Kyzylorda-news.kz. Жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Бұл – құлшылықтың негізі. Жасаған амалыңыздың қабыл болуы не кері қайтарылуы да осы ықыласқа байланысты. Бір сауапты істі бастарда ниеттің дұрыс болуы маңызды. Мұсылман адам бұл амалдарды атқару алдында Жаратушының разылығынан, сауабынан үміттенуі керек. Адам баласының жүрек түкпірінде Аллаға деген сенім, шынайылық орнағанда ғана мұсылманға тән жағымды қасиеттерге ие болады. Ал күллі мұсылман қауымның ұлық мерекесі Құрбан айт биыл 28-30 маусым күндері тойланды. 27 күні арапа күні болып белгіленіп, таңғы сағаты 06.00-де айт намазы өтті. 

«Құрбан айт» мерекесі елді бірлікке бастайтын игі шаралардың бірі екенін ескерсек, аудандық «Иманқұл» мешітінде аудан спортшыларының арасында өткен тартысты бәсеке соның айғағы болды. Расымен де ұлттық спорт түрлерінен өткен сайысқа кент және ауылдық округтерден келген үздік спортшылар қатысты. Бұл жолы Ақсу ауылынан келген «Ақсу» командасы арқан тарту жарысынан алдына қара салмады. Ал білектілер бас қосқан қол күрестен Нұрлан Сенбеков үздік атанса, жалағаштық Жасұлан Мыңбай ІІ орын, ІІІ орынды Зада Нұрқаділ иеленді. Ал балаларға «ләңгі» ойнау оңай болмағанымен, бұл спорт көп баланың назарын өзіне аудартты. Аққыр ауылынан келген Айдос Мусариев І орын алды. Айдоспен шамалас Еңбек ауылынан келген Еркінбол Қойшыбеков ІІ орын, Жасұлан Байділдаев ІІІ орынды иеленді. 

Азия көлемінде Гір спортының көшін жалағаштық жастар бастап тұр десек қателескеніміз емес. Ауданда гір спорты соңғы бес жылдықта үздік мектеп болып қалалыптасып келеді. Құрбан айт мерекесі қарсаңында өткен тартысты бәсекеде гір спор¬тынан Нұрлан Сенбеков І орын, Ербол Азиз ІІ орын және Жасұлан Байділдаев ІІІ орынды иеленді. Күллі мұсылманның ұлық мерекесінің маңызы жыл санап артып, ұрпаққа берер ұлттық құндылықтары көбейіп келеді. Жүлделі орын иеленгендерді және қатысқандарды ынталандыру мақсатында кәсіпкерлердің қолдауымен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Жалпы, Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде пайғамбарымызға: «Намаз оқы, құрбан шал» деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Құрбан шалудың уақыты айттың бірінші күні айт нама¬зынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Асыл дінімізде ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман адамға, тұрғылықты мекен жайында болған адамға, нисап мөлшеріне шамасы келетін адамға міндеттеледі. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, яғни жүре алмайтындай дәрежеде болған ақсақ және жілік майы жоқ өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген. Яғни құрбандыққа шалынатын малдың да жарамдысы, жарамсызы болады деген сөз. Жоғарыда аталған жағдайдағы түлік түрлері құрбандыққа шалуға келмейді. Айта кету керек, құрбандыққа шалынған малдың үштен бірі өз отбасына, бала-шағасына, үштен бірі туған-туыс, көршілеріне, ал қалған үштен бір бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға үлестірілуі керек. Бұл жерде ескеретін жайт, құрбандыққа шалынған малдың терісінен, етінен қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейді, теріні сатып ақшасын садақа ету қажет.

Тағы да оқыңыз: