт күн қар аралас жаңбыр жауған.
Климаттық зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда соңғы жиырма жыл ең жылы кезең деп есептеледі және температура мен атмосфералық тұрақсыздықтың артуы жауын-шашынның маусымдық үлесіне әсер етіп отыр. Климаттық модельдер мен синоптикалық бақылаулар жаһандық жылыну әсері қыстыгүнгі мұздай жаңбырлы күндер арқылы байқалып, бұдан былайғы жылдарда да ауа-райының бір тұрақсыздық элементі болып сақталып қала береді. 25 ақпан күнгі қысқы аномалия саналатын -7 градустағы жаңбыр сияқты құбылыстар жиілейді. Қыс мезгілі қысқарады, бірақ атмосфераның тұрақсыздығынан кенеттен пайда болатын шыңылтыр аяз бен күтпеген жылымық ауысып отырады.
Климаттың өзгеруі – қазіргі заманғы ең өткір жаһандық мәселелердің бірі. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың (IPCC) 2023 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, жердің орташа температурасы 1880 жылдан бері 1,1 градусқа көтерілген, бұл тарихи тұрғыдан өте қауіпті тенденция саналады. Ғылымда бұл өзгерістің негізгі себебі адамның өндірістік және тұрмыстық әрекеттері нәтижесінде атмосфераға бөлінетін парниктік газдар көлемінің арту жағдайымен түсіндіріледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ және Дүниежүзілік Банк сияқты халықаралық ұйымдардың күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселе, яғни климаттың өзгеруімен күресу тек технология немесе ғылым мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, саяси және экономикалық залалға ұшырататын үлкен сын-қатерлердің санатына жатады. Климаттың өзгеруінде технологиялық жаңалықтар да маңызды рөл атқарады. Климатолог ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруін түбегейлі тоқтату мүмкін болмаса да, оны жұмсартуға және бейімделуге болады.
Климаттың осыған дейін белгілі бір маусымға тән болып келген тұрақтылығының аномальды жағдайларға ұласуы, мәселен, біздің жағдайымызда күні кешегі -7 градуста қардың орнына мұздай жаңбыр жауу сияқты климаттың жүйесіздігі жылдар өткен сайын қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Фото: Нұрболат Нұржаубай
