Kyzylorda-news.kz Қасиетті «Құрбан айт» мерекесі қарсаңында облыс тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету, аса қауіпті жұқпалы аурулардың, жаппай тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алу мақсатында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келесі талаптардың  сақталу қажеттігін еске салады. Бұл туралы Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының  орынбасары Ерлан Ұзақбаев айтып берді.

−Мал сату, сою бекеттерінде құрбандыққа шалынатын малдарды сату мен сою арнайы орындарда жүргізілуі керек және тиісті ветеринарлық құжаттары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.  Сондай-ақ сою орындарының іргелес аумағының санитарлық тазалығы, абаттандырылуы маңызды және мал сою кезінде жиналған қалдық-қоқыстар уақытылы шығарылуы керек. Сол үшін жинауға арналған контейнерлер орнатылады, сумен қамтамасыз етіледі, персонал мен келушілерге арналған құрал-саймандар санитарлық өңделіп, дезинфекциялау мен қол жуу құрылғысымен жарақтандыру қарастырылуы тиіс. Оған қоса қасапшылар арнайы киіммен (алжапқыш, қолғап, бас киім, резеңкеетік) және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілуі керек, әрі, етті сақтауға арналған тоңазытқыштар қарастырылады. Сонымен қатар қызметкерлерде медициналық кітапшалардың болуы, жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы міндетті. Ең бастысы етті бөлшектеу, сақтау, тасымалдау және тұрғындарға тарату кезінде де саниатриялық-гигиеналық талаптардың сақталуы қатаң қадағалануы керек, − дейді ол.

Маманның айтуынша, құрбан айт мерекесінде мешіттер асханаларында, қоғамдық тамақтану орындарында ас беру, бас қосу жиындары өткізіледі. Сондықтан жабық үй-жайларда, адамдар көп шоғырланатын орындарда бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде желдету, ауа баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілуі қажет. Жаз мезгілінде азық-түлік өнімдерінің тез бұзылуын ескере отырып, тағамдарды дайындау технологияларын қатаң орындап, оларды сақтау мерзімдерін ескеру де маңызды.

Тамақтану объектілерінің қызметкерлерінде медициналық тексеруден өткендігін растайтын құжаттары, медициналық кітапшалары болуы керек, тамақ дайындауды, таратуды жүзеге асыратын жұмыскерлер денесінің ашық жерлерінде іріңді жаралар, қолында ұсақ жарақаттар анықталған жағдайда оларды ас дайындауға араластымау қажет. Сол үшін күн сайын жұмыс ауысымы басталар алдында персоналды медициналық қарап-тексеруден өткізу маңызды. Бұл тек құрбан айт мерекесінде емес, жалпы қабылданған санитариялық-гигиеналық талаптар болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларды сақтамау халық арасында тамақтан улану және аса қауіпті, жіті ішек инфекциясы жағдайларының туындауына ықпал етуі мүмкін.

Фото: uralskweek.kz

Тағы да оқыңыз: