Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті.
Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдар ресурстық орталығы және «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Шәріпбаев Дәурен Сақтапбергенұлының Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылып, азаматтық қоғам мүшелерінің бірқатар өзекті сауалдарына жауаптар берілді.
Еркін ой-пікір форматында өткен бүгінгі кездесуде Дәурен Сақтапбергенұлы өзінің қызмет барысымен таныстырып, «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Конституциялық заңның негізгі ережелері мен өзінің функционалдық міндеттерін айтып өтті.
Кездесу барысында «Тұрақты даму агенттігі» қоғамдық қорының төрайымы Майра Боранбаева, «Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Теңізбаев сала басшысына өзін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Дәурен Сақтапбергенұлы өз кезегінде, қызмет барысында кездескен заң бұзушылықтар, олардың салдарымен күрес мәселелерін көтеріп, ҮЕҰ өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.