Kyzylorda-news.kz Елімізде көктемгі су тасқынын болжау және алдын алу шараларына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Толығырақ Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриев айтып берді.
- Су тасқынына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Тасқынмен күрес іс-шараларына қанша күш пен қаражат жұмсалатынын нақты білеміз. Шамамен 40 мың адам тартылады. Сондай-ақ, ақпан айының 5-6-да «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл оқу-жаттығу жаңа форматта өтеді. Осылайша, ақпан айында оңтүстік және батыс аймақтарда, ал наурызда солтүстік және басқа да өңірлерде оқу-жаттығу өткізгелі отырмыз, - деді Магомет Ахриев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
ТЖМ өкілінің айтуынша, штаб Атырау облысында болады.
- Су тасқыны болжамына келсек, біз қиын жағдайға дайындалып жатырмыз. Бізде биыл қыс қарлы болады деген мәлімет бар. Қалай болғанда да, біз қиын сәтке дайындалып, қалай болатынын қарастырамыз, - дейді ол.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында су тасқынын ғарыштан болжауға арналған қазақстандық ақпараттық жүйенің мүмкіндігіне шолу жасаған едік.
Фото: Дәулет Ізтілеу/Атырау облысындағы су тасқыны\Kazinform