Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның құрметті құрылысшысы, сала ардагері Әбдімәжит Жансақаловты 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» - деген болатын. Саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсету игі дәстүрімізге айналды. Бүгінгі ресми жиынымыз белгілі құрылысшы, ардақты ағамыз Жансақалов Әбдімәжит Әлмағамбетұлының мерейлі 70 жасқа толуына арналады. Сыр жұртшылығы аймағымыздың дамуына зор үлес қосып, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Өзіңіздей жерлестерімен мақтанады. Бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!
Алдағы уақытта үлкендік ақыл-кеңесіңізбен жастарға жол көрсетіп, игі істердің басында жүре беріңіз.Ұрпағыңыздың қызығына бөленіп, ел алдында абыройыңыз арта берсін! Тойыңыз тойға ұлассын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталды. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.
Жиында ел ағалары Жәнәбіл Нұрқыш, Ибрагим Әбибуллаев және Дайрабай Ысқақов мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Әбдімәжит Әлмағамбетұлы Қызылорда политехникумында, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Сырдария ауданында инженер, учаске шебері болып бастап, кейін аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде құрылыс саласын қадағалау тобының басшысы, СПМК-1 мекемесінің бас инженері және басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс ұйымдары қысқарған кезеңде ұжымды сақтап қалу мақсатында «Дәнекер» акционерлік қоғамын құрды. Бірнеше мәрте қалалық және облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.
Бүгінде «Дәнекер құрылыс компаниясы» өңірдегі маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын салған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары, емханалар, көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер мен ауылдық жердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер ел игілігіне қызмет етуде.

