Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Оған Комиссия мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің, аймақтық инспекциялардың басшылары, қала және аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Күн тәртібінде облыстық инспекциялық топтың Мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайына қатысты жүргізген тексеру нәтижелері туралы мәселелер қаралды.

ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және оларды стандарттарға сәйкес қолдану – комиссияның күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов облыстың ұйымдары мен мекемелерінде мемлекеттік рәміздердің жай-күйі туралы баяндады. Арнайы жүргізілген тексерулердің нәтижесін көрсетіп, анықталған кемшіліктерге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Аймақ басшысы Мемлекеттік рәміздерге қатысты кемшілік орын алған мекеме басшыларына қатаң тапсырмалар берді. Олар орындалмаған жағдайда аталмыш мекемелердің бірінші басшыларының қызметіне саяси баға берілетін болады.

“Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жұмыстары әрқашанда өзекті және басты назарда болатын мәселе. Мәселен, баяндамада атап өткендей облыс орталығында, аудандардың мемлекеттік мекемелерінде, облыстық департаменттердің аудандық бөлімдерінде Мемлекеттік рәміздерді пайдалануда көптеген кемшіліктер анықталды. Мысалы, Қазалы ауданында Мемлекеттік Елтаңба “QAZAQSTAN” латын графикасына ауыстырылмаған және оған қаржы бөлінбеген. Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттауда 2 реттен артық кемшілік жіберген бірінші басшылардың қызметіне саяси баға беру туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюросына ұсыныс енгізуді тапсырамын “, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, комиссия отырысында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы М.Әбуова аталған ведомство мекемелерінде Мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау бойынша жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы баяндады.

“Мемлекеттік рәміздерді қолдануда Арал және Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Туларының шеттері сетінеген. Жаңақорған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Туы ластанған. Қармақшы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Туы тәуліктің қараңғы мезгілінде жарықтандырылмаған. Бұл кемшіліктер ұдайы қайталанады. Сонымен қатар, Ту мен Елтаңбаны орналастырудағы кемшіліктер қалалық білім беру бөлімінде, №4 мектеп – лицейде және Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортклубта да анықталды. Неге бұл мәселе бақыланбайды?. Өткен жылы комиссия отырысында барлық аудан орталықтарына мемлекеттік рәміздер аллеясын орналастыруға тапсырма берілді. Неге Жалағаш ауданында оны әлі салмаған? Мемлекеттік рәміздерге құрмет – Отанға деген құрмет”, – деп атап өтті облыс әкімі.

Қуанышбек Досмайылұлы комиссия отырысының қорытындысымен жоғарыда аталған кемшіліктер 20 қарашаға дейін жойылуы керек деп қатаң тапсырды.

Тағы да оқыңыз: