Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Комиссия отырысына құқық қорғау органдарының басшылары, комиссия мүшелері, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар қаралды. Бұл мәселелер бойынша Арал ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Әлтай мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген баяндама жасады.
Көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өткен аудан басшысы жол-көлік оқиғаларының және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу – басты міндет екенін, осы бағытта профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты қатаң шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.
Сонымен қатар, аудан бойынша және қала аумағында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аймақтарды анықтап, сол аумақтарға қажетті жол белгілері мен бағдаршамдар орнату мәселесін зерделеу тапсырылды. Бұл жұмыстарды тиісті мекеме басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдері бірлесіп жүзеге асыруы қажет екені атап өтілді.
Жиын барысында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы негізгі міндеттер жан-жақты талқыланып, аталған саладағы жұмысты жандандыру жөнінде жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
