Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен облыстық кәсіподақтар бірлестіктері орталығы алаңында ашық есік күні күні өтіп, «Құқықтық көмек» партиялық жоба аясында азаматтарға түрлі тақырыптарда кеңестер берілді.
Жиынды ашқан облыстық партия филиаланың атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жобаның мақсат міндеті мен жоба аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жоба аясында өңірімізде білікті мамандармен азаматтарға, әлеуметтік осал топтағы жандарға тегін заңгерлік кеңестер беріліп, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етіп, өзін қорғауға көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында 31 қабылдау өткізіліп, 156 адам жүгінсе, олардың 16-на жазбаша кеңес берілді, 89 тұрғынның құқығын қорғау бойынша сүйемелдеу шаралары жасалды. Онан бөлек, түрлі салалар бойынша Кодекс, заңдарға енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндіріме жұмыстары да жүргізіліп келеді. Бүгінгі ашық есік күні де қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерді бірлесіп шешуге жұмыс жасау, әріптестік қағидаттарын орнату мақсатында облыстық кәсіподақтар бірлестіктері Орталығымен жасалған меморандум негізінде ұйымдастырылып отыр», - деді Ләйлә Төрешова.
Ашық есік күнінің алғашқы бөлімінде бірқатар сала мамандарымен құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, «Жинақтаушы зейнетақы жүйесін жаңғырту, жарналардың түсу көлемін ұлғайту, қор қызметін алудың балама мүмкіндіктері» тақырыбында «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ы облыстық филиалының бас маманы Гүлдана Тұяқбаева, 2024 жылдан бастап зиянды жағдайларда жұмыс істейтін жұмыскерлерге жаңадан енгізілген арнаулы әлеуметтік төлемдер бойынша ҚР Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Төреахмет Жолымбетов және «Ақпараттық - құқықтық акция «Құқық пен еңбек - бір жүйе» тақырыптарында облыстық кәсіподақтар бірлестіктері Орталығының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы Майра Боранбаевалар кең көлемде ақпарат берді.
Екінші бөлімде арнайы мамандармен қабылдау ұйымдастырылып, азаматтардың өтініштері тыңдалды. Қабылдауға келушілер зейнетақы жүйесіне қатысты, «Қарызсыз қоғам» жобасының мүмкіндіктері, мүгедектігіне байланысты толық төлем қайтару, жұмыс орындарындағы қызметкерлерді аттестациялау жолдары туралы өтініштерін білдіріп, мамандардан жауап алды.
