Kyzylorda-news.kz  Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 848 оқытушы-профессоры мен қызметкері және 135 студенті қаржылай көмек көрсетті. Жиналған қаражат Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына және «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорына аударылды.

Мұнан бөлек, бас оқу ғимаратында қабылдау пунктін ашып, қиындыққа тап болған халыққа оқу орны атынан азық-түліктер, киім-кешектер және тұрмысқа қажетті заттар жиналды.

Облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы қабылдау пунктіне жеткізілген көмектің бірінші легі Ақтөбе облысына жолданды. Университет жалпы салмағы 1 тонна 161 келі заттай көмек көрсетті.

«Университетте қабылдау пунктін ашудағы басты мақсатымыз – қиындықта қалған отбасыларға демеу болу. Бұл игі шараны ұжымдастар мен студенттер белсенді түрде қолдады. Жиналған заттарды көлікке тиеп, облыстың негізгі қабылдау пунктіне жеткізіп жатырмыз. Отандастардың басына түскен ауыртпалыққа бей-жай қарамай, қиындықты бірге еңсереміз!» - деді әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай.

 Университет өкілі табиғи апат салдарын жеңуге қолдау білдіру әлі де жалғасатын болатынын атап өтті.

Айта кету керек, 28 сәуірдегі ақпарат бойынша республикада 37 324 адам өз үйіне оралды. Zakon.kz хабарлауынша 6 817 адам эвакуациялау пункттерінде. 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан су бұрылып, сорылды. Су тасқыны бастағалы бері 12,6 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды. Су тасқыны басталғалы бері 12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. 

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: