Kyzylorda-news.kz. Еңбек жолын 15-16 жасында атақты Шиелі каналын қазудан бастаған Шопанбек Нұрбайұлы 1941 жылы 17-ге толар-толмаста майданға аттанып, зұлым жаудың сазайын Сталинград майданында берді. Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстың барысында түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.

Тарихқа жүгінсек, Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті, сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22-фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6-шы неміс армиясы тізе бүкті. 

1943 жылы 2-ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. «...Сталинградқа жорық қайғылы қателік болды. Енді ешқашан  соғыс өрті неміс жерінен тұтанбауы тиіс. Бұл менің жасаған жауыздығым үшін кеңес халқы алдында тәубеге келгенім болсын... Мен Ресейге оған дұшпан болып келген едім, досы болып қалдырып барамын» деп жазыпты өзінің естелігінде фельдмаршал Фридрих Паулюс. 

Атақты фельдмаршалды тәубасына келтірген осы қанды шайқасқа Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы  Еңбекші ауылының өрені  Шопанбек Нұрбайұлы да қатысқан еді. Қайсар  жауынгер  ерен ерлігі нәтижесінде ««Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені   мен «Сталинградты азат еткені үшін»  медалін төсіне тақты.

1943 жылы жараланып елге оралды. Механизаторлық курсты бітіріп, шаруашылықта  алғашқы болып тракторға отырды. Күзгі науқан аяқталып, техникаларда қысқы орынға жинап жүргенде молотелканың сүйрейтін тетігі шығып кетіп,  трактормен екі ортаға қысылып қалады. Ауруханаға жатып емделіп шығады, бірақ  мамандығына қайта  оралуға жарамай, мүгедек   болып қалады. Дегенмен намысшыл, еңбекшіп жан с оғыста контузия, еңбекте мүгедектік  алғанына қарамастан  еңбектен бой тасаламай, шаруашылықтың барлық жұмысына белсене араласты. Өндіріс бригадасының есепшісі, мал азығын дайындайтын бригаданың бригадирі, тағы да басқа, мал, ауыл шаруашылық жұмыстарын құлшына атқарды. Оның бір ерекше қасиеті қайда жүрсе де ойында өлең өріліп, қойын дәптеріне төгіліп жүрді. 

...Жалғыз ұлын қан майданға аттандырып, өзі өмірден өткенше соның жолын тосып, хабарын күткен, не өлі, не тірі екенін біле алмай іш құсамен бақилық болған еңбекшілік Тәжімбет атаның туғанына  да 140 жыл толып отыр. Шопанбек ағаның туған қайын атасы. Тарихта өзіндік орыны бар адам. Өткен  ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары түйемен кіре тартып жүргенде Қызыл құмның асу бермес қия шыңдарына қиғаштап жол салған азамат. «Тәжімбет асуын»  жерлестері әлі ұмытқан жоқ.

Бірінің туғанына ғасыр толып, екіншісінің өмірге келгеніне 140 жылдың жүзі болған қос тарланның тойын жерлестері асыға күтуде...

Тағы да оқыңыз: