Kyzylorda-news.kz  Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар орталық алаңға жиналып, баспананың әр шаршы метрі үшін 400 мың теңгеден төлем талап етті. Ондаған адам талаптары орындалғанша сол жерде тұруға ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақжайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың көпшілігі баспаналарын техникалық байқаудан өткізіп, қорытындысын алып үлгерген. Олардың арасында мамандардың келгенін күтпегендер де бар. Құлсарындықтардың талабы – бағалау мәселесін бір апта ішінде шешіп,  төлем алу.

Жазира Құлмұханова үш баламен туыстарының үйінде тұрудан шаршағанын айтады. Ол мәселені тез арада шешуді талап етеді. Айтуынша, ол енді Құлсарыдан жаңа үй ала алмайды, өйткені өзі тұрған жерде, қаладағы жаңа шағынаудандардың бірінде үйлердің барлығын су басқан.

Оларға берілген жер телімдері үш жылдың ішінде игерілу шартымен берілгені белгілі. Жиналғандар арасында су тасқынына дейін бірнеше күн ғана жаңа үйде тұрғандар болды.

Тағы бір тұрғын Толқын Қожахметова 369 мың теңге көлеміндегі бір реттік материалдық көмек есебінен қора жалға алғанын айтты.

“Біз тым болмаса  қартайғанда өзіміз үшін өмір сүреміз деп ойладық, балалардың бәрі үйленді... Бірақ жоқ, тағы да сынақтар бітер емес.  "Бұдан әрі қалай өмір сүреміз" деген уайыммен жүруге тура келеді! Біз мұнай өндірілетін жерде тұрамыз! Тұрғын үй алаңына қарай 1 шаршы метрге 400 мың теңге төленсін. Үйлерді қалай салуды және қайда тұруды өзіміз шешеміз", – деді Қожахметова.

Тұрғындар алдына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен оның орынбасарлары Гүлнафиз Айшуақова және Нұрболат Сарманов шықты.

“Әкім бағалау 15 мамырдан кейін шығады деп уәде берді, бірақ бұрын 2 мамыр деген. Біз бұдан былай күте алмаймыз!” – деді тұрғындар

Қала басшылығы халыққа бағалаушылар тез арада жетеді, баспана үшін барлық өтемақы төленеді деп уәде берді. Дегенмен тұрғындар жиынды тастап кетуге ниетті емес.

Фото: Ақжайық

Тағы да оқыңыз: