Бүгінде Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты суды үнемдеп, егісті әртараптандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аталған мәселеге байланысты Қазалы ауданында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров келіп, аудандағы шаруашылық жетекшілері және су бөлімшелері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.

Вице-министрі Нұрлан Жанұзақұлы жұмыс сапары барысында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов және тиісті сала басшыларымен бірге Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабы мен аудандағы күріш егумен айналысатын шаруашылық «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің егіс алқабына барды.

Аудан әкімі вице-министрге биыл Қазалы ауданы бойынша 18245 жерге ауылшаруашылығы дақылдары, оның ішінде күріш дақылын 6436 гектар жерге орналастыру жоспарланғанын айтты. Алайда Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты суды үнемдеу мақсатында күріш белгіленген жоспардан 800 гектарға кем, яғни 5636 гектарға орналастырылғанын жеткізді.

Нұрлан Жанұзақұлы алдағы уақытта Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеген жағдайда жоғары магистралды каналдардан арнайы насостар арқылы төменгі каналдарға су жіберу мақсатында тиісті жұмыстар жасалатындығын айтты. Сонымен қатар тиісті сала басшылары мен шаруашылық басшыларына мүмкіндігінше суды тиімді пайдаланып, тиісті өнімді алуға бірлесе жұмыс жасау керектігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде жалпы аудан бойынша күріш егумен 9 шаруашылық айналысады. Қазіргі таңда барлық шаруашылық бойынша егілген 5636 гектар күріш дақылының барлығы толықтай суға бастырылды.

Тағы да оқыңыз: