Kyzylorda-news.kz. 1985 жылдан бастап балабақша ретінде ауыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан бұл ғимаратты кезінде қараусыз қалған деп кім ойлайды?1994 жылы аудандық білім басқармасына өткен бұл нысан сатылымға шығады. Ғимараттың кейінгі егесі балабақшаны сүрудің қамына кірісіпті. Халық қалаулысы, туған жердің төл перзенті Имамзада Шағыртаевтың да араша түскен тұсы осы. «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы оны шаруашылық қаржысына сатып алып, қайткен күнде де бұған дейін елге қызмет еткен балабақша жұмысын қайта жандандыруды көздейді.
Не керек, шаруашылық төрағасы бұл мақсатына да қол жеткізіп, халқының ықыласына бөленді. Бірақ оңай болған жоқ, алдымен нысанды 2014 жылы шаруашылық меншігіне алды, сол тұста таяз ойлылар мұны өз кәсібіне жаратады деп түйді. Бірақ соңында баққаны бақа болып шықты. 2016 жылы Имамзада Шағыртаев бұл нысанның күрделі жөндеуіне 150 млн теңге қаражат бөлді. Екі жылда жүрген сапалы құрылыстың нәтижесін қазір көрген көз сүйсінеді.
90 орындық «Таң бөбегі» бөбекжайы бүгінде дәл бұрынғысынша ауыл халқына сапалы қызмет етіп жатыр. Қазір Таңда балабақша мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Бұл бөбекжайда 1 жастан 6 жасқа дейінгі 90 бала тәрбиеленуде. Аптаның бейсенбісінде мұндағы тәрбиешілердің бір күндік жұмысымен таныстық. Бөбекжай меңгерушісі Жәмила Сәдуова әлі де Имекең басқаратын шаруашылық тарапынан жан-жақты қолдау болып жатқанын жасырмайды.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, жаңа нысан жұмыс жасауға жайлы. Ешқандай мәселе жоқ. Себебі әлі күнге дейін «Таң ЛТД» ЖШС бізге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Тіпті өздерінің күзгі науқандарында біздің тәрбиешілерді, үлгерімі жақсы балаларды марапаттауды да күн тәртібінен түсірген емес. Бұл біздің жұмысымызға шабыт береді. Қазір мұнда ауылдың 90 баласы тәрбиеленуде. Таңда қазір балабақша тапшылығы мүлде жоқ. Оған осындағы жергілікті шаруашылық арқылы қол жеткіздік. Балаларға 3 мезгіл ас беріледі. Жатын бөлмелері де жарақталған, – дейді бөбекжай меңгерушісі.
Жәмила Сәдуованың сөзінде еш жалғандық жоқ. Расында солай, өйткені біз де бұл нысанның әр бөлмесін аралап шыққанбыз. Шынында барлық бөлме талапқа сай жарақталған. Балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойыншықтардың да түр-түрі бар.
Бөбекжайда «Болашақ», «Балдәурен», «Айгөлек», «Балдырған» және «Құлыншақ» атты 5 топ бар. «Ән», «Би» үйірмелері де мұндағы балалардың бос уақытын қызықты өткізуге қолғабыс болып отыр. «Таң бөбегінде» бас-аяғы 24 адам жұмыс жасайды.
– Өзім – осы ауылдың тұрғынымын. Шыны керек, бөбекжай жұмысын бастағанға дейін ауылда балабақша мәселесі болды. Балаларымыздың біз жұмыста болғанда бос уақытының тиімді өткенін қалаймыз. Өзім де баламды осы бөбекжайға беремін. Мұның бір тиімділігі балалардың ой-өрісі дамиды, ортамен тез тіл табысуға бейімделеді. Уақыт өткен сайын мұның барлығын өзімнің баламның да бойынан байқап жатырмын, – дейді ата-ана Айгүл Төлегенова.
Халық қалаулысы Имамзада Шағыртаев бұл нысанға қыруар қаржы бөлгенде не ұтты? Біріншіден, халықтың ризашылығына бөленді, екіншіден бұл ауыл балаларына үлкен сый болды. Бір жағынан қаншама ауыл тұрғыны жұмысқа орналасты. «Қуанса, бала қуансын» деп әлі де оларға жақсылық жасауды жадынан шығарған емес. Таңда болған бір күнде ауыл балаларының Балалар жылын шын сезініп жатқанын көріп қайттық.
