Kyzylorda-news.kz Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады. Бұл туралы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, дауыс беру аяқталғаннан кейін аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электрондық көшірмелерін Орталық сайлау комиссиясына ұсынған.

Өз сайлау учаскелерінде дауыс беру және дауыстарды санау аяқталды. Қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электрондық көшірмелерін ұсынды. Осылайша, Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялауға мүмкіндік бар, – деді ОСК төрағасы.

Оның мәліметінше, сайлаушылардың нақтыланған тізіміне сәйкес, Қазақстандағы сайлаушылардың жалпы саны 12 млн 623 мың 289 адамды құрады.

Оның ішінде цифрлық үкімет порталы мен азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеру және дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеу онлайн сервистері арқылы 9 865 азамат тізімге енгізілген.

Сайлауға 9 млн 351 мың 539 адам қатысты.

ОСК төрағасы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша бюллетеньге саяси партиялардың атаулары мен «Бәріне қарсы» деген жол енгізілгенін атап өтті.

Алдын ала мәлімет бойынша, сайлаушылардың дауысы былай бөлінді:

  • Әділет» партиясы – 6 528 948 дауыс, 71,17%
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 469 058 дауыс, 5,11%
  • «Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясы – 97 751 дауыс, 1,07%
  • Қазақстан Халық партиясы – 285 395 дауыс, 3,11%
  • «Ауыл» партиясы – 574 621 дауыс, 6,26%
  • «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 478 083 дауыс, 5,21%
  • Respublica партиясы – 509 631 дауыс, 5,56%
  • «Бәріне қарсы» – 2,51%.

Нұрлан Әбдіров сайлау күні дауыс беру рәсімдерін бақылауға 51 мыңнан астам отандық байқаушы жұмылдырылғанын айтты.

Сондай-ақ сайлау барысын қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жариялады. Оның ішінде қазақстандық БАҚ-тың 1 852 өкілі, сондай-ақ 117 шетелдік аккредиттелген журналист жұмыс істеген.

Ұлттық және халықаралық байқаушыларға, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Нұрлан Әбдіров.

Сурет: ChatGPT

Тағы да оқыңыз: