Kyzylorda-news.kz Қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев брифинг берді.
Бүгінде шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазан айында Сол жағалаудан 470 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үйдің кілттері табысталса, құрылысы өткен жылы басталған 504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үй жақын арада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, осы мөлтек ауданда 400 пәтерлі 5 этажды 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Келесі жоспардың бірі, 7 қабатты 84 пәтерлі 10 тұрғын үйдің сараптамасы алынып, құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы сұратылмақ.
Биыл «Инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы аясында Арай мөлтек ауданындағы Мәуелі көшесіне, Сарысу, Майлықұм көшелеріне ауыз су желісінің құрылысы, "Бәйтерек" ықшам ауданындағы тұрғын үйлерді газбен, ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жас Алаш, Теректі, Сарысу көшелері мен Белкөл кентіндегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісі тартылды.
«Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде Қызылжарма, Ақсуат, Досан, Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Айнакөл ауылдарындағы тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Осы жұмыстар барысында жаңадан қоныстанушы аумақтарға да электр желісі жүргізілетін болады.
«Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы негізінде қаланың 13 бөлігінде кәріз желілері қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңда бұл жұмыстар 8 мекенжайда толық аяқталды. Сондай-ақ, Арай м/а, Әуезов көшесі, Жаппасбай батыр көшесі бойында орналасқан көтергіш сорғы станциясы мен Титов аумағындағы жалпы қуаттылығы 1440 текше метр болатын 3 дана ұңғыманың құрылысы жүргізілуде.
«Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы шеңберінде биыл Сабалақ елді мекеніне газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Газға қосылмаған тағы Қызылөзек ауылдық округінің 3 елді мекеніне газ тарту үшін жобалау құжаттары әзірленуде. Бұл ауылдарда да алдағы жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарда бар. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында орамішілік газ құбырлары желісін салу (ақ дақтар) жұмыстары Гагарин, Титов, СПМК-70, Арай, КБИ, Сәулет, Саяхат, Бәйтерек, Орталық, және Шұғыла шағын аудандарындағы газ құбырлары жүргізілмеген көшелерде жүргізілуде.
«Қорқыт Ата» әуежайының инженерлік жүйелері мен абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Ендігі ретте, «Жайлы мектеп» білім беру пилоттық ұлттық жобасы аясында қала аумағында салынып жатқан 5 мектептің аумағын абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
- Алдағы жоспарымызда Тасбөгет кентіндегі бас су тоғанын, 23 шақырымды құрайтын кәріз су жүйесін, 7 КНС, 1,12 КНС пен КОС аралығындағы кәріз су құбырын қайта жаңғырту сынды жұмыстары бар, – деп қорытындылады бөлім басшысы.