Kyzylorda-news.kz  ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерген мәселелері бойынша Шиелі ауданы жұртшылығымен кездесулер өткізді.

Алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесі мен зор ықыласын жеткізді. Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайдағы Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» сөзіне тоқталып, Президент айтқан «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» атты бағыттарға жан-жақты түсініктеме беріп өтті. Зиялы қауым өкілдері де елде орын алып жатқан өзгерістерге оң бағасын беріп, Мемлекет басшысының әрбір бастамасына тілекші екендіктерін жеткізді.

Келесі кезекте Мәлік Нұржанұлы Ыбырай Жақаев ауылына атбасын бұрып, атамыздың рухына құран бағыштады әрі, Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің жұмысымен танысты.

Мұнан соң, Президент кеңесшісінің сапары ауданымыздың имамдарымен кездесуге ұласты. «Арман» мәдениет үйінде өткен жиында Мәлік Нұржанұлы имамдардың Мемлекет басшысы атап өткен құндылықтарды көпшіліктің саңасына сіңірудегі рөлінің зор екендігін, бұл бағытта олардың білімдерін үнемі арттырып отыру керектігін айтты. Имамдар да өз ұсыныстарын жеткізді.

Кездесулер легі «Жастар орталығында» жалғасты мұнда жалынды жастар Мемлекеттің дамуына бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты. Әрі Мемлекет ұсынып отырған түрлі бағдарламалардың игілігін көріп отырған бірқатар жастар алғыстарын жеткізді.

ҚР Президенті кеңесшісінің жұмыс сапары Бәйгеқұм ауылында қорытындыланды. Мұнда Мәлік Нұржанұлы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жұмысымен танысып, жазғы демалыс маусымында тәлім алып жатқан бүлдішіндердің өнерін тамашалады. 

Тағы да оқыңыз: