Kyzylorda-news.kz. Аймақ кәсіпкерлік саласы бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Оның ішінде аудандар бойынша Қармақшының атқарып жатқан жұмыстары да жетерлік. Мәселен, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары күн санап көбейіп келеді.
Бүгінгінің заман талабы қандай екенін білесіз бе? Иə, ол – кəсіп етіп, өзіңді-өзің жұмыспен қамту. Ал оны одан əрі дамыту – көкжиектің нағыз кеңейген шағы. Қос қолға бір күрек таппай, сенделгендер жұмыс іздеп шарқ ұрып жүр. Егер олар талаптанса, тəуекел етсе алмайтын қамалы жоқ.
Төребай би ауылында құс шаруашылығын дөңгелетіп отырған жас кəсіпкердің барын естідік. Айылдағы талапты жастың өзімен əңгімелестік. Жас та болса кəсібінің көкжиегін кеңейтіп отырған Талғат Жетпісбаев кәсіп бастарды тәуекел етіп, бар болғаны ынта керек дейді.
«Тəуекел етіп, осы кəсіпті ашуды қолға алдым. Мақсат қойдым. Оны орындадым. Жоқ емес, сауда жүрген жерде əрине қиындық кезігеді. Бірақ оның барлығын жеңу жолында жігерімді қайрадым. Солай алдыңғы жылы күзде арнайы кəсіпкерлік курсынан өтіп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант жеңіп, кəсібімді бастап кеттім. Қазір құстардың қазақы тауық, индоутка, цесарка секілді түрлері бар», – дейді Талғат Бағдатұлы.
Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ең жаңа, ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Өнімнің қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді.
«Физикалық қасиеттеріне қолданылатын қоректік қоспалардың калориялық құрамына байланысты жұмыртқа беретін тауықтарды азықтандырудың түрі көп. Мəселен, оларды шамадан тыс тамақтандыру немесе аз тамақтандырудың кері салдары бар. Сонымен қатар жемшөптің жеткіліксіз мөлшері өсу қарқынының төмендеуіне, тауықтардың жəне ересек құстардың əртүрлі ауруларға бейімділігіне, жұмыртқа өндірісінің айтарлықтай төмендеуіне əкеліп соғады. Тым көп тамақтану, əдетте, құстың артық салмағының жиналуына сеп болса, жұмыртқаның да өнімділігін азайтады», – дейді жас кəсіпкер.
Осыдан-ақ, құс шаруашылығының нəзік екенін бағамдай беріңіз. Айтпақшы, қазір жас кəсіпкердің құстары көбейіп келеді. Инкубаторда, құрықта тұрғаны бар. Ал олардың жұмыртқасы күнделікті ауыл тұрғындарына сатылып тұр. Қолдың жұмыртқасы болған соң баға қалта көтерерлік сатылуда. Кəсібінің көкжиегін кеңейткісі келген жас жігіт алдағы уақытта құстың əр түрлі пародасын алып, баптауды көздеп отыр.
Бүгінде дамушы елдер шағын және орта бизнеске ден қойып, қолдау білдіруде. Ол – кез келген ел экономикасының негізі. Өңірімізде де тәуекел еткендерге көрсетіліп жатқан демеу көп. Оның ішінде жастар да жасқанбай, тың жобаның жемісін көруде. Сондай жастардың бірі – Нұрлыбек Қадыров.
Бірнеше жылдар бойы осы кәсіпкер жастың ерекше, түрлі кәсіпті қолға алғанын жақсы білеміз. Оның «Кadyrov Wear» отандық брэнді қазақы нақыштағы жейде мен жемпір өндіріп, әр түкпірге тапсырыс алған. Ал бұл жолы ол отбасылық кәсіпті қолға алып, есесін тауып дөңгелетіп отыр. Онысын Telegram каналындағы белсенділігінен аңғардық. Арнайы YouTube каналын да іске қосып, кәсібінен үзінділерді қалың көрерменге көрсетіп отырады. Құс шаруашылығын қолға алып, оны әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды.
«Қазір бізде құстардың түрлері бар. Көктемде инкубатордан балапан шығарып сатамыз. Ет өзімізден шықпайды. Мәселен, Шымкент қаласынан күркетауық етін алдырып, Астана, Алматы қалаларына көтерме бағамен жөнелтеміз. Тауық етін де сырттан әкеліп, көтерме бағамен сатамыз. Солай сырттан өткізіп оның қыр-сырын меңгерудеміз», – дейді ол.
Бір қызығы жас кәсіпкер шығармашылыққа жақын. Яки кәсіби музыкант. Сол сала бойынша қалалық жерлерде 13 жыл бойы оқиды. Дегенмен ауылға қайтып, шаңырақ көтеріп, осында қалады. Кәсіби музыкант бұл кәсіпке қалай келген деймісіз? Енді қараңыз, оның әкесі Файзылда Қадыров 10 жылдан аса уақыттан бері құс баптап келеді. Сүйікті ісі сол. Әр құстың ерекшелігін ескерген ол «бұл құстар адамға жақын» дейді сөз арасында. Ол құс шаруашылығын көркейтпек ниетте Байқоңырдан Ақай ауылына отбасымен көшіп келіп, жер алады. Арасында балапандарын да сатып тұрады. Нұрлыбек жастайынан әкесінің осы шаруашылықпен айналысқанын көріп өсті. Өсе келе қызыға бастайды. Солай олар ойлана келе, мұның етін де сатуға болады екен деп жаңа жобаларын дайындайды.
«Өткен жылдары «Сабақты ине сәтімен» дегендей өтіп жатқан бағдарламаның үстінен дәл түстік. Бағымызды сынадық. Нәтижесінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1 айлық курстан өтіп, қаражатқа қол жеткіздік. Оған 130 күркетауық алдық. Содан дөңгелетіп, қазір әкем екеуміз айналысып жатырмыз. Қаз, күркетауықтың хайгрид түрін, ломон браун, бройлер секілді тауықтардың балапанын шығарамыз. Бұлар Ресейден келеді. Ал қаздың балапандарын өзіміздің елден мыңдап, екі мыңдап сатып аламыз. Жалпы балапандарды Арал, Қазалы, Қызылорда, Шымкент, Түркістанға дейін жібердік. Ендігі Атырау мен Ақтау қаласынан тапсырыс түсуде. Ауылдан да көтерме бағамен алып отырған тұтынушыларымыз бар», – дейді Н.Қадыров.
Кәсіпкерлердің алға қойған жоспары көп. Олар осы істі әрі қарай дамытып, жерін ұлғайтып, көкжиегін кеңейткісі келеді. Тұтынушылары да жиналған.
Елде кәсіп ашамын дегенге түрлі бағдарлама мен жобалар жүзеге асуда. Бұл – ел-жұрттың жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, заман талабына сай өмір сүруіне тынысын ашуда. Оған Қадыровтардың отбасылық кәсібі дәлел.
Істің орайын тапса, кәсіп қыламын деген жанға шаруаның түрі көп. Әсіресе қай жерде болмасын құс шаруашылығының өніміне сұраныс жоғары. Себебі бұл кәсіппен шын айналысқан жанға пайдасы шаш-етектен. Қазір аталмыш саламен шұғылданып жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Жалпы Сыр өңірінің тамаша табиғаты кез келген құстың өсіп жетілуіне өте қолайлы. Мұнда азық қоры жеткілікті. Тек баққан құсыңыздың бабын таба алсаңыз болғаны. Бүгінде осы кәсіпті қолға алып, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүргеннің бірі – Әділет Әбдіқали.
Бірнеше жылдан бері тауық асырап, оның түрін көбейткен кәсіп иесінің құстың бұл түрін ұстаудың өз машақатымен қатар пайдасы бар екенін айтып бастады. Әдепкі кәсібі тар кепеде төрт-бес тауық ұстаудан басталса, кейін әр тұқымнан жұмыртқа бастырып санын көбейткен.
– Құс асырау әулетімізге таңсық дүние емес. Бұған дейін ағаларым тауықтың түр-түрін өсірген. Ол кезде мен кішкентай баламын. Кейін олар қызметтеріне орай сыртқа кетті. Міне, қазір солардың ізін басып, осы кәсіпті қайта жандандырып жатырмын, – дейді Әділет.
Құс баптаушының қорасына кірсеңіз тауықтың қыт-қытынан құлақ тұнады. Одан бөлек тәштеті салбыраған күрке тауықтары да бар. Қораның бір қабырғасына соққан құс кепенің бір бөлігінде ересектері күтіп бапталса, екінші бөлігінде балапандар өсірілуде. Кейіпкердің кәсібі былтырғыға қарағанда биыл өрісі кеңейген. Көктемгі құрық басқан жұмыртқаларынан ойдағыдай балапан шықса керек. Жоғарыда айтып өткендей құс ұстаудың машақаты жетеді. Үш мезгіл жем-шөбін беріп тұруың керек. Одан бөлек, аптасына бір рет астын тазалап тұрмасаң биттеп кетеді. Әділеттің тауықтарына қарап қызығасың. Құдды зообаққа келгендей күй кешесің. Шетінен ірі әрі етті. Ішінде «брама» тұқымы да бар. Түрі ерекше, аяғына дейін қауырсын басқан. Ал күркенің қоразы ол өз алдына бөлек әңгіме. «Қанаттылардың берер пайдасы көп» дейді құс иесі сөзге шорқақ болса да әңгімесін жалғап:
«Тауық – қай жағынан болсын, пайдалы құс. Еті жұмсақ, жұмыртқа береді, қауырсыны да іске жарамды. Құстардың ішінде бап талғамайды, бағуы жеңіл әрі өсуі тез. Ал үндік кеңшілікті сүйетін құс. Ол қамауда тұрғаннан гөрі кең жайылымды керек етеді. Оның жұмыртқасы көлемді болса, еті де дәмді. Жалпы мендегі құстар бір жылдан артық көп тұрмайды. Көктемде жаңартып отырамын. Аталығын ауыстырып тұқым көбейтемін», – дейді Ә.Бегімұлы.
Заманға сай, үй құстарын төрт түлік сияқты көп асырап, оны саудалау зор кәсіптің біріне айналуда. Құс кәсібі – құр асырап санын көбейтумен пайдалы болмайды, тұқымын түрлендіріп, жақсы күтіп баптағанмен ерекше. Бүгінгі кейіпкеріміз де өз ісінен осыны ұқтырғандай.