Kyzylorda-news.kz. Отандық өнімі оның ішінде халық жиі тұтынатын тауарларды шығару ел экономикасын алға жылжытуда маңызды қадам саналады. Облыс орталығында да өз өнімін нарыққа ұсынушылар саны артып келеді. Қаладағы тағы бір өнеркәсіп иесі – Исатай Нұржанов. Жеке қаражат есебінен қаладан темір тор шығаратын цех ашқан. 2020 жылы ашылған кәсіп бүгінде күніне 2000 шаршы метр өнім шығаруда.
Кәсіп иесінің айтуынша, өнімнің басым бөлігі қаладағы базарға және ірі құрылыс дүкеніне жіберіледі. Бұған қоса, аудандардан тапсырыс алады.
– Біздің негізгі шығаратын өнімдеріміз құрылысқа қажетті тауарлар. Қазір қалауға арналған тор (кладочная сетка), бетон едендерін тартпалау кезінде қолданылатын тор (армированная сетка для стяжки) шығарамыз. Үш жыл бойы жеке тапсырыстар бойынша жұмыс істеудеміз. Жылдан жылға цехтың көлемі ұлғайып, шығаратын өнімнің түрлері көбейіп келеді. Бүгінде 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, – деді «Әділханова» ЖК директоры Исатай Нұржанов.
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – өз жобасын кеңейту. Ол үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 50 млн теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражатқа Қытайдан сэндвич-панельдер шығаратын жабдық алдыртты. Жоба толығымен іске қосылғанда, 18-20 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.