Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Талап ауылдық округінде «Қосекен» жеке балабақшасы жаңа ғимаратқа көшіп, ашылу салтанаты өтті.
Ауылдағы ағайынның қуаныш тойына аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов қатысты. Мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік балабақшалар жұмысы атқаруда. 100 орынға шақталған «Қосекен» жеке балабақшасында да барлық жағдай қарастырылған. Таңертеңгі сегізден кешкі сегізге дейін қызмет атқарады.
«Торқалы тоқсан бес жылдық мерейтой қарсаңында кезекті балабақшаның ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Облыс басшылығының ықпалымен, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуымен жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты көбейту арқылы көптеген жеке балабақшаларды ашуға мүмкіндік берді. Бүгінде жүзден аса жаңа орындар ашылды, мыңнан аса тәрбиеші қауымға жұмыс көзі ашылды. Балабақшалардың басты миссиясы – бала тәрбиесінде бірінші базалық білім мен патриоттық тәрбие беру. Заман талабына сай жабдықталған «Қосекен» балабақшасына келетін бүлдіршіндеріміз ертең ауылды, ауданды, облысымызды, тіпті тұтас елімізді әлемге танытатын болады. Ал, олардың үлкен өмірге бірінші қадамын осы бақшада бастағаны үнемі жадында жүретін болады», – дейді Жаңақорған ауданының әкімі.