Kyzylorda-news.kz Климаттың өзгеруі бүгінде жаһандық күн тәртібіндегі ең өткір мәселелердің бірі ретінде танылып отыр. Әсіресе құрғақ климаттық белдеуде орналасқан Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде бұл өзгерістердің әсері күннен-күнге күшейіп келеді. Шөлейттену, температураның тұрақты өсуі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және экожүйелік тепе-теңдіктің бұзылуы - бұл аймақтардың тұрақты дамуына тікелей қауіп төндіруде.

Осыған орай бүгін Қызылордада «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы» аясындағы үшінші тақырыптық сессия - климаттық өзгерістер жағдайындағы өңірлік урбанизацияның жаңа бағыттарын қарастыруға арналған маңызды пікір алаңына айналды. «Қазақстанның құрғақ аймақтарындағы климат және қалалық тұрақтылық» тақырыбындағы жиынға халықаралық ұйым өкілдері, салалық сарапшылар, экология мен сәулет, инфрақұрылым саласындағы мамандар қатысты.

Сессияда құрғақ аймақтардағы қалалардың болашағы, табиғи ресурстармен дұрыс жұмыс істеу тетіктері, деректерге негізделген шешім қабылдау мен жергілікті ерекшеліктерді ескеретін жоспарлау жайлы ой қозғалды. Қатысушылар қалалардың климатқа төзімділігін арттыру үшін ғылыми, технологиялық және институционалдық деңгейде нақты шешімдер қажет екенін атап өтті.

Гүлшат Әміралиева өңірде соңғы жылдары температураның айтарлықтай көтерілуін атап өтіп, климаттық болжамдарға сүйене отырып әрекет ететін жүйелерді қалыптастырудың маңызын жеткізді.

Гүлмира Имашева су ресурстарын әділ әрі тиімді басқару - құрғақ аймақтардағы басты міндеттердің бірі екенін айтып, агросектор мен қалалар арасындағы су үлесін қайта қарау қажеттігін тілге тиек етті.

Еркін Өтегенов Арал маңы жағдайын мысалға ала отырып, экожүйеге бейімделген жер пайдалану мен егіншілік тәсілдерінің өзектілігін көрсетті. Урбан даму да осындай экологиялық шындықпен үндесе отырып жүруі тиіс екенін жеткізді.

Мария Скрябина климаттық жағдайларға бейімделген сәулеттік шешімдер - келешек қалаларының іргетасы болуы керек екенін айтып, көлеңкелі аймақтар, желдету жүйелері сынды пассив шешімдерді қайта қарастыруды ұсынды.

Әлім Сайлыбаев көміртегі бірліктері арқылы қаржыландырылатын жасыл жобалар мен табиғи шешімдер қалалар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Инновациялық экологиялық жобаларды урбан кеңістіктерге енгізу - қазіргі заман талабы.

Сессия соңында қатысушылар құрғақ аймақтардағы қалалар үшін бейімделген жоспарлау мен тұрақты даму - тек экологиялық емес, сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық өміршеңдікпен тығыз байланысты екеніне тоқталды.

Қызылордадағы бұл алаң климат пен қалалық орта арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау жолында нақты ұсыныстар мен тәжірибелер алмасуға мүмкіндік берген маңызды қадам болды.

Тағы да оқыңыз: