Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенттері Досымжан Бақытұлы мен Еркебұлан Сансызбай «Ecothon–2026» халықаралық экологиялық форум-хакатонында І орын иеленді.
Университет студенттері Қызылорда облысының атынан «Сырдың соңғы тамшысы: Аралды қайта толтыру» жобасын таныстырды. Жоба Сырдария суын тиімді пайдалану, Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту және өңірдің табиғи ресурстарын сақтауға бағытталған.
Халықаралық шараға Қазақстанның қалаларынан, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Бангладеш, Йемен, Ауғанстан және Пәкістан елдерінен барлығы 18 команда қатысты. Қатысушылар өзекті экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалары мен тың идеяларын ұсынды.
Форумның мақсаты – экологиялық волонтерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық бастамаларды қолдау. Сонымен қатар іс-шара халықаралық тәжірибе алмасуға, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Форум аясында «Су», «Жер», «Ауа» және «Жарық» бағыттары бойынша пікірталас алаңдары, сараптамалық сессиялар мен тәжірибе алмасу кездесулері өтті. Сондай-ақ экологиялық бастамаларды әзірлеуге бағытталған хакатон ұйымдастырылып, үздік жобалар анықталды.
