Kyzylorda-news.kz  Жалағаш ауданы әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Мәжілісте екі негізгі мәселе қаралды. Алғашқысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан шаралар болса, екінші мәселе – есірткі қылмысының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға арналды.

«Құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі. Жастар арасында тәртіп пен заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, есірткі қылмысына қарсы пәрменді іс-шаралар жүргізу аса маңызды», – деді аудан әкімі.

Жиын барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын кеңінен насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық шараларды күшейту, кафелер мен мейрамханалар орналасқан аймақтарда рейдтер ұйымдастыру, бөтеннің мүлкін ұрлау фактілерінің алдын алу және жастар арасында есірткіге қарсы жұмыстарды жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Комиссия отырысы қорытындысымен аудан әкімі жауапты сала басшыларына, жергілікті құқық қорғау органдарына және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп, олардың орындалуын жіті бақылауды тапсырды.

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жиыннан соң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтіп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Жиында спорт саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар мен Мәдениет ауылдық округінде жүргізілген жұмыстар талқыланды. Баяндамашылар атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, өз бағыттары бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасында бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін азайту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу кезінде жемқорлыққа жол бермеудің нақты тетіктері белгіленгені атап өтілді.

Комиссия қорытындысымен аудан әкімі жауапты сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне Мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша азаматтардан түскен өтініштерге уақытылы әрі сапалы жауап беруді қамтамасыз ету, Мемлекеттік сатып алу жұмыстарына қатаң бақылау орнатып, заңнама талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізу, Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасап, оны жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Фото: Жалағаш ауданы

Тағы да оқыңыз: