Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында «Қыс – 2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары үш кезеңде өтті.
Сырдария өзенінің сол жағалауында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жұмыстарының I-кезеңіне қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Нұрсұлтан Ирагимов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов және әр саланың жауапты мамандары қатысып, қаланың азаматтық қорғау қызметтеріне саптық қарау жұмыстарын жүргізді.
Қыс кезіндегі төтенше жағдайларды жою және халықтың дайындығын арттыру, әрі азаматтық қорғаныс құрылымы мен қызметтерінің даярлығын тексеру мен жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған оқу-жаттығуға 14 қызметтен барлығы 34 техника мен 117 қызметкер жұмылдырылды.
Қала әкімінің орынбасары арнайы техникалардың және әр қызметтің жұмысымен танысып, қызметкерлердің дайындығын тексерді. Оқу жаттығу жоспарына сай газ тарату жүйесінде туындаған апатты жағдайды жою, сондай-ақ вагоннан шыққан өртті ауыздықтау бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету де пысықталды.
Атап айтсақ, оқу-жаттығудың II-кезеңі 12 бірлік техника мен 56 адамның қатысуымен Белкөл кентінде өткізілді. Аталған практикалық іс-шара Белкөл станциясында жолаушылар пойызының вагонында өрт оқиғасы орын алуымен басталды.
Шара барысында барлық бағыттағы темір жол көліктерінің жүрісі тоқтауы, жолаушыларды эвакуациялау сынды барлық қажетті дайындық шаралары жүргізілді.
«Қыс – 2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізудің III-кезеңі Ақмаржан мөлтек ауданында өткізілді.
Аталған практикалық іс-шара жүк автокөлігінің жүршізушісінің газ жүйесіндегі «ЖҚ-160 мм» ажыратқыш кранына соғу арқылы жол-көлік оқиғасы орын алуымен басталды. Оқу-жаттығудың тапсырмасы бойынша төтенше жағдай аумағын қоршауға алу, қоғамдық тәртіпті орнату, өрт ошағын оқшаулау, зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіп, стационарлы мамандандырылған медициналық орталығына жөнелту, төтенше жағдай аймағындағы тұрғындарды құлақтандырып, тіршілікпен қамтамасыз ету, газ жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы іс-шараға 17 бірлік техника, 64 адам жұмылдырылды.



