Kyzylorda-news.kz Өңірде құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс нысандарына бақылауды күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және цифрлық жүйелердің тиімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев мәлімдеді.
- Есепті кезеңде басқармаға жеке және заңды тұлғалардан барлығы 347 өтініш келіп түсті. Оның 287-сі бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілсе, 60 өтініш қарау құзыретіне сәйкес өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері негізінде 82 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 62 жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою жөнінде нұсқамалар берілді. Жалпы есепті кезеңде 270 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында да оң нәтижелер бар. «Е-лицензиялау» порталы арқылы 1309 өтініш қаралып, нәтижесінде 991 лицензия мен аттестат рәсімделді. Ал, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы түскен 952 хабарламаның 657-сі заң талаптарына сәйкес тіркелсе, 295 хабарлама талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды. Сондай-ақ, құрылыс сапасына жүргізілетін техникалық бақылау да электронды форматта жүзеге асырылуда. Осы ретте «E-Qurylys» ақпараттық жүйесі арқылы аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымдарынан 2430 айлық есеп қабылданды. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу веб-порталының электрондық депозитарийі арқылы жұмыс өтілін растауға қатысты 294 өтінім қаралып, оның 181-і заң талаптарына сәйкес мақұлданды. Тұрғындардың өтініштері бойынша жүргізілген бақылау жұмыстары да нақты нәтижесін берді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесінің бойында көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарлас заңсыз салынған 7 жазғы кафе құрылысы анықталып, меншік иелеріне заң талаптарына сәйкес нұсқамалар берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған заңсыз нысандар толықтай бұзылып, аумақтар бастапқы қалпына келтірілді, - деді Ғанижан Піртазаұлы.
Спикердің айтуынша, басқарма алдағы уақытта да құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға, цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіруге басымдық береді.

