Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдау тобы Жалағаш ауданына қарасты Ақсу және Сырдариядағы С.Сейфуллин ауылының тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Қабылдаулар барысында ауыл тұрғындары жеке мүдде үшін емес, халықтың ортақ қажетті деген мәселелерді көтерді.
Ақсулық азаматтар жаңадан клуб салу, елді-мекенге газ құбырын тарту, ауылдың ішкі көшелерін жөндеу, мемлекеттік балабақша, тұрғын үй құрылысын салуға жер учаскелері, балаларға арналған ойын алаңы және кәсіпкерлік мақсатта несие алу туралы мәселелерді алға тартса, Сейфуллин ауылының тұрғындары жер мәселесі, елді-мекенді газдандыру жобасының 2024 жылға қаржысын бөлдіру, жұмыспен қамту мәселелері және №137 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу бойынша жүгінді.
Ақсу ауылының тұрғыны Оңғар Аппазов ауылдағы жалғыз клубтың ескіріп тұрғанын айтып, заманауи нысан қажет екенін айта келіпті.
Тұрғынның өтініші бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Елді-мекендерде өткен қабылдаулар барысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов ауыл тұрғындарына партияның «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ мобилді топтың өкілдері ауыл тұрғындарының әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ өзекті мәселелерінің заң аясында шешілуі бойынша жұмыстар атқаратындарын жеткізіп, бағыт-бағдар мен кеңестер берілді.
Қабылдауға арнайы келген шалғай елді-мекеннің тұрғындары ауыл ішіндегі қордаланған мәселелерді назарға ұсынып, шешілу жолын қарастыруды партияға сеніп тапсыратындарын айтты. Олардың айтуынша, бұған дейін де мәселелер болған, бірақ олар кезең-кезеңімен шешіліп келген. Мобильді қоғамдық қабылдаудың келуі олардың қызығушылығын тудырды. Айта кетейік әрбір тұрғынның көтерген мәселесі тыңдалған күннен оңтайлы шешілуіне дейін партия филиалының назарында болады.
