Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауына дайындық аясында саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдеріне арналған оқыту семинарын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру, Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылау және сайлау науқанын өткізу тәртібіне қатысты заңнамалық нормаларды жан-жақты түсіндіру.

Семинарға еліміздегі барлық жеті саяси партияның Қызылорда облыстық филиалдарының төрағалары мен өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов алдағы сайлау науқаны заңдылық, ашықтық, жариялылық және алқалалық қағидаттары негізінде ұйымдастырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, Құрылтай депутаттарын сайлау барысында сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, саяси партиялардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету – сайлау комиссиялары жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді.

выборы в курултай1.jpg

Семинар барысында қатысушыларға сайлау науқанының негізгі кезеңдері мен заңнамалық талаптары бойынша үш тақырыптық баяндама ұсынылды.

Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауының ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, сайлаудың құқықтық негіздері, ұйымдастыру тәртібі және заңнамадағы жаңашылдықтарға тоқталды.

Комиссия мүшесі Абай Тағыберген «Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде саяси партиялардың сенім білдірген адамдары мен байқаушыларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері, үгіт жүргізудің тәртібі» тақырыбында сөз сөйлеп, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, үгіт жүргізудің заңнамалық талаптары және байқаушылар қызметінің ерекшеліктерін түсіндірді.

Ал комиссия мүшесі Берлібек Ахмет «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттарды мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржыландыру мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, сайлау қорларын қалыптастыру, қаржылық есептілік және қаржыландырудың заңда белгіленген тәртібі жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Семинар барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сайлау процесін ұйымдастырудың практикалық мәселелері бойынша пікір алмасты.

Аумақтық сайлау комиссиясы алдағы уақытта да сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.

Тағы да оқыңыз: